Еуропа жұртына қазақ домбырасының күмбірін алғаш жеткізген дәулескер күйші Рүстембек Омаровтың есімі біраз уақыт бойы жерлестері үшін беймәлім болып келді. Күй аңыздарының жолын жалғап, Арқа өңіріндегі саз самалының лебін тамам елге таратқан өнер иесінің соңында бүгінде мол мұра қалған.
Павлодарда Қазақ КСР халық әртісі, дәулескер күйші Рүстембек Омаровтың 105 жылдығына орай «Жастық шақ» атты І республикалық жас домбырашылар байқауы өтті. Күйшілер бәсекесіне еліміздің он екі өңірінен 32 домбырашы қатысып, өнер жарыстырды.
Өнер тарланының мерейлі датасына байланысты Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының қызметкерлері мұрағаттарды қопарып, тың деректер тапқан. Нәтижесінде, әйгілі жерлесіміз туралы кітапша басылып шықты. Кітапшада жарияланған мәліметтер мен естеліктерге сүйене отырып, күйшінің өміріне қатысты біраз деректерді баян етсек.
Рүстембек Омаров Павлодар облысы – Аққулы ауданында дүниеге келген. Жастайынан жетім қалып, Семейдегі балалар үйінде жүргенінде заманының дүлдүл әншісі, суырып салма ақын Темірболат Арғынбаев оны арнайы іздеп келіп, Алматыға алып кетеді. Арғынбаев Рүстембектің туысқан ағасы екен. Сөйтіп, болашақ кәсіби домбырашыны өнер жолына түсірген. Бозбала Рүстембек небәрі 15 жасында Ахмет Жұбановтың назарын аударып, жаңадан құрылған Құрманғазы атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестріне домбырашы ретінде қабылданған. Домбырашының орындау мәнерін Ахмет Жұбанов өте жоғары бағалап, өзінің «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде: «Рүстембек күйді «шегелеп», шапшаң, жай келетін буындарын бәрін де тастай түйіп, екпінін ауыстырмайды. Орташа ұзындықтағы саусақтарымен бір нотаны жаза баспай, бәрін де өз орнында етіп орындайды», деп жазып қалдырған.
«Рүстембек Омаров домбыраның үнін аспанға әуелетті. Домбыраны өз дәуірінде аты аңызға айналған Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Қалижан Тілеуов дәріптесе, Рүсекең шетелдік тыңдарманды қазақ домбырасының сиқырлы дыбысымен алғаш рет таныстырған ұлы музыкант», деп мақтана еске алады Құрманғазы оркестрінің ақсақалы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Нұрпейісов.
Ал Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, оркестр дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанас Бекентұров: «Көптеген домбырашы оркестрге өз өңірлерінің күйлерін орындап келетін. Ал Рүстембек қазақтың күй өнерінің барлық мектебін жан-жақты меңгерген, оның музыкалық географиясы өте кең болды. Тіпті Дина Нұрпейісованың «Байжұма» күйін түпнұсқасында бізге жеткізді, бұл күй басқа жерде ноталық нұсқада сақталмаған», дейді.
Жас Рүстембек Ленинград консерваториясының П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищесінің орыс халық аспаптары бөліміне түсіп, білім ала бастаған уақытта кеңес-фин соғысына шақыртылады. «Отан соғысы басталған шақта, 1941 жылы біздің бөліміміз қоршауда қалды, нәтижесінде мен немістердің тұтқынында болдым. Осы күннен бастап соғыс аяқталғанға дейін мен немістерде болдым, алдымен Германияда, содан кейін Норвегияда. 1945 жылы соғыс аяқталғаннан кейін басқа әскери тұтқындармен бірге Отаныма оралдым», деп жазады күйші өз өмірбаянында. Концлагерьде жұмыр ағаш пен тақтайшадан, қармақ жібінен домбыра іспеттес аспап жасап алады. Бірде әлгі аспабымен Моцарттың «Рондосын» ойнап отырғанында артынан келіп байқатпай тыңдап тұрған неміс офицері: «Музыкантсың ба?», деп сұрайды. «Мен «Иә», дедім. Осы сәттен бастап неміс офицері бізге басқаша қарай бастады, көмектесіп, тіпті қорғап жүрді. Ол: «Сенің қасыңда үш қазақ жерлесің барын білемін», деді. Байқатпай бізге азық-түлік, нан, консервілерді беріп тұратын. Міне, осылай мен және менің жолдастарым тұтқында аман қалдық», дейді өз естелігінде Р.Омаров.
Шәкірттерінің айтуынша, қазақтың киелі аспабы домбыраның сағасында жүйріктей желетін салалы саусақтарына күйші көзін де салмай, тіпті көрерменге де мойын бұрмай, құдіретті күйді жүрекке жеткізеді екен. Құрманғазы оркестрінің бас домбырашысы атануы да талай жылғы төккен терінің өтеуі еді.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Тұрар Әліпбаевтың айтуынша, Ахмет Жұбанов өз шәкіртін қуғындалудан аман алып қалғаны туралы деректер де бар. «Ұлы күйшілеріміздің мол мұрасын қаз-қалпында жеткізетін Рүстембектей кәсіби шебер домбырашы бір ғасырда бір туады. Ол қамалса, қазақтың күй өнерінің де тас бұғауға түскені», деп араша түскен.
«Дәулескер күйші Сейтеннің күйін Сейтенше, Құрманғазының күйін Құрманғазыша, Тәттімбеттікін Тәттімбетше бабына келтіріп тартқан. Ерекшелігі, күйді қандай екпінмен бастаса, соңын дәл сондай екпінде аяқтап отырған. Мұндай екпінге бүгінде кейбір кәсіби күйшілердің өзі шыдас бермейді. Көптеген күйдің түпнұсқасы біздің заманымызға Рүстембек сияқты нағыз майталман домбырашылардың орындауында жетіп отыр» деп атап өтті Тұрар Әліпбаев.
Астана, Алматы, Өскемен, Қызылорда, Қостанай, Атырау, Павлодар, Көкшетау, Шымкент, Тараз, Қарағанды қалалары мен бірге Абай облысынан қатысқан жас өнерпаздар әуелі жеке орындаушылық қырларын көрсетті. Ал соңғы күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Ғылымовтың дирижерлық жасауымен, Р.Омаров атындағы Павлодар облыстық ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Мұнда әр орындаушы алдын ала жария етілген 20 күйден билет бойынша өз еншісіне тигенін орындады. Оның ішінде Р.Омаровтың «Жастық шақ», С.Шабельский мен Л.Шайгородскийдің Р.Омаровқа лайықтап шығарған «Тойбастар» күйлерінің орындалуы міндетті болды.
«Байқау жоғары деңгейде өтті деуге болады. Орындаушылар жастығына қарамастан, жақсы дайындалып келген. Ұйымдастырушылар ұсынған талаптар да көңілден шықты, бағдарламада қазақтың көптен ойналмай жүрген күйлері жарқ етті. Павлодарлықтар Рүстембектей күй өнерінің бекзадасын ұлықтап, мұрасын жоғалтпай отырғандарына ризамын» дейді байқауда қазылық еткен Жанас Бекентұров.
Қазылар алқасының төрағасы Тұрар Әліпбаев мұндай күй тартыс Ертіс-Баян өңірінің халқы үшін айтулы мереке болды деп есептейтінін жеткізді.
«Байқауға қолдау жасап, ұйымдастырған Павлодар қаласының әкімдігі, Р.Омаров атындағы Павлодар облыстық филармониясы, Иса Байзақов атындағы мәдениет сарайы, жергілікті музыкалық мектеп-колледж мекемесіне өнер өкілдерінің атынан алғысымды білдіремін. Домбырашылардың дайындық деңгейі мен бабы келісіп тұрғаны алғашқы күннен-ақ аңғарылды. Тіпті мұндай бәсекелерге жиі қатыса бермейтін солтүстік өңірлердің, әсіресе Қостанай аймағының өрендері төбе көрсетуі құптарлық. Домбырашылардың ансамбльмен үйлесімі, оркестр мүшелерін тыңдай білуі, ырғақты меңгеруі жан-жақты талданды. Жалпы, жеке орындаудың және оркестрмен орындаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Жеке ойнағанда күйдің тарихына, әлеміне үңілген абзал. Туындының лирикалық әлде философиялық сарынын ажырата білу, екпін-ырғағының төрт аяғын тең бастыру шеберлікті қажет етеді. Ал оркестр сүйемелдеген уақытта өзге музыканттарды ести білсе, сол ғанибет. Күй өнері сонысымен маңызды» деп тарқатты сөзін қазылар алқасының төрағасы.
Мұндай республикалық ауқымдағы күйшілер сыны Ертіс-Баян жерінде алғашқы рет өтіп отыр деуге болады. Біраз жыл бұрын облыс орталығында аймақтық деңгейде домбырашылар байқауы ұйымдастырылған. Р.Омаров атындағы Павлодар облыстық филармониясының басшысы Амангелді Қожанов биылғы байқау жергілікті өнерсүйер қауым үшін айтулы дода болғанын айтады. «Ертіс-Баян өңірінде күй өнері кенжелеп қалғаны мәлім. Бұл стереотипті бұзатын талантты жастар өсіп келеді. Осындай ауқымды бәсекелер арқылы күйшілеріміздің шеберліктері шыңдалып, үлкен өнерге жол ашудағы пайдасы мол болмақ. Жергілікті билік қолдаса, алдағы уақытта дәстүрлі ету ойда бар», деп атап өтті ол.
Байқаудың бас жүлдесін Атырау қаласынан келген Жәнібек Жәмиев жеңіп алды. Жәнібек бүгінде Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінде еңбек етіп жүр.
Жүлделі бірінші орынды Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенті Жантілек Жұмагелдиев (Алматы) иеленсе, Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындаушысы Мәди Тулев (Павлодар) пен «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің орындаушысы Дарын Құдайбергенов екінші орынды бөлісті. Ал Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінің оқытушысы Ерболат Талапхан (Абай облысы) мен Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Дәулет Оңғар (Астана) үшінші орыннан көрінді. Бұдан бөлек Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің оқытушысы Ерасыл Ринатов (Өскемен) Рүстембек Омаров атындағы арнайы жүлдемен марапатталды.
Ел арасында: «Арқаға барып «әншімін» деме, Сырға барып «жыршымын» деме, Батысқа барып «күйшімін» деме», дейтін тәмсіл бар. Әрине, бұл өңірлердің өнер бағыттарына басымдық бергенін сипаттап, орайы келгенде айтылған сөз ғой. Әйтпесе, қазақтың кез келген аймағында мықты ақындар мен бармағынан бал тамған күйшілер, аузынан жақұт төгілген жыршылар жетерлік. Арқа жерінде күйді сазды етіп, теріп тартса, Батыста төкпелеп тартады. Оның өзінің де ерекшеліктері бар. Мысал үшін Құрманғазының күйлері ерлікті дәріптесе, Дәулеткерей лирикаға, Қазанғап философия мен жыр мектебіне жақын. Музыкатанушылардың зерттеулеріне сүйенсек, қазақтың бүгінге жетіп отырған 5 мыңнан астам күйі бар. Күйші Қаршыға Ахмедияров заманында өз репертуарынан 500 күйді орындаған екен. Бүгінгі өсіп келе жатқан жас толқын бұл үдеден де асып түсіп, күйшілік өнерді лайықты жалғастырады деген сенімдеміз.
ПАВЛОДАР