Оралда дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернаты 100 жылдық мерейтойын атап өтті.
Орал қаласындағы тұңғыш қазақ мектебі болып ашылған білім ордасының тарихы ғибратқа толы. Бұл мектептің Сәкен есімін иеленуі де тектен тек емес. 1923 жылы қазан айында Орал қаласына іссапармен келген Қазақ АССР халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Сәкен Сейфуллин 29 жасқа толған туған күнін осы жерде қарсылапты. Бірақ «Қазақты қазақ дейік, тарихи қатені түзетейік!» деп «Еңбекші қазақ» газетіне бірнеше мақала жазған, кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу, мемлекет ісіне қазақтарды тарту мәселесін үнемі көтерген ұлтшыл төраға туған күнін тойлап жүрмегені анық. Орал қаласында бірде-бір қазақ мектебі жоқ екенін естіп-көріп, қатты ренжіген.
– Сәкен Сейфуллин 1923 жылы 8 қазанда Орынбордан автокөлікпен шығып, 14 қазанда ат басын Оралға тірейді. Жолсапар турасында ақынның бірнеше жазбасы бар. Олар «Орал губерниясы», «Орал қаласы», «Жымпиты уезі – «Алашорда» ойнағы» деп аталады. «Орал губерниясы» еңбегінде Оралдағы қазақ тілді білімнің дамымағанын айқындап, қаладағы қирауға жақын үйлер мен тұрғындардың нашар тұрмысын суреттейді. Сәкеннің Орал қаласына жасаған сапары туралы сәкентанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішевтен бастап, 20-ға жуық ғалым-зерттеуші жарыса жазды. Сол кезде Орал шаһарында бірде-бір қазақ мектебінің болмауы ақын, қайраткер тұлғаны толғандырмай қоймаған. «Орал қаласында қазақ балалары бар, олар қазақ тілінде білім алуға тиіс» деген мәселені ақын өзі көтеріп, мектеп ашылуын қадағалаған. Нәтижесінде, 1924 жылы қазан айында, яғни Орал сапарынан тура бір жыл өткенде қазақ тілінде білім беретін тұңғыш мектеп ашылды, – дейді Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры Зейнолла Мүтитегі.
Әрине, аласапыран заманда жаңа мектеп ашу оңай болмаған. Орал губерниялық «Қызыл ту» газетінің 1925 жылы 9 көкекте жарық көрген №24 санындағы «Текедегі жетіжылдық қазақ мектебі» атты мақалада былай дейді:
«Мектеп әуелі 100 балаға арнап ашылды: ішіне бұрынғы Текедегі қазақ приутының (жетім балалар үйінің – Қ.Қ.) 40 баласы қосылды. Қалған 60 бала елден келгендер деп алынды. Бұның үстіне осы Текедегі бұрынғы оқып жатқан, оқытушылар даярлайтын «Педтехникум» мектебінің 30 баласы қосылды. Бұлардың тамақ, киім, жатақ орны осында. Оқитын мектебі басқа жерде: сонымен қазақ жеті жылдық мектепте жатып оқитын баланың саны 125 және де 115-тен аса бала үйден келіп оқиды, не барлығы 240 бала оқиды. Үйден келіп оқитын балалар ішінде 39-ы Текедегі қазақ қыздарының коммунасынан, қалғаны қаладағы жұмыскерлер мен қызметкерлердің балалары. Мектептің үйі орталыққа жақын жерде – бұрынғы орыстардың дін үйренушілерін даярлайтын семинария үйі. Биыл жаңғыртып, оңдатылған, оқушылардың осы күнгі санынша жеткілікті. Бірақ ендігі жылға қарай тарлау соғатын».
Осындай қиындықпен, күреспен ашылған білім ордасының ғасырлық тарихында талай-талай мақтанышты белес бар. Сәкен есімін көкке көтеріп, ақынның биылғы 130 жылдық мерейтойын да қатар тойлап жатқан мектеп ұжымы ғасырлық тойын «Атамекен» өнер ордасында атап өтті. Мерекелік іс-шараға алыс-жақыннан мектеп түлектері де арнайы келді. Олардың арасында есімі елге танымал қоғам мен мемлекет қайраткерлері, ғылым мен өнер, спорт жұлдыздары бар.
– Бір кездері жартылай панасыз балаларға арналып ашылған мектеп өзінің өсу-өркендеу жолында талай қиындық пен табысты сәтті бастан кешірді. Сөйтіп, бүгінгі тәуелсіз елдің талантты балаларын оқытатын мектеп дәрежесіне дейін көтерілді. Бүгін біз терең білім мен ғылымға жол салатын, ізгілік пен адамгершілікке тәрбиелейтін, қабілетін жетілдіріп, қоғамға белсене араласатын, елінің болашағына өз үлесін қосатын, жеке тұлға тәрбиелейтін дарынды балалар мектебі атандық. Қазір Сәкен мектебінде 629 бала білім алып жүр, оның 250-і – интернатта тәрбиеленіп оқитын ауыл балалары, – дейді мектеп директоры Шынар Зұлқашева.
Мектепте қызмет ететін 108 педагогтің 72-сі – пән мұғалімі, 11-і – куратор, 10-ы – тәрбиеші, 15-і – өнер мектебінде сабақ береді. Мұғалімдердің 10-ы – педагог-шебер, 30-ы – педагог-зерттеуші, 12-сі – педагог-сарапшы, 12-сі – педагог-модератор біліктілік санатына ие. Мұғалімдердің сапалық құрамы да жылдан-жылға жақсарып келеді. Бүгінде білім ошағында 19 магистр бар екен. 10 ұстаз Оқу-ағарту министрлігінің Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталса, Ағерке Байжиенова – «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанды. 5 мұғалім республикалық «Үздік педагог» атағының иегері. Әрине, мұның бәрі үздіксіз еңбек, төгілген тердің жемісі.
Педагогикалық ұжымның кәсіби шеберлігі арқасында мектеп 2012 және 2019 жылдары «Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық байқауы грантына ие болды. Былтыр Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Үздік мамандандырылған білім беру ұйымы» байқауында дара озып шықты. Мектеп жылдар бойы ҰБТ қорытындысы бойынша «Үздік 100 мектеп» қатарында. Бірнеше жыл бойы еліміз бойынша «100 үздік олимпиадалық команда» тізімінен де түскен емес. Республикалық ғылыми жобалар байқауында 2007-2024 жылдары аралығында мектептің 13 оқушысы жүлдегер-жеңімпаз атанса, 2004 жылдан бері 44 оқушы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпазы болды.
Ал «FLEX» бағдарламасы бойынша 2008 жылдан бастап 13 оқушы АҚШ-та білім алған. 2000-2023 жылдар аралығында 149 түлек «Алтын белгіге», 203 түлек «Үздік аттестатқа» ие болған.
Бір ғасыр ішінде бұл мектептен талай-талай марғасқа түлеп ұшқан. Олардың ішінде 1938-1940 жылдары шахматтан Қазақстан чемпионы болған Шәмшиден Мырзағалиев, КСРО халық әртісі Роза Жаманова, академик Асан Тайманов, партия, кеңес ардагері Рамазан Тәукин, профессор Тауман Амандосов, өнертанушы Ғафура Бисенова, актриса Аққағаз Мәмбетова сынды майталмандар болған. Қазір арамызда жүрген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, айтыс ақыны Қатимолла Бердіғалиев, мемлекет және қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан, айтыскер ақын Бауыржан Халиолла, ақын Талант Арғынғали тағы да басқа танымал тұлғалар осы мектепте білім алып, түлеп ұшқан.
– Сәкен мектебінің оқушылары түрлі білім додасында топ жарып, үнемі біліктілігін дәлелдеп келеді. Қала мектептері арасында Сәкен мектебінің шоқтығы биік, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин.
Биыл мерейтой қарсаңында «100 жыл – 100 шара» жобасы бойынша мектеп тарихынан сыр шертер түрлі іс-шара ұйымдастырылған болатын. Соның ішінде «Сәкен Сейфуллиннің әдеби мұрасы, қоғамдық қызметі және білім мен тәрбие берудің өзекті мәселелері» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Мектеп оқушыларының шығармашылық, зерттеу жұмыстары көрмесі ұйымдастырылды. Оқушылардың өздері жасаған «Химия ғажайыптары», «Электромагниттік құбылыстар», «Ақылды аквариум», «Заманауи роботтар», «Биологиялық тәжірибе» сынды ғылыми жобалар да талайдың назарын аударды. Мектеп түлектерінің демеушілігімен жарық көрген «Сәкен мектебі – ғасыр биігінде» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Мерекеге орай Оқу-ағарту министрлігінің шешімімен Амантай Рахметов, Арман Ахмадиев, Гүлшат Суханова, Зәмзәгүл Мағзұмова, Рафих Сагутдинов, Сара Қадыралина, Нұргүл Қадырова, Светлана Ахметқалиева, Динара Айтқалиева, Сұңғат Темірболатұлы және Ибрай Куанышбайұлы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне болды. Ал осы ұжымда ұзақ жыл абыройлы қызмет еткен Көшербай Төкестай, Айғаным Есқазиева, Есенгелді Бимағамбетов, Тамара Сейтақова «Еңбек ардагері» төсбелгісін омырауына тақса, Динар Қажығалиева мен Тұрсынгүл Ахметуллаева Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мектебі түлегімен, түлегі мектебімен мақтанатын білім ордасының ғимаратына осы күндері күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Ғасырлық белесті артқа тастаған мектеп ұжымы жаңарған білім ошағында бас қосатын күнді асыға күтеді.
Батыс Қазақстан облысы