Жаңа атауға ие Алатау қаласының Еңбек шағын ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған үш қабатты 600 орындық жаңа мектеп қолданысқа берілді.
«Өңірдегі білім саласының басты мәселесі – үшауысымды оқыту мен орын тапшылығы екені белгілі. Сондықтан мәселені шешу мақсатында осы жылы облыста «Жайлы мектеп» жобасы аясында 26, жеке инвестор арқылы 4 және жергілікті бюджет есебінен 2 мектеп қолданысқа беру жоспарланған. Болашақ жастарымызға жаһандану кезеңінде сапалы білім мен саналы тәрбие беру маңызды. Ендігі кезекте, облысымыздың дарынды балалар саны бүгінгі жаңа да жайлы мектепте білім алатын оқушылармен толығатынына сенімдімін», деді мектептің ашылу салтанатында сөз алған Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым.
Сондай-ақ ол мектеп құрылысын сапалы әрі уақтылы аяқтаған мердігер компания басшылығына облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Алғашқы қоңыраудың сыңғыры естіліп, есігі ашылған еңселі мектептің табалдырығын аттаған оқушылар мен ұстаздардың жүздерінен қуаныш лебі есті. Енді олардың сабақ үлгерімін жақсартып, жан-жақты дамуына еш кедергі жоғы белгілі.
Себебі заманауи үлгіде салынған мектепте сапалы білім алу үшін барлық жағдай қарастырылған. Мектепте соңғы үлгіде жабдықталған кабинеттер, ерекше білім алушыларға арналған инклюзивті орталық, шеберхана, кітапхана, роботтехника, STEM және модификациялы кабинеттер, спорт залы, асхана, мәжіліс залдары балалар игілігіне қызмет ететін болады.
Алматы облысы