• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қараша, 2024

Сәулетті спорт кешені ашылды

98 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданы орталығында 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылып, Кеңес Одағының батыры Садық Жақсығұловтың туғанына 100 жыл толуына орай қазақ күресінен халықаралық турнир өтті.

Жаңа кешен ауыл тұрғындарының түрлі спорт түрлерімен айналысуына толық мүмкіндік береді. Мұнда заманауи спорттық жабдықтар, жаттығу алаңдары, тренажерлік зал, медициналық кабинет бар, гимнастика, күрес, баскетбол, волейбол, футбол алаңдары жасақталған. Және бір қуаныш – «Тасқала аудандық спорт клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының атынан жаңа микроавтобустың кілті ұсынылды.

Кеңес Одағының батыры Садық Жақ­сығұловтың құрметіне арналған турнир Тасқала өңірінде талай жылдан бері дәстүрлі өтіп келеді. Биылғы турнирде Ақмола, Алматы, Абай, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облысы мен Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов, Теректі, Шыңғырлау, Сырым, Тасқала аудандарының палуандары өнер көрсетті. Жарыстың бас төрешісі – қазақ күресінен ұлттық дәрежедегі төреші Дамир Рамазанов болды. Боз кілемде алматылық Руслан Әбдразақов, Ғалымжан Қырықбай, абайлық Саят Шәмшиев, маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов, тараздық Айдар Бескемпір секілді атағынан ат үркетін палуандар белдесті. «Өгіз палуан» сайысына 22 палуан тіркеліп, ақтық сынға тараздық Айдар Бескемпір мен сырымдық Нұрсұлтан Мырзахметов шықты. Аса тартысты белдесуден кейін жеңіс тараздық палуанға берілді.

Аса ауыр салмақтағы палуандар арасында ақтық айналымға төрт палуан: қаз­таловтық Ерназар Хамзин, алматылық Руслан Әбдразақов, маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов, атыраулық Сұңғат Закарияев шықты. Бұл төртеуі де «Қазақстан барысы» республикалық турниріне қатысып жүрген палуандар. Финалдық бәсекеде Нұрдәулет пен Ерназар кездесті. Сөйтіп, турнирдің бас жүлдесі – автокөлік Маңғыстауға жол тартты.

Жарыстың жабылу салтанатында ауданның атымтай жомарт азаматтары самбодан әлем чемпионы Темірлан Көлбай мен жуырда Ташкент қаласында өткен ересектер арасында IMMAF жекпе-жек спорт түрінен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Қадырбек Шынбаевқа ат мінгізді. 90 кг дейінгі салмақта өнер көрсетіп, турнирдің жеңімпазы атанған тараздық Айбар Бескемпірге 1 млн теңге ақшалай сыйлық табысталды.

 

Батыс Қазақстан облысы