Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» ұйымдастырған «Жастар керуені» облыстың он екі ауданын аралап, жолға шықты.
Бүгінде мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты, әсіресе ауыл жастарын қолдауға бағытталған түрлі бағдарлама аз емес. Бірақ ол жөнінде көптеген жастар анық біле бермейді. «Облыстың бүкіл ауданын аралап, жастармен кездесуді мақсат тұтқан керуеннің көздегені – осы кемшілікті жою», дейді жоба жетекшісі Айболат Құрымбаев.
Айболат Шамұратұлының айтуынша, осы жоба аясында Қазақстан Президентінің жыл сайынғы Жолдауы мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы, «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген тақырыппен жарық көрген сұхбаты жастар арасында терең талқыланады. Жастар әлеуетін дамытатын бағдарламалар туралы ақпарат беріледі. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды жетілдіру бойынша ауыл жастарынан, тіпті оқушылардан да ұсыныс-пікір жиналады.
Осындай жобалардың арқасында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жылдан-жылға төмендеп, кәсіпкерлікке бой ұрған жастар көбейіп келеді. Ресми статистика да осыны растап отыр. Мемлекеттің жастарға деген қолдауының нәтижесінде оң өзгеріс байқалады.
«Жастар керуенінің» алғашқы сапары Сырым және Қаратөбе аудандарынан басталды. Қаратөбеде аудан жастарымен кездесу барысында «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының Батыс Қазақстан бойынша өкілі Светлана Дүйсенбаева отбасы құндылықтары турасында, Әлішер Ғұмаров видеография саласы бойынша, «Batys Oil» тренинг орталығының нұсқаушысы Светлана Тенишева «Алғашқы көмек көрсету дағдыларын оқыту» тақырыбында, ал жоба жетекшісі Айболат Құрымбаев «Волонтерлік қызмет» тақырыбында тренинг өткізді.
Кездесу концерттік бағдарламамен аяқталып, жастарға жағымды әсер сыйлады. Жастардың өзекті мәселелері мен пікірлері әртүрлі болғанымен, жобаның мақсаты – оларға қолдау көрсету және болашаққа сенімділікпен қарауға бағыттау. Бұл мақсат орындалған сияқты.
«Жастар керуені» 11-27 қараша аралығында Сырым, Қаратөбе, Бөрлі, Шыңғырлау, Теректі, Тасқала, Бәйтерек, Ақжайық, Қазталов, Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала аудандарында барлығы 1300-ге жуық жаспен кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Кездесу барысында жастардың өзекті мәселелері тыңдалып, оларға мемлекеттік бағдарламалар, ұлттық құндылық, кәсіпкерлік, отбасы тәрбиесі және т.б. тақырыптарда ақпарат беріледі. Тренерлер жастармен пікір алмасып, олардың сұрақтарына жауап береді. Спорттың түрлі салаларынан жетістікке жеткен жас спортшылар бос уақытты тиімді өткізудің жолдарын үйретеді. Әр ауданның өзекті мәселелеріне назар аударылады.
Батыс Қазақстан облысы