• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қараша, 2024

Біржан салдың белгісіз қырлары

211 рет
көрсетілді

Біржан салдың туғанына 190 жыл толуына арналған өнер кеші Қызылжардың С.Мұқанов атындағы об­лыс­тық әмбебап ғылы­ми кітапханасында өтті. Біржан салдың атасы Қо­жағұлдың қыстауы кейін «Есенейдің бүркеуі» атан­ған­ құйқалы жер қазіргі Жам­­был ауданындағы Жа­ңа­­жол ауылының ма­ңын­­да. Бұл ­– сөз зергері Ғабит Мү­сіреповтің де туған жері.

Отарлаушы билікпен ауыз жаласып, аға сұлтанның заседателі бол­ған Естеместің Есенейінің бұ­рынғы қыстау салған жері шекаралық «Қасірет белдеуінің» бо­йында, Қызылжарға жақындау маңда болған соң, патшалықтың жергілікті билігі оны шекара күзететін казактар отрядына алып беріп, өзіне басқа ұнаған жерін алуды ұсынады. Есенейге ұнаған жер – Ақсары Керейдегі Нұралы атасына қарайтын Қожағұлдың мекені, оның иелерін күшпен көшіруге тырысады. Отарлық би­лік қостаған Есенейге қарсы қай­рат қыла алмаған Қожағұл дауды шешіп, кесімін айту үшін сол кездегі аузы дуалы Тоқсан биге жүгінеді. Қара қылды қақ жарған Тоқсан би Есенеймен жақсы қарым-қатынаста болғанына қа­рамай, оның мына ісінің әділетсіз екенін бетіне айтып, біреудің жерін күшпен алуы зорлық екенін ұғындырмақ болады. Алайда Есеней қайтпайды. Үш айтқанда да сөзін жерге тастағаны үшін көңілі қалған Тоқсан би оның ұрпақсыз қалуын тілеп, теріс батасын берген екен. Қарғысы қате кетпей, бата тиіп, сол кезде Есенейдің екі бірдей ұлы бірінің артынан бірі өліп, ақырында ұрпақсыз қалады. Ал Қожағұлдың ауылы туған жерінен ажырап, жылап-еңіреп, Көкшетау қаласының оңтүстік-шығысында отырған ағайындарының арасына баруға мәжбүр болады. Қожағұлдың баласы Тұрлыбайдан туған немересі Біржан осы мекенде өмірге келеді. Бірақ атасының бауырында өскендіктен, ол «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын...» деген сөзінен жаңылмаған.

Біржан сал өмірінің осы тарихын жақсы білетін, оның үстіне мұнда қалған ағайындарымен, кейін Біржанның баласы Теміртас қызыл өкіметтен қуғындалып, ата қо­нысына қайта көшіп келген­де ара­лас­қан адамдарды көрген қы­зыл­жарлық ақсақалдар ән мен жыр кешінде осы әңгімелерді түбінен таратып берді. Облыс­тың құрметті азаматы, атақты домбырашы Серікбай Құсайы­нов пен ардагер ұстаз Қарақат Ша­лабаев Біржан өмірін зертте­гісі келген адамдар болса, айтып беретін деректі біле­тінін ескертті. Әсіресе Серік­бай ақсақалдың бұл тарапта жи­на­­ған дүниесі мол екен. Ол тіпті «Бір­жан – Сара» айтысын да ең ал­ғаш қағазға түсірген адамның кім екенін де білетін болып шықты.

Ал Қызылжар өңірінің тари­хы мен өнерін зерттеп, өлкетану­мен ежелден бері айналысып келе жатқан әнші Дәстен Баймұқа­нов бұл кеште кәріқұлақтардан ес­ті­ген Біржан әндерінің шығу ­тарихы туралы кеңінен әңгіме­леді. Сонымен бірге ол Біржан­ның атақ­ты «Теміртас» әнін домбы­ра­мен құйқылжыта орын­дап берді.

Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің оқытушысы Алпысбай Ерасыл Біржан салдың «Жамбас сипар», «Жонып алды»­ әндерін арқыратып орын­дады. Ақын, композитор әрі ән­ші Біржанның Қызылжарда із­ба­сар­лары мол екен. Соның тағы бірі – М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың «Музыкалық пәндер» кафедрасының студенті  Абылай­хан Ақмағанбет ақынның «Он саусақ» әнін орындады. 

Кештің сәнін белгілі әнші, бірнеше республикалық кон­курс­­тардың лауреаты, қазір­гі қа­зақ қоғамында дәстүрлі ән­дерді орындаушылар арасында өзіндік орны бар Біржан Есжан арттырды. Ол Біржан салдың «Ай­бозым», «Адасқақ», «Айтбай», «Ләй­лім шырақ», т.б. әнде­рін құйқылжыта шырқап, тың­дар­манның көңілін көтерді. Со­нымен бірге ол орындаған ән­дері­нің шығу тарихын, олар ту­ралы музыка білгірлерінің ба­ға­лары мен пікірлерін де қоса жет­кізіп отырды. «Біржанның алпыстан артық әндері халық ара­сына кең тарап, қазақ өнерінің биік­ шыңынан орын алып келеді», деді ол.

 

Петропавл