Жақында Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрында Қорғалжын өңірінің ардақты азаматы, кеңес-партия қызметінің ардагері, артында шығармашылық мол мұра қалдырған Ермек Біжкеновті еске алу және оның «Арман асуында», «Жан тынысы» атты кітаптарының тұсаукесері болып өтті.
Кешті Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Диқан Қамзабекұлы модератор ретінде жүргізіп отырды. «Қазақ даласы сөз қадірін білетін азаматтардан кенде болған емес. Тіпті, таңдаған мамандығы тіл-әдебиеттен бөлек азаматтар да көркемсөз өнеріне хал-қадерінше атсалысты. Кеңес-партия қызметінде болған талай қайраткерлердің халқымыздың рухани мұрасын толықтырғаны да оқырман қауымға белгілі. Осы орайда, Ақмола және Қорғалжын өңіріне белгілі азамат, осы аймақтағы талай шаруашылықты ұйымдастырып, білім және ағарту саласын дамытқан қайраткер, хал-қадерінше әдебиет пен өнерге атсалысқан қаламгер һәм аудармашы Ермек Балтабайұлы Біжкеновтің туғанына 80 жыл толған және оның қаламынан шыққан туындыларының оқырман қауымға жол тартқан тұсаукесер кешіне жиналып отырмыз», деді ол өзінің кіріспе сөзінде.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қара шаңырағында білім нәрімен сусындаған Ермек Балтабайұлы қалада қалып, қаламгерлердің дүбірлі тобының бел ортасында жүрмесе де ел арасында тұрып шығармашылықпен айналысты. Артында қалған «Күйеу балаға құрылған тор», «Өмір өткелінде», «Арман асуында» атты туындыларымен В.Дроздан аударған «Сластионның бас киімі» повесі кәсіби жазушы емес, әдебиеттің киесін түсінген азаматтың қаламынан туған құнды дүниелер», деді тұсаукесер кешінде Ермек Біжкеновтің өмірі мен шығармашылық еңбегі хақында баяндама жасаған Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов.
Иә, білікті де білімді Ермек Біжкенов өзінің бүкіл саналы ғұмырын Қорғалжын өңірінің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсартуға, оқу-ағарту саласын дамытуға арнады. Ол 1956 жылы ҚазМУ-ды үздік бітіріп, арнайы жолдамамен Қорғалжын аудандық оқу бөлімінде мектеп инспекторы болып еңбек жолын бастайды. Міне, осыдан бастап өмірінің соңына дейін осы өңірде тапжылмай еңбек етіп, Қорғалжын аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы лауазымына дейінгі өсу жолынан өтеді. Өкінішке қарай, Ермек Балтабайұлының өмірі аққан жұлдыздай қысқа болды. Алайда, ол осы жарты ғасыр қысқа ғұмырында адал еңбегімен туған елінің үлкен құрметіне бөленіп, артында өшпес із қалдырды.
Тұсаукесер рәсімінде Ермек Біжкеновтің университетте бір курста оқыған досы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Нұрғожа Ораз, Қорғалжын өңірінің ардагерлері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, зейнеткер Бостан Шахманов, техника ғылымдарының кандидаты, зейнеткер Жаңбыршы Нүркенов, Қорғалжын ауданы әкімінің орынбасары Сағдат Аққожина, Қорғалжын ауданы №1 мектеп-лицейінің директоры Нұрлан Тәжин және осы жолдардың авторы сөз сөйлеп, Ермек Балтабайұлының өмірі мен еңбек жолына қатысты естеліктерін ортаға салды. Кешті Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрының әртістері қаламгер туындылары негізінде жасалған сахналық қойылымдармен өрнектеп отырды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».