• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Айбын 26 Қараша, 2024

Көш басында – Өзбекстан командасы

42 рет
көрсетілді

Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогі өтті. 15 елден 200-ден аса спортшы ме­дальдар жиынтығын бөліске салды.

Турнирдің салтанатты ашылу рә­сімінде Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогі Астанада алғаш рет ұйымдастырылғанына қарамастан, жоғары деңгейде өткенін айтты. Әлем кубогін Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубы, Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, сондай-ақ еліміздің қоян-қолтық ұрыс қауымдастығы ұйымдастырды.

Әлемдік додада ел үмітін арқалап шық­қан саңлақтар арасында қоян-қолтық жекпе-жектен, панкратионнан, ММА жекпе-жегінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қоян-қолтық ұрыстан Азия, әлем чем­пионаттарының қола, күміс жүлдегері, ХІХ Азия ойындарының қола жүлдегері Аян Тұрсын, қоян-қолтық ұрыстан ТМД чемпиондары, лейтенанттар Арман Ерменбет, Айдын Нұриддинов, сержант Санат Садықов, қоян-қолтық ұрыстан халықаралық турнирдің чемпионы, панкратионнан әлем чемпионатының жүлдегері Абылай Шәкірбеков те шеберлігін сынады. Қыздар арасында Қарулы күштер қызметшілері, ММА-дан әлем, Азия чемпионы, қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы Талшын Жұматаева, панкратионнан еліміздің чемпионы Зарина Есполова, сегізбұрыш кәсіби лигасының жауынгері, қоян-қолтық ұрыстан халықаралық ойындардың чемпионы Анто­нина Котляревская бастаған үздіктер айқасқа шықты.

Ерлер 10, әйелдер 7 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Өзбекстан құрама командасының сапындағы Гийосиддин Джамолидинов (57 кг), Олимжон Нормуродов (67 кг), Азизхон Абдуллаев (73 кг), Асадбек Хикматов (80 кг), Ильёс Камилов (+97 кг) әлем кубогінің иегері атанды. Жерлестеріміз Айдын Нұриддинов (62 кг), Бекзат Ақтанов (88 кг), Мейрамбек Алматов (97 кг) жеңіске жетіп, ел мерейін асырды. Сондай-ақ 73 кг-дан жоғары, абсолютті салмақта сынға түскен спортшымыз Асылбек Смайылов алтын медаль олжалады.

Әйелдер арасындағы сайыста да өзбек спортшыларының мерейі үстем түсті. Севара Садуллаева (48 кг), Сарвинозхон Облоназарова (58 кг), Хилола Ботирова (64 кг), Нилуфар Полвонова (70 кг), 70 кг-дан жоғары салмақта Умида Абдулаева жеңіске жетті. Сенім артқан спортшыларымыздың арасынан Эмилия Ларионова (53 кг) мен Талшын Жұматаева (+58 кг) ғана алтын медаль иеленді.

Халықаралық қоян-қолтық ұрыс федера­циясының президенті Сергей Астахов Әлем ку­богінің ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалады. Жалпыкомандалық есепте Өзбекстан командасы көш бастаса, біздің спорт­шылар 2-сатыға орнықты, үштікті Беларусь елінің өкілдері түйіндеді.