• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:50

Астық жиған әулет

27 рет
көрсетілді

Мамлют ауданындағы озық шаруашылықтардың бірі «Мамбетов и К» ЖШС-ның механизаторы Жамбыл Ахметов туған ауылы Бексейіттің сегіз жылдық мектебін бітірген соң Пресновтың ауыл шаруашылығы училищесінен механизатор-машинист мамандығын алды. Одан кейін әскерге шақырылып, құрылыс батальонында міндетін атқарды. Әскерден келген соң комбайн руліне отырып, орақ науқанында үнемі алдыңғы қатардан көрініп жүрді.

Ж.Ахметов бұрынғы «Мең­гесер» кеңшарының орнына құрылған «Мамбетов и К» ЖШС-да бірнеше жылдан бері озат комбайншы атағын бермей келе жатқан жігіт.

– Әкем комбайншы болды. Жаңбыр жауып, жер саз болып, комбайн жүре алмай қалғанда егістік ауыл маңында болса «Нивасын» үй­дің алдына әкеліп қоятын. Сон­дайда балалардың ермегі ком­байнның кабинасына кі­ру болатын. Әкемнің «құлап қаласаңдар, мертігесіңдер» деп ұрысқанына қарамай «Ни­вадан» түспейтінбіз. Әсіресе мен оның рулін айналдырғанды жақсы көруші едім. Басқа балаларды оған жолатпауға тырысатынмын. Түсіме де комбайн кіретін. Ақыры сол, әкем­нің комбайнына мінгеннің әсерімен мен де комбайншы болдым», дейді еңбек майталманы. – Қазіргі комбайндар тамаша, іші ыстық емес, кондиционерлері бар, шаң да кірмейді, ақ көйлекпен отырып, аппақ жағаңа кір шалдырмай шығуға болады. Тек оның жағдайын қатаң бақылап, түрлі көрсеткіштердің талабын үзбей орындауың керек. Мысалы, май азайып қалды деген белгімен түймешенің сары жарығы жанса, бірден тоқтап, май құюың керек. Бізде кейбіреулер ондайды елемей қызыл жарық жанғанша жүре береді. Сөйтіп, тамаша комбайнның істен шығуына әкеп соқтырады. Ал мен өз комбайнымды қызымдай мә­пелеймін, соның арқасында ол орақ бойы тоқтамай, міне биыл үлкен жетістікке жетіп отырмыз.

Шынында, Жамбыл Байқуа­нышұлының биылғы жетістігі орасан. Ол 29 500 центнер ас­тық жинап, өзі үшін де, шаруа­шылық үшін де рекорд жасап отыр. Баяғыда «Нивамен» ең көп дегендер 10 мың центнерден астық жинағанға мәз болса, қазіргілер одан үш есе артық астық жинауға қол жеткізуде екен. Озық технология дегеннің артықшылығы осы. «Мамбе­тов и К» серіктестігі облыстағы озық шаруашылықтардың бірі. Кәсіпорын үкіметтің көме­гі­нің арқасында немістің, амери­каның жоғары сапалы комбайндарын сатып алып, тек солармен ғана жұмыс істейді. Шаруашылықтың бас директоры Еркебұлан Мәмбетов – Мәжіліс депутаты.

Жамбыл Ахметов –  көпбала­лы отбасының түлегі. Олардың отбасында 12 бала өсіп-өнген. Жамбыл мен Зураштың шаңы­рағында да үш бала туып-өс­кен. Үлкен ұлы Астанада, бір құрылыс компаниясында прораб болып істейді. Қызы – бала­бақшаның тәрбиешісі. Ал кіші ұлы мектеп жасында.

Шаруашылық Ж.Ахметов­тің еңбегін жоғары бағалап, оған Бурабайдағы санаторий-курорт­тардың біріне тегін жол­дама сыйлады. Ол жиырма жылдық еңбек жолында көп­теген құрмет грамотасы, Алғысхаттар, ақшалай-заттай сыйлықтарға ие болған. Биылғы орақта тапқан еңбекақысы да жоғары білікті комбайншыға лайық, аса қомақты екен. Бірақ компанияның қол қойғызған талабы бойынша жалақы кө­лемін көлденең жұртқа жария етпейді. «Өзім риза болсам болды емес пе» деп күледі.

 

Солтүстік Қазақстан облысы