• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2015

Семейдегі дауыл

750 рет
көрсетілді

Семейде сұрапыл дауыл болды. 14 маусым күні сағат 18.30-да орын алған табиғаттың тосын оқиғасы шаһар тұрғындарын біраз әбігерге салды. Секундына 20-35 метр жылдамдықпен соққан адуын жел бірқатар нысандардың шатырын жұлып кетіп, көше жиегіндегі тал-теректерді құлатты. Қаланың бірқатар бөлігінде жарық өшті. Стансалардағы электр қуатының болмауынан 40 мыңға жуық семейлік тұрғын сусыз қал­ды. Төтен­ше оқиғадан соң Семей қа­ла­сының жедел жәрдем қыз­меті­не 10 зардап шеккен тұр­ғын хабар­­ласып, оның 8-і түрлі дене жара­қаттарымен ауруханаға жатқы­зылды. Олардың арасында үстіне сынған ағаш құлаған әйел және жел жұлып кеткен шатырдың астын­да қалып, жарақаттанған екі ер адам бар. Дауылдан қаладағы 11 мектеп, 12 көпқабатты үй, 3 әлеу­мет­тік-мәдени нысан және 30 жеке тұр­ғын үй мен жоғары кернеу­лі электр желісі, 28 электр қуа­тын беру желі­лері, билбордтар, 28 авто­кө­лік зардап шекті. Сондай-ақ, 10 көше мен 4 жол өткелін су басты. Ең бас­тысы, адам шығыны орын алған жоқ. Қазіргі кезде облыс әкімі­нің орынбасары Димитрий Гариковтың төрағалығымен төтенше жағдай зардаптарын жою жөніндегі комиссия жұмыс істеуде. Өңір басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша қалада қалпына келтіру жұмыстары түні бойы жүргізілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне қара­ғанда, дереу қолға алынған жұмыс­тар нәтижесінде электр жары­ғынсыз қалған 57184 абоненттің басым бөлігі электр қуатына қайта қосылды. Апат салдарын жоюға жергілікті атқарушы органдар мен жедел жұмылдыру құрылымдары тартылды. Атап айтқанда, дауыл зардаптарын жою мақсатында 50 техника мен 200-ге жуық маман жұмыс істеуде. Сондай-ақ, автокөлік жолдары құлаған ағаштардан тазартылып, жол қозғалысы қалпына келтірілді. Бағдаршамдар істемей тұрған көше қиылыстарындағы көлік қозғалысын реттеуге жол сақшылары тартылды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». СЕМЕЙ.