Кереге таулы Кеген ауданының бүгіні мен келешектегі келелі істерін көрсету мақсатында БАҚ өкілдерінің басын қосқан кең ауқымды баспасөз-тур ұйымдастырылды. Сапар барысында аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалар туралы баяндап, бірқатар нысанның жұмысымен таныстырды. Биылғы жылдың 9 айында аудандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 18,7 млрд теңгені құраған. Негізгі капиталға 4,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Осы уақыт аралығында 3322 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 335-і заңды тұлға болса, 1467-сі – жеке кәсіпкерлер. Ауданда 1520 шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Шынымен шыны көпір салына ма?
Көрікті табиғаты талайларға таңдай қақтыратын Кеген ауданында отандық туризмнің әлеуетін арттыратын мүмкіндік мол. Елімізді әлемге әйгілейтін Көлсай мен Қайыңды көлдері осы өңірде. Енді олардың қатарын «Қара шатқал» туристік аймағы толықтырмақшы.
Туризм ауданның табыс көзіне айналып отырғанын айрықша атап өткен жөн. Айталық, биылғы жылдың 9 айында ауданға 361223 турист келіп, бюджетке 81 млн 408 мың теңге салық түскен. Салыстырмалы түрде қарар болсақ, өткен жылдың 12 айында ауданға 244733 турист табан тіреп, бюджет қоржынына түскен қаржы қоры 89 млн 464 мың теңгені құраған. Сонымен қатар Қырғыз Республикасына өтетін Кеген кедендік бекеті мен Шарқұдық альпинистік лагеріне де келушілер қатары көбейген. Туризмнің дамуы – өңірдің әлеуметтік әлеуетін арттыруға оң ықпал етіп отыр.
Өңірге сапар барысында ең алдымен табан тірегеніміз – келешегі зор «Қара шатқал» туристік нысаны болды. Бұған дейін бұл жерде әрлі-берлі өткен жолаушылар суретке түсіп, шатқалдың ғажайып көрінісін тамашалап қана өтетін еді. Кейінгі бірер жылда самаурынның түтіні көкке өріліп, туристерге ыстық шай мен ұлттық тағам түрлерін ұсынатын шағын сауда нүктесі пайда болды. Енді аз уақытта адам танымастай өзгеріп, еліміздегі теңдесі жоқ бірегей туристік аймаққа айналатынын сүйіншілеу артық етпес. Оған шетелдерде ғана бар шыны көпірдің салынуы себеп болмақшы. Бірегей жобаны жүзеге асыруды екі компания қолға алған. Оның бірі бүгінде 400 млн теңге құйып іске кіріскен «Қара шатқал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, екіншісі – 1,5 млрд теңге қаржы құюға даяр «ASK Capital» компаниясы.
Елімізде тұңғыш рет жүзеге асатын шыны көпірдің биіктігі 80 метр болса, ұзындығы 170 метрге жуықтайды. Бір мезетте 500 адам жүріп өтуге қауқарлы көпірдің құрылыс жұмыстарын 2025–2026 жылдары жүзеге асыру жоспарланған.
«Бұл жерді жергілікті халық «Көртоғай» деп атап келген. Кейінгі жылдары «Қара шатқал» дейтін болды. Сол себепті, жобамызды осылай атап, іске асырып жатырмыз. Алдағы 3 жыл ішінде 500 млн теңге инвестиция құйып, осы арадан заманауи үлгідегі 30 үй тұрғызып, 3 коттедж бен 3 ұлттық мейрамхана салу жоспарда бар. Бұған қоса шатырлы қалашық пен хайтэк стиліндегі үйлер салынатын болады. Мақсатымыз – еліміздің сұлу табиғатын жаһанға танытып, ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді дәріптеу», дейді жобаны жүзеге асырушы кәсіпкер Сырым Көлбаев.
Туристік аймақта қосымша 3,5 гектар жерге балық шаруашылығын салып, өндіріс өрісін кеңейту де жүзеге аспақ. Туристердің қызығушылығын арттырып, табиғат төсінде серуендеуге қолайлы жағдай қарастырылған.
«1,5 млрд теңгені құрайтын бұл жоба ТМД елдерінің ішінде тұңғыш жүзеге асатынын айрықша атағымыз келеді. Салатын көпіріміз Қытай еліндегідей шыныдан жасалып, жобамызда көпірді шытынатып көрсететін арнайы экран дыбыс эффектісімен қойылатын болады. Туристер көпірден өткен соң, одан әрі қарай атпен, квадрациклмен серуендеуіне мүмкіндік жасайтын боламыз. Ойын алаңдары да бой көтереді. Жоба алдағы екі жылда аяқталады», дейді «ASK Capital» компаниясының өкілі Манат Тағаев.
Жоба іске қосылса, 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Туристік аймақта көлік тұрағы, кәріз жүйесі сынды проблемалардың туындамауы басты назарда. «Қара шатқалдың» инфрақұрылымын дамыту мақсатында алдымен жарықтандыру жұмыстары қолға алынып, аудандық әкімдіктің қолдауымен электр бағандары орнатылып жатқаны туралы аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы баяндап берді. Алдағы жылдары шынымен шыны көпір салынатын болса, табиғаты таңғажайып ауданға ағылатын туристер саны еселеніп, Кеген ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалы арта түсері сөзсіз.
Сондай-ақ ауданның туризм саласында жүзеге асатын ірі жобаның бірі – Көлсай көліне аспалы жол салу жоспарланып отыр. «ASK Capital» компаниясы жүзеге асыратын бұл жобаның құны – 5,0 млрд теңге. Жоба 2026 жылы жүзеге асырылады.
Ет комбинаты іске қосылады
Түгін тартса майы шығатын Кеген ауданы аграрлық аймақ саналады. Төскейіне төрт түлік өргізген өңірде мал басы көбейген. Аудандағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі осы жылдың 9 айында 17 млрд 691 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,6 пайызға орындалған. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 2 млрд 838 млн теңге, мал шаруашылығы 14 млрд 745 млн теңгені құраған.
Бүгінде аудандағы ірі қара 47 241 бас, қой-ешкі саны 202 302, жылқы 27 223 басқа жетсе, сонымен қатар 20 703 құс өсіріледі. Десе де, үйін – жанға, қорасын малға толтырып отырған жергілікті халықты жұмыспен қамтып, табысын еселейтін әрі ет-сүтін өткізетін бірде-бір өңдеу кәсіпорнының жоқтығы кемшілік көрінуші еді. Енді бұл олқылықтың орнын толтыратын заманауи ет комбинатының іске қосылуына аз уақыт қалғаны жөнінде жағымды жаңалық бар.
Тасашы ауылдық округінің аумағынан бой көтерген «КегенМясПром» ЖШС ет комбинатының қуаттылығы толығымен іске қосылар болса, тәулігіне 40 ірі қара, 150 ұсақ мал, 10 жылқы сойылады. Комбинат құрылысын облыс және Кеген ауданы әкімдігінің қолдауымен «BAZIS-А» корпорациясы өз қаражаты есебінен 2021 жылы бастаған. Нысан жыл аяғында іске қосылады.
«Ет комбинатына Кеген, Ұйғыр, Райымбек аудандарының, сондай-ақ көршілес қырғыз елінің де малын қабылдайтын боламыз. Кәсіпорынға жергілікті халық тұрақты жұмысқа орналасады. Қазірде комбинат жұмысына орналасатын 60-қа жуық адамды оқытып, мамандыққа даярлаудамыз. Мұнда сойылған малдың етінен тәулігіне 1,5 тонна шұжық өнімдерін, 1000 банка консервіленген өнім даярлау жоспарланып отыр. Бүгінгі күні комбинат құрылысының 90 пайызы аяқталып, құрал-жабдықтары толық орнатылды. Өндіріс желісін іске қосу алдында 2-3 ірі қараны сойып, техникалық сынақтан өткіздік. Қазір өндірістік қауіпсіздік сертификаттарын алуға қатысты жұмыстар жасалып жатыр», деген «КегенМясПром» ЖШС директоры Тоқтарбек Баймолдаев автоматтандырылған ет комбинатының жұмыс үдерісімен таныстырды.
Жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Комбинат маңайынан малдың терісі мен жүнін өңдейтін цехтар да іске қосылатын болады. Қалдықсыз өнім өндіруді көздеген кәсіпорын басшылары осы салаларды дамытуда білікті мамандарды іздестіріп, алдын ала оқытып жатқаны туралы да жан-жақты баяндады. Ет комбинаты жұмысын бастаса, мал өсіріп отырған ауыл халқының әл-ауқаты артуына айтарлықтай ықпал етері анық.
30 отбасы баспаналы болды
Баспаналы болу басты мәселеге айналған уақытта жылдап кезегін күткен жандардың тұрғын үй кілтін қолына алған қуанышына ортақтасудың сәті түсті. Кеген ауылының іргесінен бой түзеген жаңа үйлер көз қызықтырады. Кейінгі бес жылда 71 үй салынған. Жаңа шағын ауданға былтырдан бастап үй кезегінде тұрған көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар, бюджеттік сала қызметкерлері қоныстанып келеді. Жақында осы санаттағы 30 отбасына Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев жаңа баспананың кілттерін салтанатты түрде табыс етті.
«5 баланың анасымын және 2 қыздың асыраушысымын. Осы 7 баланы өсіріп, жеткізіп келемін. Үйдің кезегін 10 жыл күттім. Бүгін кезегім келіп, үйдің кілтін алып, қуанып отырмыз. Енді балаларым қысылып-қымтырылмай сарайдай үйде асыр салып ойнап, емін-еркін өсетін болды», дейді жанарына жас алған көпбалалы ана Эльмира Нұртаева.
Талапқа сай салынған тұрғын үйлердің бөлмелері кең әрі жарық. Жылыту пештері қойылып, ауызсу мен жарық желілері іске қосылған. Заманауи үлгідегі үйдің табалдырығын аттаған жұрт ата дәстүрге сай шашу шашып, бата беріп, ақжарма тілектерін арнап жатты.
«Бүгінгі күнге дейін ауданымызда 70-тен аса отбасы баспаналы болды. Қолданысқа берілген 30 үйдің құрылысына жергілікті бюджеттен 942 млн теңге бөлініп, игерілді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында мұндай қуанышты сәттер әрі қарай да жалғасатын болады», деген аудан әкімі қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтады.
Бүгінгі күні ауданда 500-ге жуық адам үй кезегінде тұрғанын ескерер болса, мұндай жағымды жаңалықтар жалғасына табатын болады.
Баспасөз туры барысында Кеген ауылындағы З.Нұрқаділов атындағы Өнер мектебінің ұжымымен, Ұзынбұлақ, Ақсай ауылдарының жол құрылыстарымен, Қарқара, Жылысай ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт, мәдениет үйі мен балалар ойын алаңы, шағын футбол алаңының құрылыс жұмыстарымен таныстық.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңестегі сөзінде: «Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қажет болса, оларды қолдап отыру керек. Мұның бәрі мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ел мүддесін ескере отырып шешім қабылдауға жол ашады», деп атап өтті. Сондықтан бұқараның көтерген ұсыныс-тілектерін басты назарға алып, толғандырған 193 проблемалық мәселенің картасы дайындалып, оңтайлы шешім тауып келеді. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берер инвестициялық жаңа жобаларды қолдап, жүзеге асыруда бірлесе жұмыстар жасап келеміз», деді баспасөз турын түйіндеген аудан әкімі Н.Теңізбаев.
Алматы облысы,
Кеген ауданы