• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Мәдениет Бүгін, 08:12

Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы

24 рет
көрсетілді

Түрікменстанның Ашхабад қаласында халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мәдениет министрлері кеңесінің 41-отырысы өтіп, жиында «Анау – түркі әлемінің мәдени астанасы - 2024» іс-шарасы салтанатты түрде жабылды. Аталған көшпелі міндетті ТҮРКСОЙ ұйымы шешімімен Түрікменстанның Анау қаласынан біздің Ақтау қаласы қабылдап алды.

Алаш байтағының ақ маржаны – Ақтау қаласы 2025 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде іске кіріседі. Түрікменстандағы тарихи қала Анау биыл түркі мәде­ние­тінің астанасы ретінде жыл бойы түркітілдес бауырларды өзде­рінде қабылдап, түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыр­ған болатын. Мәдени астана болғандағы негізгі мақсат-міндет те сол – бауыр елдерді рухани-мәдени тұрғыда бірік­тіріп, мәдени-тарихи құндылықтарды насихаттау.

«Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» мерейлі жылы аясында 2025 жылдың наурыз айынан бастап Ақтау қаласында аталған іс-шараның салтанатты ашылуы болады. Сонымен қатар түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық қарым-қатынас пен достықты, ортақ мәдениет пен өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, оны әлемге таныту мақсатын­да түркітілдес мемлекеттер өнерпаздарының қатысуымен театр опера, би, дәстүрлі өнер және басқа да көптеген байқау мен фестиваль ұйымдастырылады. Ақындар айтысы, түркі әлемі суретшілерінің симпозиумы, қолөнер шеберлерінің фестивалі, тарихи-ғылыми конференциялар, ақын-жазушылармен кездесулер, түркі әлемінің ұлы ғұламаларының өмірі мен еңбектеріне арналған жиындар өткізіліп, өзге де мағыналы, тағылымды іс-шаралар да назардан тыс қалмайды.

Маңғыстаулық өнерпаздар Анау қаласындағы жабылу салтанатына барып, эстафетаны Ақтауға жеткізді. Маңғыстаулық өнерпаздарды әріптестері әуезді әнмен қуана қарсы алды. «Жорға» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Серік Сариевтің айтуынша, халықаралық деңгейдегі шарада достық және ынтымақтастық атмосферасы қатты сезілген.

«Өнерпаздармен бірге тарихи сәттің куәсі болдық. Жалпы, іс-шара аясында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия және Түрікменстанның түкпір-түкпірінен келген аспапшылар мен әншілердің шеруі ұйымдастырылды. Халықаралық деңгейдегі шарада достық және ынтымақ­тас­тық атмосферасының жылы лебі есіп тұрды. Біз бұл шараға үлкен дайындықпен 20 өнерпаз болып бардық. Оның ішін­де «Ақшағыл» этнофольклорлық ансамбль­­дің 2 өнерпазы бірнеше аспапта ойнау арқылы қойылымды ерекшелендірді. Мақтанышымыз Айгүл Қосанова мен «Жорға» би ансамблінің көрермендерге біріккен қойы­лым­ды паш етті. Сондай-ақ шарада Маңғыстау өңірі туралы бес минуттық фильм көрсетілді», деді «Жорға» би ансамблі­нің көркемдік жетекшісі Серік Сариев.

          

Маңғыстау облысы