Топтамалық ақпаратты сала министрлігі жариялады. Спорттың 6 түрінен отандастарымыз жеңіс тұғырларынан көрінді, деп жазады Egemen.kz.
Шорт-трек: Италияның Бормио қаласында шорт-тректен Alta Valtellina Trophy халықаралық жарысында Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алды.
Мәнерлеп сырғанау: Қытайдың Чунцин қаласында Гран-при турнирінде Михаил Шайдоров күміс жүлдегер атанды. Ол былтыр осы жарыстың қола жүлдегері атанған еді.
Семсерлесу: Канаданың Ванкувер қаласында өткен семсерлесуден Әлем кубогінде Қазақстан ерлер құрамасы қола жүлдеге қол жеткізді.
Пара дзюдо: Астанада өткен халықаралық Grand Prix турнирінде құрама спортшылары 14 медаль (6 алтын, 4 күміс, 4 қола) олжалап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Теннис: Жібек Құламбаева Португалияның Лозада қаласында өткен ITF W35 турнирінің жұптық сынында чемпион атанды. Жерлесіміз Беларусь өкілі Юлия Хатукамен бірге жұп құрап, финалда ресейлік Полина Яценко мен бельгиялық Ханне Вандевинкельден 6:3, 1:6, 10:4 есебімен басым түсті.
Эстетикалық гимнастика: Эстонияның Тарту қаласындағы эстетикалық топтық гимнастикадан әлем чемпионатында спортшыларымыз 2 қола медаль еншіледі.