Астанада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумы далада жер еміп, мал жайлаған жұртты бір серпілтіп тастады. Қазір «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» анық іс жүзінде көре бастаған аграрлық сала мамандары жаңа идеяларын алға шығара бастады. Бұл туралы Қазақстан фермерлер қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Ермек Әбуов айтады.
Аграрлық сектор экономиканың драйверіне айналады
Халқымыздың атакәсібін ұстанып, мал шаруашылығын дамытуда сүбелі үлес қосып жүрген «Қайып ата» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы, негізін қалаушы Сырым Ертаев форум мінберінде табысқа толы жетістіктерін бөлісті. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жыл өткен сайын даму қарқыны еселеп артып жатқанын алға тартты.
«Мен 15 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысамын. Бала кезімнен мал бағып өскендіктен, өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Мал шаруашылығы біз үшін үлкен бизнес әрі атакәсіп. Қазақ: «Малды бақпағаның, келген бақты қаққаның», дейді. Сондықтан біз бір – ірі қара малдан бастап, 20 мың ірі қараға жеткіздік. Келесі жылы 50 мың басқа арттырамыз», деді С.Ертаев.
Оның айтуынша «Қайып ата» ЖШС жылына 5 мың тонна ет экспорттайды. Келер жылы 8 мың тоннаға жеткізбекші екен.
«Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары осы бағытта үлкен жұмыс атқарылды. Қытай нарығы бірқатар позициялар бойынша ашылды. Ресей нарығы игерілді, Өзбекстан, Араб елдеріне мал еті еркін экспортталып жатыр. Тіпті 20 жылдан астам уақыт жабық болған Тәжікстанға да ет жіберу басталды», деді серіктестік құрылтайшысы.
Мал шаруашылығы саласындағылар бұл жетістікпен ғана әсте тоқтап қалмақ емес. Мал басын арттырумен қатар, алыс-жақын шетелдерге ет экспорттауды өсіре беруді көздеп отыр. Оның айтуынша, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы тығыз байланысты. Қазақстан жемшөп дақылдарын өсіруде мол табысқа жетіп отыр. Егер елімізде 1 миллион ірі қара мал бордақыланса, оған 3,5-4 миллион тонна жемшөп керек. Ал 1 миллион мал еті экспортталса, 1 миллиард доллар пайда болады. Осылай аграрлық сектор тұтас экономиканың драйверіне айналады.
«Кең байтақ елімізден, құт дарыған жерімізден тағы бір алтынның түрі шыққалы тұр. Мысалы, қара алтынымыз – мұнай, сары алтынымыз – бидай, ақ алтынымыз – мақта, енді етті «қызыл алтын» деп сапалы өнімін көтере берсек, алыс-жақын шетелге Red gold деп экспорттаймыз», деп ойын түйіндеді ол.
Әр тапсырма иесін тапты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен әрі тікелей қолдауымен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумы өте мағыналы өткенін айтқан фермерлер қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Ермек Әбуов ауыл халқы соңғы жылдары кіре бастаған шаруашылық шырайына дән риза екенін жеткізді.
«Ауыл шаруашылығын қаржыландыруды болашақта 1,5 триллион теңгеге жеткізу жоспарланып жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы да, тиісті ведомство басшылары да тұжырымдап жүр. Бұл қаржы елдегі ауыл шаруашылығы саласы бұрын-соңды көрмеген көлемдегі сома. Мұндай үлкен қаржыны қалай тиімді игеру жолдарын қазірден бастап қайта-қайта пысықтап, арнайы бағдарламалар түзген дұрыс. Әсіресе ауыл шаруашылығын қаржыландыру саласын цифрландыру ісін тездеткен жөн. Сонда саладағы адам факторы жоққа тән болса, бұл маңдағы жемқорлықтың жолы мүлде тыйылар еді», деді қауымдастық төрағасының орынбасары.
Мемлекет басшысының тағы бір маңызды тапсырмасы тұқым мәселесіне қатысты болды. «Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға қатысты отандық картоп пен қант қызылшасы тұқымдарының үлесі 10%-дан аз екені айтылды. Үкімет аграршыларды отандық өндірістің тұқымымен қамтамасыз етуді 2028 жылға қарай, бұл көрсеткішті 80%-ға дейін ұлғайтуға тиіс. Ал жоғары сапалы (яғни элиталық) тұқымдардың үлесі кемінде 15%-ды құрауы ләзім. Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін шетелдердің озық тәжірибесін зерделеу керектігін ел Президентті анық жеткізді», деді Е.Ерғазыұлы.
Форумда жылқы санын көбейтумен қатар, олардың асыл тұқымды және өнімді қасиеттерін арттыру басты міндет болып табылатынын Президент қадап айтты. Сөйтіп, жылқы өсірудің қазақ үшін қаншалықты маңызды екенін тереңнен тартып ұқтырды. Нәтижесінде, биыл отандық жылқы тұқымдарын сақтау және көбейту бойынша арнайы заң қабылданды. Үкіметке жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырды.
«Ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру ісі де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10%-ға жеткізу міндетін қойды. Ол үшін отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасының жылдық 5% жеңілдікті лизингі бағдарламасы іске қосылды. Оған 120 миллиард теңге бөлінді. Алдағы жылдары қаржы көлемінің әлі де ұлғаятынын жеткізді», деді спикер.