Бокстан Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі болды. Ұлттық командамыздың бас бапкері Қайрат Сәтжанов сары құрлықтың басты додасына үздік шәкірттерінің барлығын қосуды құп көрген екен. Аталған жарыстың жалауы 29 қараша – 11 желтоқсан аралығында Таиландтың Чиангмай қаласында желбірейді.
Кеше Астанада Қазақстан, Куба, Ресей құрама боксшылары бас қосқан оқу-жиындары аяқталды. БАҚ өкілдерін арнайы шақырған іс-шарада үш елдің боксшылары спарринг өткізді. Құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов боксшылардың дайындығына көңілі толатынын айтты.
– Құрама жігіттері жақсы дайындалды. Куба, Ресей боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу өткізудегі әу бастағы жоспарымыз боксшыларымыздың Азия чемпионатына толықтай дайын болып баруы еді. Жоспар орындалды. Енді тек нәтиже көрсетуіміз керек, – деді ол.
Таи елінде Санжар Тәшкенбай (48 кг), Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмуд Сабырхан (54 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Бейбарыс Жексен (60 кг), Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Абылайхан Жүсіпов (71 кг), Диас Молжігітов (75 кг), Ерасыл Жақпеков (80 кг), Бекзат Нұрдәулетов (86 кг), Сағындық Тоғамбай (92 кг), Айбек Оралбай (+92 кг) сынды саңлақтар күш сынасады. Араларында осалы жоқ, «кілең ығай мен сығайлар». Алды Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салса, басқалары талай дүбірлі додаларда ысылғандар. Бұл жолы, тіптен, кәсіпқой боксшылар да қатарға қосылған екен. Ал осындай командамен Азияның алды болмай көр.
Сары құрлық чемпионатында 92 кг салмақта ел намысын қорғайтын Сағындық Тоғамбайдың айтуынша, кіл мықтылар бас қосқан оқу-жиынында біраз жұмыс атқарылды.
– Қазақ боксы бұрын да, қазір де мықты. Әр салмақта бәсекелестік жоғары. Сондықтан 13 салмақта ел намысын қорғайтын жігіттер барын салатыны анық. Куба мен Ресей боксшыларымен өткізген оқу-жаттығу жиынында өзіміздің кем-кетіктерімізбен жұмыс істедік. Мұндай спаррингтер біздің шыңдалуымызға керек, – деді С.Тоғамбай.
Былтыр Амманда өткен Азия чемпионатын еліміздің құрамасы 3 алтын, 6 күміс, 3 қоламен қорытындылады. Жігіттердің арасынан Санжар Тәшкенбай (48 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Айбек Оралбай (92 кг) бас жүлдені олжалады. Бұл көрсеткіш жалпы командалық есепте көш бастауға жеткіліксіз болды. Себебі Өзбекстан әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетті. Олар 5 алтын, 2 күміс, 3 қоланы қоржынға салды. Көршілес елдің өкілдері арасынан Хасанбой Дусматов (52 кг), Абдумәлік Халоков (57 кг), Руслан Абдуллаев (63,5 кг), Саиджамшид Джафаров (75 кг), Лазизбек Муллажоновтың (+92 кг) мерейі үстем болды. Таиланд пен Иорданияға екі, Филиппинге бір-бір алтыннан бұйырды.
Ол аз десеңіздер, соңғы әлем чемпионаты мен Олимпия ойындарында да өзбектерден ойсырай ұтылдық. Бәлкім осы жолы Қайрат Сәтжанов бастаған команда сәтсіздіктің сеңін бұзып, сыралғы қарсыластарын қапы қалдырар. Жанкүйерлердің арманы осы.