• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2015

Көпвекторлы сыртқы саясат – егемендіктің ерекше көрінісі

19150 рет
көрсетілді

Қазақ елі өз тәуелсіздігін жария еткен 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бас­тап демократиялық даму жолын таңдайтындығын жалпы әлемге жария етіп, еліміздің өзіндік сыртқы саясатын қалыптастыра бастады. Еуразия кеңістігінде алып аумақты алып жатқан еліміз сыртқы саяси басымдықтарын айқындауда, орналасқан аумағының географиялық саяси (геосаяси) жағ­дайы­нан шыға отырып көпвекторлы бағыт ұстанды. Ол турасында дипломат, қоғам қайраткері Қ.Тоқаев: «1991 жылғы желтоқсан – 1993 жыл аралығында Қа­зақстанның көпвекторлы дипломатиясы қалыптасты», деп атап өткен-ді. Әлемдік саяси теорияда көпвекторлы сыртқы саясат демократиялық мемлекеттерге тән. Демократиялық мемлекеттің сыртқы саясаты өзге елдердің ішкі ісіне араласпау, олардың территориялық бір­тұ­­тас­тығын құрметтеу, өзге елдермен тең дәрежелі қарым-қатынастарға түсу, өз ұс­та­нымдарын өзге елдерге таңбау, өзге елдердің саяси тәртібі мен эконо­ми­калық жүйесін және этникалық, діни құн­дылықтарын құрметтеу ұстанымдарына негізделетіні көпшілікке мәлім. Өзінің сыртқы саясатында осы ұстанымдарды басшылыққа алған кез келген мемлекет әлемдегі барлық елдермен, оларда үстемдік құрып отырған билік тәртібіне қарамастан, тату-тәтті қарым-қатынас орнатады. Ал бұл – әлемдегі тепе-теңдікті сақтаудағы басты талап. ХХІ ғасырдағы әлемдік халықаралық қатынастар өзінің әр алуандығымен ерекшеленді. Әлем елдері бүкіл дүние­жүзін қамтыған (БҰҰ немесе НАТО) немесе белгілі бір аймақтағы елдерді біріктіретін (ЕО немесе ШЫҰ) альянстар мен одақтар құрамында өзара бірлесіп өмір сүреді. Егемендiктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ көпвекторлы сыртқы саясат ұстанған Қазақстан әлемнің алпауыт елдерімен келісімге келе білді. Қазақ­стан экономикалық әлеуеттік қоры мол әрі әскери-стратегиялық аймақ бол­ған­дықтан, географиялық саяси (геосаяси) жағдай өте күрделi болды. Сол себепті де еліміз әлемнің жетекші елдерімен жан-жақты қарым-қатынастарды нығайтуға бар күш-жігерін салды. Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Н.Назарбаевтың көпвекторлы сыртқы саясаты еліміздің географиялық саяси орналасуымен тығыз байланысты. Елбасы тарихи тұста қазақ тарихының өткен кезеңінен қажетті сабақтарды терең меңгере білді. Өйткені, Қазақстан өзінің сан ғасырлы тарихында төңірегіндегі халықтармен қарым-қатынас орнатуда өзіндік тәжірибе қалыптастырды. Ба­ба­ларымыздың ХV-ХVІІІ ғасырларда Ресей, Жоңғария, Түркия, Қытай, Иран, Ау­ғанстан, өзге де көршілес елдермен қа­рым-қатынас орнатқаны тарихтан мәлім. Міне, сондықтан да мұндай тарихи байланыстар бүгінде заңды жалғасын тапты. Қазақ елінің қалыптасқан саяси жағ­дайда көршілерімен келісімге келе білуі ел тұтастығын сақтауда шешуші фактор бола білді. Осы саясат өткен замандарда Ресеймен солтүстік пен батысымыздағы жайылымдарды, Азияда ірі империяға айналған Парсы шахы Нәдірмен оң­түс­тіктегі, Жоңғариямен шығыстағы ау­мақтық мәселелерді шешуде септігін тигізді. 1760-жылдары қазақ хандары Әбілмәмбет пен Абылай ел мүддесі үшін Ауған шахы Ахметпен бірлесе Жоңғарияны түбірімен жойған Қытаймен келісімге келіп, шығысымыздағы күрделі қарым-қатынасты реттейді. Атақты Абы­лай ханның «Бабаларымыз Есім хан, Жәң­гір хан заманынан бермен қарай Қы­тай империясының лебізі мен ұлағаты бізге жетпей келіп еді», деп басталатын ха­ты қазақ-қытай байланысын жаңа сатыға көтереді. Тарихымыздағы Қазақ елінің көп­век­торлы сыртқы саясатының бір көрі­нісі ретінде ХVІІІ ғасыр басында қар­қынды басталып, кейін түрлі деңгейде жал­ғасын тапқан қазақ-орыс келіссөздерін атауымызға болады. Әбілқайыр ханның «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұла­ма­дан» кейінгі 1731 жылғы келісімін «бо­дандық» келісімі емес, керісінше, көп­векторлы саясаттың көрінісі ретінде қарай­тын уақыт жетті. Осыған байланыс­ты «Ресейге қазақ бодандығын» қалып­тас­тырған тарихи кезеңде қазақ хандары қабылдаған шешімдер мен олардың атынан жазылған хаттарды өз мамандарымызбен қайта саралауымыз қажет. Бүгінге дейін қазақ хандары қол­дары­нан шыққан араб тіліндегі хаттардың то­лық­қанды ұлттық мүддемізбен зерде­ленбегені жасырын емес. Керісінше, сол баяғы ұлы державалық саясаттың араласуымен орыс тіліне аударылған мамандардың аудармаларын бетке ұстаумен келеміз. Бұл арада Ресей тарихшысы А.В.Ремневтің: «Действительно, история казахов доимперского и имперского периодов в значительной степени была частью «подчиненного знания», сформированного и внедренного российскими учеными, которые собирали источники и создавали свои интерпретации, остающиеся влиятельными до сих пор. Художники и писатели России создавали образы кочевников, которые продолжают властвовать над умами людей до сих пор. Стереотипы империи оказываются чрезвычайно живучими и все еще входят в сферу «знания-власти» дегенінің астарында ащы шындық жатыр (Ремнев А.В. Может ли история Казахстана имперского периода быть постколониальной? Взгляд со стороны заинтересованного наблюдателя. – С.196-197 // Казахстан и Россия: научное и культурное взаимодействие и сотрудничество / отв. ред. Ш.К. Ахметова, З.Е. Кабульдинов, И.В. Толпеко, Н.А. Томилов. – Астана – Омск: Полиграфия «Еnter Group», 2013. – 275 с.) Жеңісі мен жеңілісі қатар жүрген, бабаларымыздың түн ұйқысын төрт бөлген тар жол тайғақ кешу жылдарының нақты нәтижесі – өз ұлттық бірлігін, аумақтық тұтастығын жоғалтпай, 1991 жылы әлемдік қоғамдастыққа енген бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Қазіргі таңда да Қазақ елі ХХІ ғасырдағы әлем саясатының тегеурінді жетек­шілері – екі алып империяның жә­не үш әлемдік діни өркениеттің – мұ­сыл­ман, христиан және буддизм қиылы­сында өз дара жолын табуда. Қос алып көршілеріміздің кей жағ­дай­да бір-біріне қайшы келетін өз ұлт­тық мүдде­лері болса, әлемдік діни өрке­ниет­­тер­дің географиялық кеңістікте тара­луы мүддесі Қазақстан аумағы арқы­лы өтеді. Елбасы «Нұрлы Жол – бола­шаққа бастар жол» Жолдауында: «Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһан­дық сынақтардың уақыты болады», деп ескерте келе, алдағы сынақтан «тек мық­ты мемлекеттер, жұдырықтай жұмыл­ған халықтар өтетінін», ерекше атап өтті. Осындай күрделі жағдайда көр­ші­лермен тату одақтастық саясат ұстану – еліміздің ұлттық мүддесінің қазіргі кезеңдегі талабы. Қазіргі әлемде қауіп­сіздік сақталуының басты кепілі эко­но­микалық мүддеге қатысты. Елбасы Ұлытауда: «Экономика өсіп-өнбесе, басқа шаруаның бәрі шешілмейді. Тіл де, дін де жайына қалады. Қазақтың да жағдайы жақсармайды. Сондықтан бұған түсіністікпен қарау керек. Құр сөзді қою керек», деп ашық ескертсе, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің, экономиканы сыртқы қолайсыз жағдайлардан қорғаудың маңыздылығын алға тартты. Бүгінгі таңда ел болашағынан туындайтын Қазақ елінің көпвекторлы сыртқы саясатының үш мызғымас мығым тұғыры бар. Бірінші – әлем елдерімен және халық­аралық ұйымдармен екіжақты және көп­жақты халықаралық саяси қаты­настар. 1992 жылы 5 қазанда Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н.Назарбаев алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ас­самблеясының 46-сессиясында сөз сөйлеп, еліміздің бейбітсүйгіш мемлекет ретінде БҰҰ Жарғысымен толық келісетінін баса атап көрсетті. Оның дәлелі ретінде Қазақстан жойқын қиратушы күшке ие ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Бұл халықаралық қатынастарда теңдесі жоқ қадам ретінде әлем елдерінің алдында Отанымыздың мәртебесін асқақтатты. Қазақстанның сыртқы саясаты тәу­ел­сіздік жылдары әлемдік деңгейде тереңдеуде. 2010 жылы елiмiздiң батыс жартышарындағы жетекші халықаралық ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуi, Астанада осы ұйымның жетiншi Саммитiн өткiзуi, 2011 жылы шығыс жартышарындағы сол дәрежедегі Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етуi – еліміздің күллі әлемді түгел қамтыған көпвекторлы сыртқы саясатының жемiсi. Екінші – әлем елдерімен әртарапты эко­номикалық байланыстар. Елбасы Н.На­зарбаевтың: «Қазір үлкен мемле­кет­­тердің мүдделері Қазақстанда түйісіп отыр. Біріншіден, біздің энергетикалық ресурс­тарымыз үшін түйісіп отыр. Оған Амери­ка, Ресей, Қытай, Еуропа және бас­қа­лары мүдделілік танытуда. Ал біз мұн­да тек Қазақстанның мүддесін көздей­міз», деуі ел мүддесін танытары даусыз. Қазіргі жаһандану үрдісі заманында қандай экономикалық тәуелсіздікке ұмтыламыз деген мәселе – еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының басым бағыты. Міне, сондықтан да Қазақстан әлемнің шикізаттық шеткі аймағы болып қалмас үшін, дүниежүзінің жоғары технологиялы елдерімен әртарапты экономикалық байланыстарын күн санап нығайтуда. Әлемдік дамыған экономикалық жүйелермен әртарапты қатынастардың басты саласы ретінде мұнай өндіру және мұнай экспорты маңызды. Қазақстан ТМД елдері ішінде мұнай қоры бойынша Ресейден кейінгі екінші орында. Болашақта мұнай өндірісінің ұлғаюы болжамдарын ескере отырып, мұнай тасымалдау инфрақұрылымын дамыту мәселесі аса маңызды және жаңа экспорттық жүйелерді ұйымдастыру кезек күттірмейтін мәселелердің алдыңғы қатарында әрі бұл көпвекторлы сыртқы саясатымыздың экономикалық тірегі екендігі даусыз. Еліміз әртарапқа тартылған мұнай құбырларына иелік ету арқылы әлемнің жетекші елдерімен қарым-қатынастарда сыртқы саяси дивидендтер ала алады. Қазақстан мұнайын тасымалдаудың экспорттық бағыттарын дамыту және әртараптандыру мақсатымен ірі жобаларды іске асыру жөніндегі жұмыстар белсенді жүргізілуде. Баку – Тбилиси – Жейхан құбырына қосылумен Қазақстан – Каспий тасымалдау жүйесін құру және Қазақстан – Қытай мұнай құбырының өткізу қабілетін ұлғайту еліміздің батыс іргесін де, шығыс іргесін де бекіте түседі. Рес­ми мәліметтер бойынша Қазақ­стан­дағы магистральді мұнай құбы­ры­­ның ұзындығы 7000 км.-дан артық. Солардың ішінде еліміздің әртарап­ты эконо­микалық байланыстарын қам­та­масыз етіп отырған ең ірілері Атырау – Новороссийск, Атырау – Самара, Атасу – Алашаңқай және Омбы – Павлодар – Шымкент құбырлары. Әлем елдерімен әртарапты эко­но­микалық байланыстарды оңтайлы жолға қоюда әлемдік сауда байланыстарының маңызы зор. Әлемдік сауда байланысында бірнеше ғасыр бойы теңіз жолдары басты орын алып келеді. Қазақ елінің жалғыз теңіз қақпасы – Ақтау халықаралық теңіз сауда порты. Каспий теңізінің шығыс жағасындағы халықаралық жүк тасымалы жүйесінде аса маңызды орын алатын Ақтау порты Азия және Еуропаның көптеген елдерінің су мен құрлық, теміржол, әуе жолдарының тоғысар торабында орналасқан. Ақтау қаласындағы бұл порттан кемелер Каспий теңізі арқылы Астраханьға, одан Еділ – Дон каналы арқылы Қара теңізге, одан әрі Жерорта теңізіне, мұхиттарға шыға алады. Бұған қоса, әртарапты экономикалық қатынастарды дамытуда маңызы зор Ақтау халықаралық теңіз сауда портынан шығатын теңіз жолдарының екеуі Иранның солтүстік айлақтарына, біреуі Бакуге жүк жеткізеді. Өткен дәуірдегі мемлекеттер ара­сын­дағы сауда-саттық істерінде ғаламдық құрлық көлік тасымалы артериясы болған «Ұлы Жібек жолының» Қазақ елі ау­мағы арқылы өткені – тарихи дәлел­денген факт. Қазіргі таңда, сол аңызға айналған көлік жолының заңды мұрагері ретінде бағаланып үлгерген «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық тас жолының Қазақстанға тиесілі бөлігі 2452 шақырымды құрайды. Қытай Халық Республикасының шекарасынан Қызылорда қаласына дейінгі I санат­тағы қашықтық 1391 шақырымды, ал Қы­зылорда қаласынан Ресей Федера­циясының шекарасына дейінгі II санаттағы бөлігі 1061 шақырымды құрайды. Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының экономикалық тұғыры – әлем елдерімен әртарапты экономикалық байланыстарды дамытуда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық тас жолының атқаратын рөлі зор екендігі ешқандай дау тудырмайтын ақиқат. Қазақстан соңғы жылдары темір жол қатынастарын да дамытты. Қазақстан теміржолы Түрікменстан арқылы Иранға, Жаңаөзен – Қызылгай – Берекет – Этрек – Горганға дейін созылды. Мұның өзі экономикалық мүмкіндігімізді Парсы шығанағына, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка бағытына кеңейтті. Жаңа бағытпен жылына 10 млн. тонна тауар тасымалданбақ. Бұған Ресеймен, Бе­лоруссиямен және Армениямен жасалған Еуразиялық экономикалық одақты қо­сыңыз. Сайып келгенде, мақсат біреу. Ол – әлемдік нарыққа шығу. Ал түпкі нәтижесі 100 миллиондаған экспортқа жол ашу. Үшінші – әлем елдерімен мәдени-гу­манитарлық бағыттағы қарым-қаты­настар. Қазақ елінің мәдени-гума­ни­тар­лық дамуы жалпыадамзаттық құнды­лық­тармен тығыз байланысты және көпвекторлы сыртқы саясат пен әлем елдерімен әртарапты эко­номикалық байланыстар арқылы қамта­масыз етіледі. Алдымыздағы ауқымды мақсат­тары­мыздың жүзеге асуы еліміздің мәдени-гуманитарлық дамуымен де тығыз байланысты. Бұған Қазақстанның әлеуеті де, экономикалық мүмкіндігі де толық же­теді және ендігі қалған мәселе – дамы­ған өркениетті елдер тәжірибесін игере отырып, еліміздің мәдени-гуманитарлық дамуын да инновациялық жолға қою, қазақ ұлтының дәстүрлі құнды­лықтары мен жаңа либералды құнды­лықтар сәйкестігін қалыптастыру. Қазақ елінің әлем елдерімен жан-жақ­ты мәдени-гуманитарлық байланыс­тарының дамуында төрткүл әлемнің дін көш­ба­с­шыларының басын қосқан діни съездердің алар орны ерекше. Съездердің маңызды ерекшелігі ретінде әлемдік барлық ірі конфессиялардың өкілдерінен басқа оның жұмысына көрнекті саясаткерлердің, мемлекет басшыларының және беделді халық­аралық ұйымдардың қатысуы болып табылады. Бұл жағдай әлемде қауіп­сіз­діктің күшеюіне, мәдениеттер мен өрке­ниеттердің жақындасуына ықпал етуге мүмкіндік жасайды және осы үрдістердің басында Қазақ елінің тұруы – еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының айқын жеңісі. Қазақ елінің мәдени-гуманитарлық дамуында бауырлас түркі халықтарымен рухани-мәдени байланыстар ерекше шешуші маңызға ие. Түркі халық­тары­ның мәдени-гуманитарлық ықпал­дас­тығын арттыру мақсатында 1993 жылы Алматыда алты бірдей түркі мем­ле­кетінің басшылары (Түркия, Қазақ­стан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзер­байжан, Өзбекстан) «ТҮРКСОЙ» ұйымын құруға шешім қабылдаған болатын. Қазіргі таңда ТҮРКСОЙ-дың аясы кеңіп, бұл ұйымға Солтүстік Кипр, Ресей Федерациясынан Татарстан, Баш­құртстан, Хакасия, Гагауз, Тыва респуб­ликалары мүше. Әсіресе, соңғы екі-үш жылда ТҮРКСОЙ-дың бойына қан жүгіріп, көптеген мәдени игі шаралар­дың ойдағыдай атқарылуына мұрын­дық болды. Штаб-пәтері Анкарада орналас­қан аталған ұйымның жұмысын одан әрі қарай жетілдіруде және түркі тек­тес халықтардың арасында мәдени-гума­ни­тарлық байланыстарды қамтамасыз етуде Қазақстан мен Түркияның алатын орны ерекше. Елбасы Н.Назарбаевтың тәуелсіздік­ке қол жеткізген алғашқы күндерден бас­тап шетелдегі ағайындармен байланыс жасауға айрықша көңіл бөлуінің өзі еліміздің болашақ мәдени-гума­ни­тарлық дамуын ойлаумен байланыс­ты еді. Ал қорыта келгенде айтарымыз – көпвекторлы саясат тәуелсіз еліміз­дің әлем картасынан өз орнын дәлел­деуге сөзсіз септігін тигізді және ол арқылы әлем халықтары сеніміне ие болды. Қазақстанның тек аймақтық қа­на емес, сонымен бірге, дүниежүзілік тұрақ­тылықты сақтаудағы белсенділігі, оның ашық саясаты Мәңгілік Еліміздің тұғырын биіктете беретіні сөзсіз. Әбілсейіт МҰҚТАР, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Тұрар ШАЙХИЕВ, саясаттанушы, доцент. Орал.