• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Қараша, 2024

Көпқырлы қаламгер көкжиегі

69 рет
көрсетілді

Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінде белгілі журналист, ғалым, Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті, «Құрмет» орденінің иегері Мұратбек Тоқтағазиннің асқаралы алпысқа толған мерейтойына орай «Журналистика мен қазіргі медиакоммуникация парадигмалары: теориялық және практикалық мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Әр қаламгердің оқырманға танытқан шоқтығы биік шы­ғар­масы болады. Мерейтой иесі­нің сондай дүниесі – «Ақмола үшін айқас» атты мақаласы. Автор­дың бұдан қаламгерлігін ғана емес, қайраткерлігін де кө­ресіз. Отыз жылдан аса мұз­дай сірес­кен Целиноград атан­ған қала­ның байырғы атауы – Ақ­моланы қайтарып алуға Мұ­ратбек Тоқ­та­ғазин, бейнелеп айт­қанда, еш­теңеден тайынба­ды. Ресейдің сонау Нижний Нов­город (бұрын­ғы Горький) ша­һарына арнайы барып, оның та­рихи атауы қа­лай қалпына кел­тірілгенін зерттеді. Сол кез­дегі өзі меншікті тілші болып істей­тін «Егемен Қазақстанға» дүр­кін-дүркін мақала жазды. Қала тұрғындарынан қол жинады. Зиялыларды сөйлетті. Одан қалды, журналист-депутат ретін­де Целиноград қалалық кеңесі­нің сессиясында мәселе көтеріп, Ақмола атауын қайтаруды ша­һар тұрғындарының ғана емес, бүкіл қазақтың тілегі екенін жет­кізіп, мәлімдеме жасады. Міне, осындай табанды күрестің нәти­жесінде 1992 жылы қаланың тарихи атауы қайтарылды.

Жиында өткір журналистің осы қайраткерлігі көбірек ауыз­ға ілінді. Ғылыми конферен­ция екі бөліктен тұрды. Алдымен мерейтой иесіне арнап жолдаған Парламент Сенатының төрағасы М.Әшімбаевтың, Парламент Мә­жі­­лі­сінің төрағасы Е.Қоша­нов­тың, Мемлекеттік кеңесші Е.Қа­рин­нің, Мәдениет және ақ­па­рат министрі А. Балаеваның, Ғы­лым және жоғары білім ми­­нистрі С.Нұрбектің, Абай облы­сы­­ның әкімі Н.Ұранхаевтың және Түр­кістан облысының әкімі Д.Сатыбалдының құттықтауы оқылды.

Одан кейін кезек баян­да­ма­шыларға тиді. Қарымды қа­лам­гер, академик Бауыржан Омар­ұлы Қазақ ұлттық университе­тін­де бес жыл бірге оқып, бір бөл­­меде тұрған әріптесінің өмірі мен шы­ғармашылығының өзін­дік эволюциясы бар екенін әзіл­мен әрлеп, әдемі жеткізді.

«Оны үш тарапқа бөлуге бо­лар. Студент. Журналист. Зерт­теуші. Ал сіз «Қайраткерлігі қа­лып қойды ғой», деп дау айтарсыз. Келісеміз. Бірақ оның қайраткерлігі мектепте жүр­генде-ақ басталып кеткен сы­ңайлы. Сондықтан жаңағы біз айтқан үш арнаның үшеуі де қа­рымды қайраткерлігінің қал­қасында тұрады. Біз оны білеміз. Білетін себебіміз, бірге оқыдық. Бір бөлмеде тұрдық. Бір аудиторияда білім алдық. О бастан қолды-аяққа тұрмайтын адам айтқысыз жыбырлақ бала болды өзі. Бір өзінде жиырма бес аттың күші бар шығар. Ол «Том мен Джерри» мультфильмінің кейіпкерлері секілді көз ілеспес жылдамдықпен әлдеқайда зулап бара жатады. Көк базар­дың жанындағы тоғыз қабатты үйге шетімізден сүйреп апарады. Танымайтын адамы жоқ. Ты­нымсыздың тынымсызы. Сол тоқ­тамайтын Тоқтағазиннің ар­қа­сында өзіміз де ақпарат әле­міндегі аға буынмен тығыз байланыс орнаттық», деді ол. Ал Пар­ламент Сенатының депутаты, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай өзі жетекшілік етіп отырған клуб­тың іргелі ортаға айналуына М.Балқыбекұлының үлесі мол екенін айтып, клуб мүшелері атынан оған алғысын айтты.

Жампоз журналист жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын бұрынғы Целиноград облысының қа­зір­гі «Арқа ажары» газетінен бас­та­ған. Мұнда зерделі жасты қазақ бас­пасөзінің тарландары Ақселеу Сей­дімбек пен Жомарт Әбдіха­лық екеуі қолынан жетелеп, «Өмір­ді көргің келсе, өңір­ді көр!» деп, ертіп келген. Сонау Көк­шетау­дан ат арытып жеткен жазушы Жабал Ерғалиев хал­қымыздың ардақ­­ты азаматы Сәкен Сейфуллин негі­зін қала­ған ба­сылымда қыз­мет істеген Мұрат­бектің қайрат­кер­лігі мен шығармашылығы туралы парасатты ой қозғап, қа­зіргі отандық жур­налистика­ның алдында тұр­ған міндеттеріне де тоқталды. «Жу­рналистің санасы, қаламы еш­қашан тоқырап көр­ген емес. Өйт­кені халық, мемле­кет алдында біз айтатын, көтере­тін мәселе өте көп. Ұлттың жаңа болмысын, санасын қалыптасты­ру, оны бүгінгі жаһандық жағдай­ға бе­йім­делу мәселесінде де алды­­мызда үл­кен міндет тұр. Тәуел­сіз­дікке, мемлекетке адал қыз­­мет етіп келе жатқан екі маман­­дық иесі болса, соның бірі – журналист», дей келіп, мерейгерге Ақмола облысының әкімі М.Ахметжа­нов­тың құттық­тауын табыстады. Сондай-ақ ха­лық­аралық ТҮРКСОЙ ұйы­мы­ның бас хат­шы­сы Сұлтан Раев­тың жылы лебізін жеткізген ака­демик Кәрімбек Құрмана­­лиев оны аталған ұйым­ның Ахмет Бай­тұрсынұлы атын­дағы алтын медалімен марапаттады.

Мұратбек ағамыз «Егемен Қа­зақ­станның» Ақмола облысын­дағы меншікті тілшісі болған жылдары, басылым бетінде жасын­­дай жарқылдады. Ұлттық мәсе­ле­мен бірге астықты өлке­нің сан алуан проблемасын көтерді. Есімі елге та­нылды. «Қазақ газеттері» серіктестігі бас директорының орын­басары Қамбар Ахметов жур­налистің қайраткерлік, ұйым­дас­тырушылық қабілетінің ең бір жар­қырап көрінген сәті, ел газе­тімен тығыз байланысты екенін айта келіп: «Дәлірек айтқанда, бас басылым Алматыдан Арқаға қоныс аударғанда ұжымды қар­сы алып, орналастыру жұмыстары­на атсалыстыңыз. Осында кел­­ген журналистердің пәтер алуы­на көмектестіңіз. Осы еңбегіңізді әріптестеріңіз ерекше құрметпен айтады», деп оған бас директор Д.Қамзабекұлының құттықтауын тапсырды.

Шын мәнінде, «тоқтамайтын» Тоқтағазиннің бойында сан түр­лі қасиет тоғысқан. Ол жүй­рік журналист қана емес, ізденім­паз ғалым. Халық жазушысы Ә.Нұр­шайықовтың туындыла­ры не­гізінде кандидаттық диссер­тация қорғап, ғылымда айшық­ты қолтаңбасын даралады. Бү­гін­ге дейін оның журналисти­ка­ның өзекті мәселелерін кешен­ді зерттеген 2 монографиясы мен 2 оқу құралы жарық көрген. Со­ны­мен бірге 80-нен астам ғы­лыми зерттеу мақалалары ха­лық­­аралық ғылыми журналдарда жа­рияланған.

Бір сөзбен айтқанда, конфе­ренция барысында қанаттас, қа­ламдас достары абыройлы азамат­тың шығармашылығы мен елгезек болмысы туралы салмақты сөз сөйледі. Ғалымдар ғылыми еңбектері жайында байыпты баяндама жасады. Сондай-ақ мерейтой иесіне Еуразия ұлттық университеті ғылыми кеңесінің шешімімен «Күлтегін» медалі берілді. Ал жерлестерінің сәлемін алып келген Абай облысы Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Молдабаев «Аягөз ауданының құр­метті азаматы» төсбелгісін табыс етті.