• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Баға 19 Қараша, 2024

Баға тұрақталуы мүмкін бе?

130 рет
көрсетілді

Тұрғын үй нарығында баға жыл басынан бері өзгерген жоқ. Сарапшылар мұндағы өзгеріске тұтынушылардың белсенділігінің деңгейі әсер еткендігін айтады. Сату­шылар жылжымайтын мүліктің қымбаттауын күтіп, сатуды ке­йін­ге қалдырса, сатып алушылар, керісінше баға арзандайтындығына сенім­ді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы мәмі­ле­лер саны былтырғы осы кезеңмен са­лыс­тыр­ғанда 13,6%-ға артқан. Қай­та­ла­ма нарықтағы жағдай да осы­ған ұқсас. Көрсеткіш бір жыл ішінде 0,6%-ға төмендеген. Қайта сату бағасы қаңтардан наурызға дейін аздап көтерілгенімен, сәуірден тамызға дейінгі аралықта сәл-пәл арзандағандай. Былтыр жылдың ая­ғында 1 шаршы метрдің орташа бағасы 371 мың теңгені құраған еді. Жалдау тарифтерінде де өзгеріс бар. Қаңтардан қыркүйекке дейін жалға алу бағасы 3,5% төмендесе, қазан айынан бас­тап баға қайтадан арзандай бастады. Мәселен, Алматы қаласында жалға алынатын пәтердің орташа бағасы 1 шаршы метр үшін 5,7 мың теңге болса, Ақтауда 2,5 мың теңге. Жалпы, республикадағы орташа баға 3,2 мың теңгені құрап отыр.

«Gold Business Kazakhstan» ком­паниясының жетекшісі Виталий Браи­ловскийдің пікірінше, бұл жағдайға ипо­текалық бағдарламалар әсер еткен. «Мәмілелер санының көбеюі күмәнді. Қазір мемлекет ипотека нарығындағы үлесін шектеуге басымдық беріп жатыр. Тұтынушылардың БЖЗҚ-дағы қаржысы сарқылды, оның қаражатын пайдалану ережелері тек қаңтар айының соңында қолдануға берілгендіктен, әсері уақытша болғаны рас», дейді ол.

Жалпы, нарықтағы жағдайдың өзге­руі­не жанама әсер ететін факторлар әзір­ге білінбейді. Құрылыс компания­ларына салынатын қосымша құн салы­ғы­ның нақты мөлшері анық­тал­маған. Егер ҚҚС көтерілсе, баға өседі. Мұның бәрі халықтың төлем қабілетіне кері әсер етуі мүмкін.

«Тұрғын үй нарығындағы баға өткен жылдың мамырынан бері өскен жоқ. Дәл қазір барлық көрсеткіштерге әсер етіп тұрған факторларды терең талдауымыз керек. Екі мыңыншы жылдардың ба­сын­дағы жағдай қайталанып отыр. Баға шектен тыс өсіп немесе арзандап, на­рықты талдау мүмкіндігін қолдан шы­ғарып алмайық», дегенді айтып өтті В.Браиловский.

Нарықтағы жаңа құрылыс 2025 жылдан бастап төмендеуі мүмкін. Қазір пәтерлер көбіне мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы сатылып жатыр. Құрылысшылар баға саясатын қайта қарауға ықылас танытпайтын көрінеді. Жылжымайтын мүлік нарығындағы қолжетімді «7-20-25» ипотекалық бағ­дарламасын қаржыландыру айтар­лық­­тай қысқартылса, «Отбасы Банкі» өнім­деріндегі шарттар бірнеше мәрте өзгерген.

Браиловс­кийдің айтуынша, ­2025 жыл­дан бастап баға бір­тін­деп тө­мен­­д­ейді. На­рықтағы ба­ғаны, мем­ле­­кеттік бағдарламалар не­­ме­се құ­­­ры­лыс ком­панияларының баға шеге­­рім­дерін жарнамалайтын акциялар қолдайтындығын айтады. Жаңа құры­лыстарда ұсыныс­тардың сұраныс­тан екі-үш есе жо­ғары болып тұрғаны бар. Тұрғын үй сегментіндегі құбылмалық пен тоқырауға осы жағдай әсер еткенге ұқсайды. Статис­ти­каға қарағанда, 2023 жылы жаңа бас­пананың құны 5,7 %-ға өссе, қайта­лама нарықтағы пәтерлер 3,9 %-ға төмен­деген.

«Үй алайық» ипотекалық ком­пания­сының жетекшісі Мәдина Болатханқызы тұрғын үй құрылысына қажетті ши­кі­зат­тың басым бөлігі шетелден жеткізіліп, бағасы доллармен есеп­те­летіндігін айтады. Демек, жылжы­май­тын мүлік нарығы ішінара болса да долларға тәуелді болып тұр деген сөз.

Қазақстанның өзін өзі реттейтін риэл­торлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненконың айтуын­ша, қазір елімізде қайталама нарықтағы жылжымайтын мүлік бағасы біртіндеп төмендеп келеді, бірақ бұл маусымдық фактор болуы ықтимал. Қазір баға динамикасы, айына 0,5%-дан 1%-ға дейінгі аралықта төмендеген. «Сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй» бағ­дар­ламасының да нарыққа әсері аз. Жылжымайтын мүлік нарығы бірінші кезекте еліміздегі ахуалға ғана емес, әлемдік аре­надағы экономикалық және саяси жағдайға байланысты болса, тікелей тәуелділік – тұтынушылардың сұранысы мен нақты кірісінде. Келер жылы баға шамамен сол деңгейде қалуы мүмкін. Пәтерлердің түбегейлі өсуіне немесе құнының төмендеуіне әзірше негіз жоқ.

Жылжымайтын мүлік бағасының шарықтаған кезеңі зейнетақы жинақ­та­рын пайдалану бағдарламасы енгізіл­ген­нен кейін болды. Бірақ 2023 жылдың аяғынан бастап баға бастапқы қалыпқа оралды. Ірі қалаларда құрылыс қарқыны төмендеп, материал бағасы өсіп жатыр. Жарты жыл ішінде жаңа тұрғын үй бағасы 3% өскен. Дегенмен, түрлі өңірлерде көрсеткіштер айтарлықтай ерек­шеленеді. Қайталама тұрғын үй бағасының ең жоғары көрсеткіші Атырауда – 17% . Сондай-ақ елордада тұрғын үй 12%-ға, Алматыда 2,2%-ға қым­баттаған. Астанада жаңа тұрғын үй шаршы метрінің ең жоғары бағасы  – 580 мың теңгеден асады. Алматыда – 570 мың теңгеге жуық, Шымкентте – 435 мың теңге. Елімізде тіркелген тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 40 мыңнан сәл асады екен.

Қазір «Жылжымайтын мүлікті қашан сатып алу керек?» деген сауалға ешкім толық жауап бере алмайды. Бірақ нарық ішкі факторлардың қыспағында тұр. Қала орталығында жер қымбат. Жылжымайтын мүлікті сатып алу кезін­дегі міндетті сақтандыруды енгізу мәселесі күн тәртібінде болғанымен, бұл да келер жылдан басталмақ. Салық кодексінде жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде 12% ҚҚС енгізу туралы түзетулер бар. Қалай десек те 2025 жыл жылжымайтын мүлік нарығындағы біраз мәселеге нүкте қоятын сыңайлы.