• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2015

Аға ұрпаққа бас иеді Қоянқұс

820 рет
көрсетілді

Ауылымыз көп жылдық тарихы бар көне ауылдардың бірінен саналады. Осы құтты да киелі мекенде көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Сонау сұрапыл соғыс жылдарында бір үзім нанды бөліп жеп, бір-біріне демеу болған қоянқұстықтар бүгінде өздерінің бірлігін көрсетіп, батыр аталарының аруағына арнап үлкен игілікті шара өткізді. Жеңістің 70 жылдығына орай ауыл жұртшылығы соғыста құрбан болған ата-бабаларының аруағына арнап ескерткіш тақта орнатып, жауынгерлердің ұрпақтары қайырымдылық ас берді. Бұл қуа­нышты ауданымыздың әкімі Қ.Медеуов ауылдастарымызбен бірге бөлісті. Ескерткішке осы ауылдан соғысқа аттанған азаматтардың есімдері ойып жазылған. Олардың қөшін бастап, ауданымыздың құрметті азаматы 95 жастағы ардагер Жұмағали Әлібаев тұр. Бұл тарихи мұраның осы ауылдың білім ошағы №1 орта мектебінің ауласында орналасуы да өскелең ұрпаққа үлкен патриоттық тәлім-тәрбие беріп тұр. Жас ұрпақ оларға бас иіп, есімдерін ешқашан ұмытпайды. Батырлар мемориалы, әрине, көпшіліктің қолдауымен орнатылды. Бұл орайда, ең алдымен ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы Жұматай Ноғайбаевтың басқаруымен С.Батырова мен А.Қасенов сияқты азаматтар орасан зор үлес қосты. Ал өзінің он жылдық тарихы бар білім мекемесі – №1 орта мектеп ұжымының еңбегі тіпті ерекше болды. Жиналған ауыл жұртшылығы осы ұжымға жас ұрпақ алдында берген тәрбиелері үшін алғыс айтты. – Жастарымыз осы ауылдан шық­қан батырларымызды ұмытпайды.Олардың ерліктерін ұрпақтан ұрпаққа жастар өздері айтып жүреді.Сондықтан да мемориал тақтаны осы мектебіміздің ауласына орнаттық, – дейді мектеп директоры Г.Көлбаева. Бүгінгі күні батырлардың жарқын бейнесі жанында жас ұрпақтар гүл шоқтарын қойып, тағзым етуде. Бекзат САДЫҚОВА, №1 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Алматы облысы, Іле ауданы, Қоянқұс ауылы.