Жуырда ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданындағы шекара басқармасында әскер қатарына алынған сарбаздардың ант беру рәсімі өтті.
Салтанатты рәсімді ашқан департамент бастығы полковник Әлібек Каюповтың бұйрығымен алаңға Жауынгерлік Ту келтірілген соң «Күз-2024» шақырылымының сарбаздары ант қабылдауға кіріскен. Осылайша, сарбаздардың «Мен, қатардағы жауынгер ....» деп саңқылдап шығып жатқан дауыстарынан шекараны қорғаудың барлық ауыртпалығын, туған елінің тыныштығы үшін желдің өтінде жүруге тас-түйін дайын екенін анық байқауға болатын.
Бұдан әрі рәсімнің негізгі бөлімі басталып, департамент бастығы полковник Ә.Каюпов, Ұйғыр ауданының әкімі Б.Елеусізова сөз сөйлеп, сарбаздарды ант қабылдауларымен құттықтады. Сондай-ақ сарбаздар атынан сөйлеген қатардағы жауынгер Дияс Тілектес өздеріне көрсетілген сенімді ақтап, ел шебін көздің қарашығындай күзетуге уәде берді.
Тағы бір айшықты оқиға, департамент бастығы полковник Ә.Каюпов көпшіліктің алдында «Срочник 2.0» бағдарламасының грантын жеңіп алған «Күз-2023» шақырылымының қос сарбазы, қатардағы жауынгерлер Расул Артықжанов пен Еділ Тілеубекке сертификат тапсырып, Отан алдындағы қызметтеріне алғыс білдірді.
Қатардағы жауынгер Нұржан Суровтың ата-анасы Исқар ағамыз бен Эльмира апай бүгінгі іс-шараға қатысу үшін Жамбыл облысының Қордай ауданына қарайтын Қызылсай ауылынан арнайы ат терлетіп жетіпті.
«Ата-ананың көңілі балада ғой. Ұлымызды көріп, мауқымызды басу үшін сағынып жеткен жайымыз бар. Көзіміздің қарашығы бүгін ант қабылдайын деп жатыр. Бұл да – ұлымыздың ер-азамат атанғаны. Біз үшін осы қуанышын көруден асқан бақыт бар ма?», дейді қатты толқыған И.Суров.
Іс-шара соңы шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының сахналық көрінісіне ұласты. Желдің өтінде жүруге жаралған сайыпқырандар шекара бұзушыларды ұстаудың әдіс-тәсілдерін шебер көрсете білген. Бұл үшін алаңды нағыз шайқас даласына айналдырған шекарашылардың әбжіл қимылдары олардың жауынгерлік даярлығы жоғары деңгейде екенін айғақтай түсті.
«Мен қазақпын» әні шырқалды. Патриоттық рухтағы тамаша әнге 500 сарбазбен бірге алаң шетіне жиналған халық та қосылған. Осылайша, қасқағым сәтте өте шыққан рәсімнен кейін ата-аналар ұлдарымен қауышып, мәре-сәре болды.
Алматы облысы