• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Туризм 15 Қараша, 2024

«Табиғаттың тыныстауына мүмкіндік беру қажет»

433 рет
көрсетілді

Бурабай – еліміздегі ең танымал туристік өлкелердің бірі. Жыл сайын республиканың әр түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден келетін туристердің жалпы саны 1 миллионға жуық­тайды. География және су қауіп­сіздігі институты «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында кешенді зерттеу жүргізіп, жергілікті табиғаттың жай-күйіне жүйелі түрде мониторинг жасап отырады. Біз осы мекеменің аға ғылыми қызмет­кері, PhD Роза Темірбаеваға хабарласып, бірқа­тар сауал қойған едік.

– Роза ханым, жалпы Бурабайда қандай зерттеулер жүргізілді? Өңір экологиясына қатысты қандай мәсе­лелер бар?

– 2018–2020 жылдары, сондай-ақ би­ылғы жылы «Бурабай» ұлттық пар­кінде экожүйесін кешенді бағалау, оның ішінде рекреация мен туризмнің әсерін зерделеу бойынша ғылыми зерттеулер жүргіздік. Экологиялық мүмкіндіктерін, табиғи-ресурстық әлеуетін, экологиялық, демографиялық жағдайды бағалау арқылы өзін-өзі реттеу қабілеті қарас­тырылды. Соның нәтижесінде, рекреация мен туризмнің әсер ету қаупін азайтуға қатысты ғылыми негізделген ұсыныстар жасалды.

Биыл мониторингтік зерттеу арқылы Ұлттық парктің экологиялық жүйесіне орасан зор салмақ түсіп жатқанына көз жеткіздік. Айталық, Бөлектау тауына, Абылай хан алаңына, Иманай бұлағына туристердің көптігінен түсетін рекреациялық жүктеме гектарына шаққанда тиісті межеден 9 есе жоғары. Яғни жергілікті экожүйе одан әрі бү­лінбеуі үшін нақты шара қабылдау қажет.

– Рекреациялық жүктеменің шектен тыс көптігі экожүйеге қаншалықты теріс әсер етеді? Сіздіңше, туристер ағынын шектеу қажет пе?

– Алдымен рекреанттардың, адам­дардың табиғатқа әсері жөнінде айтайын. Адам аяғы көп болса, таулардың, шоқылардың беткейіндегі табиғи то­пырағы тапталып, беткі қабаты аршы­лып, жалаңаштанады. Ондай жерлер желге төтеп бере алмай, эрозияға ұшы­райды, жаңбырға шайылып кетеді. Топырағына зиян келген соң, тау бет­кейлеріндегі ағаштардың тамыры ашылып қалады. Қарапайым тілмен айтқанда, адамдардың тым көптігі, аяусыз таптауы тау-тастың табиғатына үлкен зиян келтіріп жатыр.

Қазір туристер арасында танымал географиялық нысандарға қауіп төніп тұр. Табиғатты қорғау, экологиялық, әлеуметтік мүдделер арасында теңгерім сақтау керек.

– Адамдар шектен тыс көп екенін түсіндік. Ал автокөліктер Бурабайдың экожүйесіне қалай әсер етіп жатыр?

– Зерттеу бойынша, орта есеппен бір көлік жыл сайын атмосферадан 4 тоннадан астам оттегін сіңіреді. Шамамен 800 кило көміртегі тотығын, 40 кило азот оксидін, 200 килоға жуық әртүрлі көмірсутектерді шығарады. «Бурабай» ұлттық паркіне биыл 10 айда бақылау-өткізу бекеті ар­қылы 210 мыңнан астам көлік келді. Бұл күн сайын 700-ге жуық автокөлік кіреді деген сөз.

Ал Ұлттық парк аумағында 250 көлікке ғана арналған автотұрақ бар, демек қалған 450 көлік рұқсат етілмеген жерге тоқтайды. Сөйтіп күн сайын 450 көліктің дөңгелегі топырақты таптайды, беткі қабатын қопарады. Яғни көліктер Бурабайдың экожүйесіне орасан зор теріс әсерін тигізіп жатыр.

– Шетелдердегі ұлттық парктердің тәжірибесін зерттеп көрдіңіздер ме?

– Мұндай мәселелер әр елде әртүрлі жолмен шешіледі. Айталық, АҚШ-тағы Йеллоустоун ұлттық паркінде нақты аймақтарға бару үшін квота енгізілген. Перудегі Мачу-Пикчуге баратындар да билетке алдын-ала брон жасап, содан кейін ғана тиісті уақытында барады. Галапагос аралдарының кей жерлері нақты бір мерзімге уақытша жабылып, сол уақытта экожүйенің қалпына келуіне жағдай жасайды.

Бурабайға да осындай шектеулер енгізіп, табиғаттың тыныстап алуына мүмкіндік беру қажет. Мысалы, кейбір туристер көп бармайтын маршруттарда қозғалысты уақытша тоқтатып қоюға болады.

 – Қалай ойлайсыз, жаз кезінде, туристер көбейген уақытта Ұлттық паркке кіретін автокөліктерге тариф­тің өскені мен экожүйені сақтаудың арасында байланыс бар ма?

– Иә, тарифтің өскені тиімді шешім. Экономикалық шешімдер көлік тасқынын азайтуға әсер етеді. Оған қоса қаржыны инфрақұрылымды дамытуға, табиғат қорғау шараларын қолдауға жұмсауға болады.

АҚШ, Норвегия, басқа де шет мем­лекеттердің тәжірибесіне қарасаңыз, олар Ұлттық парктерге автокөліктерді кір­гізбейді. Туристерді арнайы көлікпен кір­гізуді жолға қойған. Бұл ауаны көлік түтінімен ластамауға, экожүйені бүлдір­меуге жақсы.

– Жалпы, туристердің экологиялық мәдениеті қандай деңгейде? Бурабайға келушілерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Экологиялық мәдениетті сақта­масақ, табиғатты сақтай алмаймыз. Адамдар соны терең түсінуі керек. Ол үшін ерекше қорғалатын аумақтағы тиісті ережені қатаң сақтағаны жөн. Бұл ереже бәріне ортақ.

Туристерді тәрбиелеу керек. Мәсе­лен, Аустралияда адамдарға туризм мәде­ниетін үйрететін бағдарламалар мен экотурлар бар. Жапонияда Ұлттық парк ережелерін түсіндіретін жарнамалық науқандар, волонтерлік жобалар бар.

– Бурабайдың табиғатын зерттеп жүрген ғалым ретінде жан-жануарлар мен өсімдік әлемін сақтау үшін нақты қандай шаралар ұсынасыз?

– Біріншіден, туристік нысандардың рекреациялық өлшемін сақтау қажет. Адамдардың шектен тыс көптігі та­биғаттың өкпесін қысып тастайды. Жұмбақтастың айналасын қоршау керек. Адамдардың мініп-түсіп жүргені дұрыс емес. Топырақ пен өсімдік қабатын адам аяғы таптап, бүлдірмеуі үшін туристік соқпақтарға ағаш жол төсеу керек. Туристік нысандарды дәретханалармен, қоқыс жәшіктерімен қамтамасыз ету қажет.

Жаңадан ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Шетелдердің тәжірибесінен көріп отырғанымыздай, келушілердің санын шектеу, экологиялық инфра­құрылымды дамыту, табиғат қорғау ша­­ралары Ұлттық парктерді сақтауға, туризмді дамытуға ықпал етеді. Таби­ғат­ты сақтай отырып, экологиялық туризм­ді дамытамыз десек, солардан үлгі алу қажет.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Абзал МАҚАШ,

«Еgemen Qazaqstan»