• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Байқау Бүгін, 08:43

Мамандық мәртебесін көтерген чемпионат

31 рет
көрсетілді

Елордада өткен IX республикалық «WorldSkills Kazakhstan-2024» чемпионаты өз мәресіне жетті.

Чемпионатқа өңірлік деңгейде үздік атанған 555 студент қатысып, 30 құзыреттілік бойынша бақ сынады. Байқауда студенттер ақпараттық, инженерлік, өндірістік технология­лар, көлік, әлеуметтік қызметтер, дизайн және басқа да маңызды салалар бойынша өз білімдері мен дағдыларын көрсетті. Бұл чемпионаттың басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, еңбек нарығына қажетті жас мамандарды жұмысқа орналастыруға ықпал ету.

Чемпионат аясында қатысу­шы­­лармен кездескен Премьер-министр Олжас Бектенов жас­тар­дың алған білімдері мен дағ­дыларының сұранысқа ие екенін атап өтіп, олардың еліміз үшін маңызды екенін айтты. «Президент жариялаған жұ­мыс­шы маман­дықтар жылы техникалық және кәсіптік білім берудің бүкіл еліміз үшін ерекше маңызын көрсетеді. Үкімет ал­ды­на экономика құрылымын жаң­ғырту бойынша өршіл мін­деттер қойылды. Ол үшін бізге энергетика, құрылысшы, ауыл шаруашылығы, көлік және су сала­сында білікті отандық мамандар қажет. Бұл ретте цифрлық трансформация мен технологиялық прогрестің сын-қатерлеріне дайын болу маңызды. Сондықтан біздің ортақ міндетіміз – қоғамның барлық ресурсын біріктіру. Бұл бағытта біз жастарымызға және осындай іс-шараларға жан-жақты қолдау көрсететін боламыз», деді Премьер-министр. Сондай-ақ Үкімет басшысы студенттердің кәсіби дағдыларын көрсетуіне мүмкіндік берген ма­мандандырылған аймақтар құр­ған компанияларға алғысын білдірді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «WorldSkills Kazakhstan» чемпионатын тек кәсіби байқау ғана емес, жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, экономиканың тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды алаң деп бағалады. «WorldSkills» қозғалысын дамыту арқылы біз халықаралық аренадағы позиция­мызды нығайттық. «WorldSkills» тек беделді байқау ғана емес, сонымен бірге жұмысшы маман­­дықтарының мәртебесін арт­тыруға және кәсіби еңбектің маңызын дәріптеуге бағытталған маңызды алаң. Бұл қозғалыс еліміздің тұрақты экономикалық өсуі мен технологиялық прогрес­ке қол жеткізуі үшін қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруда ай­рық­ша рөл атқарады. Сала­лық министрліктермен ынты­мақ­тас­тық арқылы біз еңбек нары­ғында сұранысқа ие мамандарды даярлап, оларды жұмыспен қамтуға жағдай жасаймыз», деді Оқу-ағарту министрі.

«Талап» КеАҚ президенті Санжар Тәтібековтің айтуынша, студенттер осы алаңда өз қабілеттерін көрсету арқылы еліміздің адами капиталын арттыруға үлес қосады. «Біздің алаң өз дағдыларымызды көрсете отырып, Қазақстанның адами капиталын арттыруға қатысуға дайын екенімізді білдіреді. Біз ТжКБ жүйесіне «WorldSkills International» стандарттарын енгі­земіз, тиісті оқыту арқылы педа­гогтердің біліктілігін арттыра­мыз. Сондай-ақ стандарттар демон­­стра­циялық емтихан өткізу арқылы білімді қорытынды бақылау кезін­де қолданылады», деді ол.

Чемпионат қорытындысы бо­йынша 108 жеңімпаз анықталды. Жеңімпаздар 32 алтын, 37 күміс және 39 қола медаль иеленді. 155 қатысушы «Үздік медальонға» ие болды. Командалық есепте Астана қаласы мен Абай облысының құрама командасы көш бастады, екінші орынды – Алматы қаласы және үшінші орынға Қарағанды облысы ие болды.

Айта кетейік, республика­лық кезеңнің жеңімпаздары келесі жылдың 9-13 қыркүйегі ара­лы­­ғында Данияда өтетін «EuroSkills-2025» халықаралық чем­пио­­натында еліміздің намысын қорғайды.