Арман Кәрібайұлы – Ақмола облысы Щучинск қаласындағы «Болашақ» шағын орталығында тәрбиеші. Он үш жыл қатарынан балдырғандармен тіл табысып, олардың жан-жақты дамуына үлес қосып келеді.
Алғашында ата-аналар ер адамның балабақшада тәрбиеші болып жүргенін қабылдай алмапты. Бірақ уақыт өте келе оның тобына ұл-қызын бергісі келетін ата-аналар көбейген.
«Балаларды тәрбиелеу оңай емес. Сол үшін барлық ісіңде өзіңе есеп бере алатындай мұқият болуың керек. Өйткені олардың әрқайсысына жауап бересің, көзіңнен таса қалдыруға болмайды. Үнемі қадағалап отыру керек. Бірақ өз ісіңді ұнатсаң, оның қиыншылығы да қызық болып көрінеді емес пе?
Топтағы балаларды дәретханаға апару, қыздарды киіндіру жұмыстарын көмекшім Жанар Қабылқызына тапсырамын. Жалпы, мен бұл жұмысқа келгеніме еш өкінбеймін. Балалармен жұмыс істегеннен жұрт ойлағандай жүйкем жұқармайды, керісінше олардың шынайылығынан шабыт аламын. Жас ұрпақты тәрбиелеп, қоғамды жақсылыққа бағыттағым келеді. Көпшіліктің ер тәрбиешілерге тіксіне қарайтыны белгілі. Бірақ бұл қызметті тек әйелдердің мамандығы деген пікірді жоққа шығарғым келеді», дейді ол.
Жүрек қалауын тауып, жұмысын «мамандықтың төресі» деп бағалайтын Арман ағай еңбек жолын Бурабай ауданының Ұрымқай аулында бастауыш сынып мұғалімі қызметінен бастаған. Ал тәрбиешілік қызметке келуі кездейсоқ болыпты.
«Мектепте жүргенде-ақ мұғалім болсам деп армандайтынмын. Бірақ балабақшада тәрбиеші боламын деп еш ойлаған жоқпын. Оқуға құжат тапсырар сәтте бастауыш сынып мұғалімі мамандығын таңдадым. Осылайша, 2001 жылы Щучинск қаласындағы Педагогикалық колледжінің бастауыш сынып мұғалімі мамандығын тәмамдадым. Қызығы сол, «Арман» мектептен тыс оқыту-тәрбиелеу орталығында қызмет етіп жүргенмін. Ол жақта 4-5 жастағы балаларға арналған орыстілді студия бар еді. Бір күні мұғалімдері келмей қалып, мені сол балалармен жұмыс істей тұруға жіберді. Мен бар ықыласыммен сабақ беріп шықтым. Сол кезде әріптестерім балақайлармен жақсы тіл табысатынымды аңғарып, оң бағасын берді. Осылайша, орталықтың директоры Айгүл Айтжанқызы студияны қазақ тілінде де ашсақ деген ұсынысын айтты. Мен бірден келістім. «Болашақ» деген атын да өзім ұсындым. Содан бері осы орталықтың тәрбиешісімін», дейді ол.
Айта кетейік, Арман Кәрібайұлы – Ақмола облысындағы мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеші болып жұмыс істейтін жалғыз ер-азамат. Ол көптеген байқауда жүлделі орын иеленіп, өзінің білікті маман екенін сан мәрте дәлелдеген. «Тәрбиеші ағай» сабақты көбіне-көп ойын түрінде өткізеді екен. Бастапқыда орысша шүлдірлеп келген балалар осы жерде қазақшаны үйреніп, қазақ мектептеріне барып жатқан көрінеді.
Балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы директорының міндетін атқарушы Ләззат Егембердиеваның айтуынша, бала тәрбиесінде ер адамның рөлі зор.
«Тәрбиеші – қиын да қызықты мамандықтың бірі. Оған әркімнің жүрегі дауаламайды. Қазір ер адамдардың көбі жұмысбасты. Сондықтан да бала тәрбиесімен аналар көбірек айналысады. Мектепте де оқушыларға сабақ беріп жүрген мұғалімдердің басым көпшілігі – әйелдер. Бұл – баланың мінез-құлқына кері әсер етеді, қыз мінезді жігіттердің көбеюі соның салдары. Қазақтың тұрмыс-салтында бала тәрбиесімен аналар айналысқанымен, ер-азаматтың қас-қабағы, мысы, бірауыз сөзі көп нәрсені шешеді. Ал енді осы салаға өзінің құлшынысымен келген Арман Кәрібайұлының еңбегі мақтауға тұрарлық. Балаларды ұйымдастыруы, құндылыққа негізделген сабақ өткізу әдісі бізді ерекше тәнті етті», дейді Л.Егембердиева.