Нутрициологтар оның құрамындағы қант өзіміздің оңтүстікте өсірілген жүзімнен әлдеқайда көп екенін айтады. Дубай шоколадын шаң қаптырған «Shine muscat»-тың бағасы да қымбат, деп жазады Egemen.kz.
КТК телеарнасы дерегінше, алғаш рет Жапонияда өндірілген ерекше жеміс түрі аз уақытта Оңтүстік Кореяны жаулап, артынша жарнамасы желдей есіп, бүкіл әлемге тарады.
Әлеуметтік желіде кеңінен таралған жүзім Астанадағы базарларда самсап тұр. Пішіні кәдімгі жүзімдерден екі-үш есе үлкен.
- Бұның сатылымға шыққанына бір аптадай болды. Бастапқыда бір келісі сегіз мыңнан, қазір бес мың теңгеден сатылып жатыр. Сатып алмас бұрын, Астана қаласында көтерме базардан тексеріп, асықпай, өзім дәмін көрдім, зертханадан шыққан қағазын тексердім, – дейді сатушы Арман Артықбаев.
Өткен айда Таиланд зертханаларында «Shine muscat» жүзімінің 24 сынамасы тексеріліп, оның 23-інде улы химиялық қалдықтар табылған. Мұны білген Тай билігі өре түрегеліп, зиянды өнімнің сатылымына тыйым салды. Ал Қазақстанға сол Корей елінен де, көршілес Қытайдан да жүзімдер жәшік-жәшігімен еркін тасымалданып жатыр. Жауапты ведомство енді ғана сөрелерде төрден орын алған жемісті тексеруді бастағанын жеткізді.
- Министрлік комитетінің аймақтардағы департаменттері бақылау мақсатында осы жүзімді сатып алып, қазір сараптауға, зертханаға жолдады. Сатылымнан алынған өнімдер тексеріліп, микотоксиндер, токсинді элементтер, пестицидтер және де т.б.қауіпсіздік талабы бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Жүзімге қатысты улану фактіcі әзірге тіркелген жоқ және де тұтынушы тарапынан арыз-шағым түспеді, – дейді ДСМ Санитария-эпидемиологияны бақылау комитетінің бас сарапшысы Данагүл Қасқатаева.
Дегенмен нутрициолог мамандар жүзімнің осы түрін тұтынбас бұрын, оны мұқият ас содасымен жуып алуға кеңес береді. Сондай-ақ, сатушылардан тауардың қауіпсіздік сертификатын сұрау керек екенін айтады.
- Басқа жүзімдермен салыстырғанда қант деңгейі жоғарырақ. Оны тасымалдау, сақтау үшін, өсіру кезінде қолданылатын химиялық қоспалар, яғни пестицидтер мөлшері жоғары болуы мүмкін. Яғни орталық жүйке жүйесіне, ас қорыту жүйесіне кері әсерін, қауіпті әсерін тигізеді. Қант диабеті бар адамдарға өте зиян. Ал пестицидтер барлық адамға зиян. Әсіресе осал топ, ол бізде балалар мен қарт адамдар, – дейді Астана медициналық университеті профилактикалық медицина ғылыми зерттеу институтының оқытушысы Қарлығаш Сүйіндік.