Әлем көз тіккен АҚШ-тағы президент сайлауы да аяқталып, алдағы төртжылдықтың саяси сахнасына миллиардер Дональд Трамп қайта келді. Ұзақ жыл бизнесте жүріп, саясатқа тым кеш келген Трамп осылайша екінші мәрте ел тізгінін қолға алғалы отыр. Президентті ұлықтау рәсімі дәстүр бойынша келер жылдың 20 қаңтарында өтеді. Ал оған дейін қарап отыратын Трамп жоқ сыңайлы. Қазірдің өзінде-ақ Украина-Ресей соғысына, мемлекеттік шекараға, Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалға қатысты батыл мәлімдемелер жасап, тіпті кадрлық тағайындауларды да бастап кетті.
Дауыс беру үдерісі аяқталғанымен ресми қорытындысы шықпай-ақ Дональд Трампты әлемнің көптеген елінің көшбасшылары мен халықаралық ұйым басшылары жеңісімен құттықтай бастады. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қарашада құттықтап, жеделхат жолдады. Президент құттықтау жеделхатында қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау, инвестиция салаларындағы екіжақты ынтымақтастық дәйекті түрде дами беретініне сенім білдірді.
Әлем көшбасшылары Трампты жеңісімен құттықтап жатқанда-ақ ол алғашқы президенттік күнін неден бастайтынын мәлімдеп үлгерді. АҚШ-тың біраз уақыттан бергі бітеу жарасына айналған мигранттар мәселесі Ақүйді әбден мезі қылса керек. Бір жағынан АҚШ түрлі бағдарламалар мен жобалар, гранттар арқылы әлем жұртшылығын өзіне шақырып, қызықтыруын қоймайды, бір жағынан елдегі жұмыссыздық мәселесін ушықтырып келе жатқан заңсыз көші-қонмен де алысып әлек. Трамп таққа отырған күні көші-қонға қатысты заңнаманы күшейтіп, елдің шекара қызметіне реформа жасауды көздеп отыр. Әсіресе, ә дегеннен бұл бағыттағы жұмысты оңтүстіктен ағылатын мигранттарды жаппай депортациялайтынын жеткізді. Яғни кезінде бір көтеріліп, бір басылған Мексикамен арадағы шекара дауы да Трамп командасының күн тәртібіндегі басты мәселелерінің бірі болмақ.
«Мен алғашқы күннен бастап диктатор болуға асығып отырған жоқпын. Дегенмен дәл сол күні мені Ақүйде біраз жұмыс күтіп тұр. Мен АҚШ-тың оңтүстік шекарасын жапқым келеді», деген Трамптың оқыс мәлімдемесі ең алдымен Латын Америкасы елдері халқына соққы болып тиетіні рас. Себебі дәл қазір АҚШ-қа әлем мигранттарының басым бөлігі Мексика арқылы заңсыз өтіп жатыр.
Трамптың бұл қадамы оңтүстіктегі шекарамен алғаш рет алысуы емес. 2018 жылы ол президент болып тұрған тұста Мексикамен шекарадағы жағдай тіпті ушығып кеткен еді. Әрине, бұл жерде Мексиканы ғана кінәлау әділетсіз болар. Себебі мексикалықтар ғана емес, сонымен қатар Мексикадан төмен жатқан Гватемала, Гондурас, Сальвадор, Никарагуа сынды елдердің кедейшіліктен әбден қажып, армандар орындалатын АҚШ-ты мәңгілік мекен етпек болған босқындар да бұл шекара аймағын төте жолға айналдырғалы қашан.
Тіпті Пентагон бұл қызған нүктеге 5 мыңға тарта сарбазы бар әскер жіберуге дейін оқталып, Ақүйден рұқсат алған-ды. Онысымен қоймай Трамп келер жылдың көктемінде Конгресті Мексика шекарасын биік дуалмен тасқамал етіп қоршап тастауға қаржы бөлуге көндіре алмай біраз терледі. Бұл шекара мәселесіне тектен-тек тоқталып отырғанымыз жоқ.
Дәл осы күрделі ахуал, яғни шекараны тірі жан кесіп өте алмайтындай етіп дуалмен қоршауға ақша сұрауы Трамптың өзіне қарсы жұмыс істеп, кейін басы дауға қалды. 2019 жылдың ақпан айында Мексикамен арадағы шекара шиеленісіне байланысты төтенше жағдай жариялады. Бұл жарлық бюджеттен алып дуал тұрғызуға қаржы бөлуге мүмкіндік берді. Десе де бұл мәселеде конгресмендер Ақүйден Трамптың шешімін нақты дәлелдеп беретін тыңдау өткізуін талап етті. Кейін АҚШ-тың 16 штатының өкілдері президент Трампты және Ақүйдің жоғарғы лауазымды тұлғаларын бірлескен түрде сотқа берді. Сондағы сотқа беруші тараптың басты уәжі – Трамп және оның командасы осы жағдайдың бәрін өздері қолдан жасап отыр. Осылайша, Президент Трамп пен Конгресс арасындағы 2019 жылдың бюджетіне қатысты келіспеушілік АҚШ тарихындағы ең ұзақ шатдаунға ұласты. Соның салдарынан Трамп шекараны шегендеуге сұраған 5,7 млрд долларға қол жеткізе алмады. Сенат пен Конгрестің өкілдер палатасы шекараны нығайту үшін бар болғаны 1,5 млрд доллар ғана бөлуге келісті. Сөйтіп, АҚШ президенті Мексика шекарасын жабу туралы ойынан бас тартты. Ақүй мұндай шешімді егер Мексика шекарасы жабылатын болса, онда бұл қадамның АҚШ-тың экономикасына айтарлық шығын келтіретінімен түсіндіруге тырысты. Десе де Трамп Мексика үкіметі ағылып жатқан мигранттар мен есірткі тасымалы мәселесін шешпесе, көрші елден келетін автокөліктерге баж салығын көбейтетінін айтып, айбат шекті.
Қысқасы, шекараны жабу өткен жолғы президенттік кезеңінде орындай алмай қалған аса маңызды жоспарларының бірі болғандықтан ба, Дональд Трамп 20 қаңтарды неліктен асыға күтіп отырғанын осылай топшылауға болады. Құдды бір Конгресте кеткен кегі бар секілді ой қалдырады.
Сондай-ақ ресми Вашигтонға жақын жүретін сенімді ақпарат көздері Трамптың тізімінде шекара ісінен бөлек, қазіргі президент Джо Байден әкімшілігінің білім саласындағы шешімдерін жою, Трамптың ойынша оған қарсы жұмыс істеуі мүмкін делінген мыңдаған федералдық қызметкерлерді де қызметінен кетіру жоспары барын айтып қалды.
Одан бөлек, 2021 жылы Байденмен бақ сынасқан президенттік бәсекеде жеңіліп қалғаннан кейін Трамп Капитолий алдында үлкен бүлік ұйымдастырып, ел билігін төңкеріп жібере жаздағаны әлі есте. 6 қаңтарда Капитолийді басып кірген бүлікшілердің біразы кейін істі болып, темір торға тоғытылған. Трамптың сол жақтастарын түрмеден босатып, рақымшылық беруі мүмкін екені де аз айтылып жатқан жоқ. Бұған Трамп штабының баспасөз хатшысы Кэролайн Левиттің мәлімдемесі дәлел бола алады. Ол Трамптың алғашқы президенттік аптасында президент Байден мен мемлекеттік хатшы Камала Харрис қол қойған барлық жарлықтың күшін жоятынын жеткізді.
Сайлауда жеңіске жеткеннен кейін көп ұзамай-ақ Дональд Трамп Палестина ұлттық әкімшілігінің басшысы Махмуд Аббаспен телефон арқылы сөйлесіп, Газа секторындағы әскери қақтығыстарды тоқтатуға барынша тырысатынын айтты. Бұл екі көшбасшы соңғы рет 2017 жылы сөйлескен еді.
Сайлаушыларымен кездескен сайын «Мен берген уәдемнің бәрін орындаймын» деп жиі айтатын Трамп өткен жылдың шілдесінде Аббастан келген хатты жариялағаны есте. Онда Палестина басшысы Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты алаңдаушылығын білдірген.
Енді, міне, билік тізгіні қолына жеткеннен кейін АҚШ-тың 47-президенті болғалы отырған Трамп Палестина жетекшісіне Таяу Шығыс қақтығысын реттеп, Израильдің аптығын басуға уәде берген көрінеді.
Дональд Трамптың тағы бір елді елең еткізген әрекеттерінің бірі – атақты миллиардер Илон Маскпен өте жақын қарым-қатынас орнатуы. Маск сайлауалды кампания басталған сәттен Трамптың нағыз жақтаушысы екенін аңғартып, үгіт-насихат шараларына миллиондаған доллар қаржысын төкті. Оның саяси мәлімдемелерін әлеуметтік желі арқылы үнемі қолдап отырды. Өз кезегінде Трамп оған егер президент болып жатса, маңызды қызметтің портфелін ұстататынын уәде еткен. Сол уәдесінде тұрып, жақында Маск үшін арнайы жаңа ведомство ашты.
Миллиардер Маск пен кәсіпкер Вивек Рамасвами бұдан былай жаңадан құрылған мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру министрлігін басқармақ. Осы шешімін түсіндірген Д.Трамп «Қос бизнесмен менің әкімшілігіме бюрократияны артық реттеулерді, мақсатты емес шығындарды азайтуға және федералды агенттіктерді қайта құруға жол ашады», деді.
Қалай десек те, қалай болжасақ та Дональд Трамптың қазіргі қарқыны АҚШ-қа алдағы уақытта елеулі өзгеріс әкелетіндей көрінеді. Ең бастысы алып державаның әлем алдындағы абыройын түсіріп алмауға тырысатыны белгілі.
Жалпы, биылғы АҚШ-тағы сайлау америкалықтар үшін ғана емес, бүкіл әлем елдері, соның ішінде Қазақстан үшін де маңызды оқиға болды. Беделді сарапшылар Америка Құрама Штаттарының саяси көкжиегіндегі өзгерістер жаһандық қауымдастық үшін қиындықтар мен мүмкіндіктерді қалыптастыру арқылы әлемдік саясатқа үлкен әсер етуі мүмкін екенін алға тартып отыр. Ал жаһандық құбылмалы геосаяси жағдай контексінде өткен АҚШ-тағы сайлаудың Қазақстанның сыртқы саясатының Батыс векторына әсері, халықаралық әріптестікті нығайту және Қазақстанның ұлттық мүдделерін ілгерілетуге ықпал ететін Батыс елдерімен одан әрі ынтымақтастығы қалай өрбитіні қаңтардың 20-сынан кейін белгілі бола бастайды. Дегенмен кейбір елдердің Америкамен қатынасына әсер етуі мүмкін АҚШ-тағы негізгі саяси үрдістер Қазақстан үшін аса қауіпті емес. Өйткені екі ел арасында инвестиция, сауда-экономикалық, қауіпсіздік салаларында берік байланыстыратын стратегиялық әріптестік орнаған.