• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Еңбек 15 Қараша, 2024

Болаттай берік болмыс

94 рет
көрсетілді

Қостанайдағы «АгромашХолдинг kz» зауыты металлургия цехының бастығы Светлана Черепанова 32 жылдан бері металл өңдеу саласында еңбек етіп келеді. Тәжірибелі маман жетекшілік ететін цех шоқ көсеп, болат балқытып, ауыл шаруашылығы техникаларына қажет сан алуан бөлшектерді құйып шығарады.

Светлананың ата-анасы да кезінде Рудныйдағы кен-байыту комбинатында болат құюшы болып жұмыс істеген. «Менің металлург мамандығын таңдауыма сол кісілер ықпал етті», дейді цех бастығы.

1987 жылы Магнитогорск тау-кен металлургия институ­тын ойдағыдай тәмамдап, Руд­ныйға оралған бойжеткен бірден металл құю өндірісіне араласады. Әуелі бес жылдай жергілікті тау-кен байыту өндірістік бірлестігінде инженер болып жұмыс істейді. Ал 1992 жылы Қостанайдағы бұрынғы дизель зауыты, қазіргі «АгромашХолдинг KZ» зауытына ауысады.

«Қара жұмыстан ешқашан қорыққан емеспін. Институтта сапалы білім алып, жан-жақты тәжірибеден өттік. Ұстазда­ры­мыз алдымызда күтіп тұрған қиын­дықтарды жеңе білуге, табан­ды болуға үйретті. Әкем де, анам да өндіріске келген адам төзімді, қайратты, ақылды болуы керек, мұнда ештеңе оңайлықпен жасалмайды дегенді үнемі қайталап, құлағыма сіңіріп отыратын. Отыз жылдан асты, ер-азаматтармен үзеңгілесе еңбек етіп келемін. Біз көбіне ыстық температурада жұмыс істейміз, ауыр нәрсені көп көтереміз. Сондықтан, ең бастысы, мұнда денсаулығың мықты болуы керек. Осының бәріне өз басым төселіп алдым», дейді Светлана Анатольевна.

Бүгінде Светлана басқаратын металлургия цехында 8 адам жұмыс істейді, өзінен басқа жұ­мыс­шылардың бәрі – ер адамдар.

«Олардың бәрі – осы цехта көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өте тәжірибелі мамандар. Өз міндеттерін айт­қызбай атқарады. Жұмыс барысында мені үнемі қолдап отырады, көмектерін аямайды. Негізі жастардан гөрі, осындай тәжірибесі мол ересек адамдармен бірге жұмыс істеген жақсы. Жалпы, біздің ұжымда өте тәртіпті, айтқаныңды екі етпей орындайтын, жауапкершілігі жоғары білікті мамандар жұмыс істейді», дейді цех басшысы.

Светлана Анатольевна сөз арасында өндірісте білікті кадр­лардың жетіспей жатқа­нын да аңғартып қалды. Айтуын­ша, бү­гін­де тәжірибелі жұмыс­шының орнын басатын жас маман табу оңай емес. Есесіне, өндіріске жан қалауымен келіп, осы зауытқа біржола орны­ғып қалып жатқан жастар да бар­шылық.

Күнделікті жұмыс барысында таңнан кешке дейін болат балқытып, одан трактор, ком­байнға орнататын түрлі тех­ника бөлшектерін құйып шығаратын құрыш мінез, қайсар жанның бойынан қашанда әйел адамға тән нәзіктік пен анаға тән мейірім шуағы есіп тұрады.

Светлана Черепанованың өндіріс саласындағы көп жыл­ғы еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, таяуда цех басшысы Астана төрінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз қолынан «Еңбек даңқы» орденін алды.

«Мемлекет басшысы осыдан шамамен екі ай бұрын Қостанай облысына жұмыс сапарымен келгенде біздің зауытқа да ат басын бұрған. Сол кезде бірінші рет жүзбе-жүз кездестім. Ал ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президенттің өз қолынан орден алдым. Бұл – біріншіден, екінің біріне бұйыра бермейтін үлкен бақыт. Екіншіден, елімізде өз ісіне берік, жұмысына адал адамның еңбегі ешқашан елеусіз қалмайды, осы­ған көзім жетті. Өзім металлургтер әулетінде туып-өстім. Біздің әулеттің металлургия саласындағы жалпы өтілін есептеп көрсем, 126 жыл болады екен. Ата-анам өмір бойы осы салада еңбек етті. Қазір үлкен ұлым өзіммен бірге жұмыс істеп жүр. Өмірімнің 42 жылы өндірісте өтті. Бір қарағанда, металлург болу ер адамдардың ғана еншісіне жазылған сияқты, бірақ біздің зауытта бұл маңызды емес, әйел адам да, ер адам да бір жұмысты атқарады. Мысалы, біз цехта Цельсий бағанасы бо­йынша 1340 градус ыстықпен жұмыс істейміз. Тракторлар мен комбайндарға, дән сепкіштер мен дестелегіштерге арналған түрлі металл бөлшектерді құя­мыз. Атап айтқанда, әртүрлі ауыл шаруашылығы техникалары доңғалақтарына арналған күпшектер, жетекші тегершік – шкивтер, корпустар, кронштейндер құйып шығарамыз. Ол бөлшектер кейін тағы бірне­ше механикалық өңдеуден өтеді», дейді цех басшысы.

 

Қостанай облысы