• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 09:50

Білім саласындағы әріптестік дәнекері

53 рет
көрсетілді

Челябі мемлекеттік университетінің Қостанайдағы филиалы – шекараның екі бетінде жатқан көршілес аймақтардың ғылым және білім саласындағы ынтымақтастығына ұйытқы болып отырған білім ордасы.

Екі елдің Білім және ғылым ми­нистр­ліктерінің келісімімен 2000 жылы ашылған филиалдан бүгінге дейін 13 мыңнан астам шәкірт жоғарғы білім алып шықты. Олардың дені мемлекеттік қызмет, құқық қорғау, заң, білім саласында жемісті еңбек етіп жүр.

Бүгінде ЧелМУ филиалында екі жарым мыңнан астам студент Ресейдің жоғары оқу орындарына арналған бағдарламасына сәйкес құқықтану, қаржы және кредит, лингвистика, менеджмент мамандықтары бойынша білім алып жатыр.

«Біздің филиал өте бір қиын кезеңде құрылды. Тоқсаныншы жылдары өңір жастарының көбі Ресей, Беларусь, Украина, Германия елдеріне кетіп жатты. Бұған бірқатар ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутат­тары алаңдаушылық біл­діріп, сыртқа кетіп жатқан жастар ағынын қалай тоқтатуға болады деген мәселе көтерді. Олар Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдарына жүгініп, Қостанайда Ресей жоғары оқу орнының филиалын ашу туралы өтініш білдірді. Осылайша, 1998 жылы Челябі мемлекеттік университетінің өкілеттігі жұмыс істей бастады. Ал 2000 жылы екі ел министрліктерінің келісімімен Қостанай қаласында Челябі мем­лекеттік университетінің филиалы ашылады. Біздің филиал көптеген жастың осында білім алып, жұмыс тауып, тұрақтап қалуына, көші-қон ағынының баяулауына септігін тигізді», дейді филиал басшысы Наталья Нализко.

Қостанайда екі елге ортақ білім ордасының ашылып, әрі қарай дамып, қалыптасуына құқық қорғау саласының ардагері, заң ғылымдарының кандидаты Таран Атжанов пен заңгер-ғалым Александр Роднов көп еңбек сіңірді. Олар филиал құрыла салысымен Ресей мен Қазақстаннан көптеген оқытушы-ғалымды шақырып, білікті мамандарды тарта білді. Білім ордасының материалдық-техникалық негі­зін, оқу-әдістемелік қорын қалыптастырды. Одан кейін филиал тізгінін қолына алған заңгер-ұстаз Раиса Төлегенова бұл игі істі одан әрі жалғастырып, оқу ғимараттарын кеңейтті, музей, кітапхана ашты. Қазақстан мен Ресейдің озық университтерімен, ғылыми орталықтарымен байланыс орнатып, олармен тәжірибе алмасып отыруға, бірлес­кен ғылыми ізденістер мен жоба­лар­дың жүзеге асырылуына көп еңбек сіңірді.

«Біз өзіміз жұмыс істеп жатқан 24 жылдың ішінде Қазақстан немесе Ресей бюджетінен бір тиын да алып көрген жоқпыз. Бүгінгі жетістігіміздің бәріне өз күшімізбен қол жеткіздік. Материалдық-техникалық керек-жарақтардың бәрін, жиһаз, кітап, қалам-қағазға дейін студенттердің оқуы ақысынан түскен қаржыға сатып алып отырамыз. Білім беру сапасына келсек, біздің түлектеріміз бүгінде прокуратура, сот, құқық қорғау, білім салаларында жемісті еңбек етіп жүр. Филология бөлімін бітірген шәкірттеріміздің жартысынан көбі – ауылда мектеп мұғалімі. Тіпті  бір түлегіміз көршілес облыстардың бірін басқарып отыр», дейді филиал басшысы.

Білім ордасында күнделікті таңертең, дәріс басталмас бұрын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқалады. Филиал студенттері қай маман­­дыққа оқып жатқанына қара­мастан, міндетті түрде Қазақстан тарихы мен қазақ тілі пәндерінен дәріс алып, сынақ тапсырады. Филиалда оқу-тәрбие үдерісімен қатар, саламатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды спортпен шұғылдануға тарту мәселесі де оң жолға қойылған. Мәселен, ЧелМУ филиалының баскетболшылары – еліміздің ЖОО-ы ішінде Қазақстан құрамасының сапында ойнайтын жалғыз команда.

Бас кеңсе Челябі қаласында болғандықтан филиал студенттері мен оқытушылары Ресей мемлеке­тінің ғылым мен білімді дамытуға арналған гранттарын ұтып алып жатады.

ЧелМУ филиалы Ресейдің Югорск, Түмен, Беларусияның Витебск, Гомель, Минск универ­ситет­­терімен, Қазақстанның алдың­ғы қатарлы жоғары оқу орындарымен халықаралық әріптестік туралы келісімшарт аясында тығыз байланыс орнатқан. Қазіргі заманда мұндай ашық әріптестікті дұрыс жолға қой­май, студенттерге сапалы білім беру мүмкін емес екені белгілі. Қостанай филиалының Ресейдің жоғары оқу орындарымен бірлесіп қолға алып жатқан ғылыми жобалары да баршылық. Мысалы, әлеуметтік-гуманитарлық және жаратылыстану пәндері кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Павел Шаблей біраздан бері Ресей мұсылмандарының тарихын зерттеумен айналысып келеді. Сергей Павловичтің бұл бағыттағы зерттеу еңбектеріне ресейліктер ғана емес, Жапония, Италия, Нидерланды, Аустрия ғалымдары да қызығушылық танытып отыр.

ЧелМУ филиалы 22 қара­шада осымен екінші рет «Еура­зия қақпасы» деп аталатын ха­лық­аралық форум өткізуді жос­парлап отыр. Форумға мем­лекет­тік қызметшілер, ғалымдар, білім, бизнес, мәдениет саласының өкіл­дері қатысады.

«Форум барысында көршілес екі елге ортақ экология, экономика, ақпараттық кеңістік, жоғарғы білім, мәдениет мәселелері қарас­ты­рылады. Бізді рухани діңі ұқсас ортақ тарихымыз байланыстырады. Мұның сыртында, біз көршілес жатқан өңірлерміз. Сондықтан бірлесіп шешетін ортақ мәселелер де баршылық. Мұндай іс-шаралар Қазақстан мен Ресейдің бизнес, білім, мәдениет саласындағы дәс­түр­лі байланысын нығайта түседі», дейді Наталья Нализко.

Филиал басшысының айтуын­ша, өткен жылғы форум бір­қатар бірлескен ғылыми жоба­лар­дың қолға алынып, ғылыми мақала­лар­дың жазылуына, әріптестік туралы келісімшарт жасасуға ықпал еткен.

«Биылғы форумға белгілі тарих­­шы Саттар Мәжитов арнайы келіп қатысады. Ресей тарапынан да бірнеше ғалымдарды күтіп отырмыз. Форум барысында Ресей қазақтарының салт-дәстүрі, тарихы әңгіме болады. Ресей қазақтарының ұлттық киім үлгілері көрмеге қойылады. Ауыл шаруашылығы саласындағы ортақ мәселелер талқыланады», дейді филиал директоры.

 

Қостанай облысы