• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Маскүнемдіктен сақтайтын «Мәдени қоғам»

101 рет
көрсетілді

Өңірде жыл басынан бері жүріп жатқан «Мәдени қоғам» жобасы аясында көпшілік орында шала мас күйінде бой көрсеткен 13 мың адам қамауға алынып, 2 мыңға жуық өрескел тәртіп бұзушыға жалпы көлемі 197 млн теңге айыппұл салынды.

Облыстық полиция департа­мен­тінің мамандары өңірде тір­келген әрбір төртінші қылмыстың алкогольді ішімдіктің салдарынан туындайтынын айтып отыр. Қостанай облысы бүгінде қылмыс деңгейі бойынша республика көлемінде екінші орында тұр. Қылмыс деңгейінің бұлайша асқынып кетуіне ішімдіктің де ықпалы мол. Мәселен, тәртіп сақшылары облыс аумағында 23 адам өлтіру, 86 денсаулыққа ауыр зиян келтіру қылмысының алкоголизмнің салдарынан бол­ға­нын анықтап отыр. Бұдан тыс, ішімдіктің буымен 111 отба­сы­лық-тұрмыстық қылмыс жа­салған.

«Жыл басынан бергі 10 айдың ішінде қоғамдық орындарда ішімдік ішкен немесе көпшілік ортада мас күйінде көзге түскен 15,5 мың адам әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың 3 мыңнан астамы бұған дейін де дәл осындай тәртіп бұзушылық жасаған. Бұл тұрғындар арасында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу, ішімдікке салыну сияқты күрделі мәселенің бар екенін аңғартады. Сондықтан бүгінде полиция бұрыннан тіркеуде тұрған ішімдікке үйір азаматтарға, қоғамдық тәртіп бұзушыларға, сондай-ақ өз отбасында жиі жанжал шығарып әдеттенген басбұзарларға бақы­лауды күшейтті. Бұл өңірде қылмыс деңгейінің төмендеуі­не, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигі­зеді», дейді облыстық Полиция депар­таментінің баспасөз хатшысы Карина Базарбаева.

Қалай десек те, қазірше өңірде ішімдікке әуес тұрғындар азаймай тұр. Мысалы, Қостанайда по­лиция қызметкерлері күн сайын шамамен 50 адамды айық­­тыр­ғышқа апарып жабады екен. Облыс бойынша жыл басынан бері 22,5 мың мас адам айықтырғышқа жеткізіліп, оның 20,5 мыңы сол жерде түнеп шыққан.

Қоғамдық дертке қарсы күрес барысында полиция бірсыпыра азаматтың ішімдік ішуіне сот күшімен тыйым салуға дейін барып жатыр. Сот үкіміне іліккен азаматтарға, тіпті, өз үйінде отырса да алкогольді сусын ішуге болмайды. Статистикаға сенсек, бүгінде өңірде сот арқылы ішімдік пайдалануға тыйым салынған 3 мыңнан аса адам полиция есебінде тұр. Алайда құлқынға құл болған 3,5 мыңға жуық адам сот шешімін бұзғаны үшін 10 тәулік мерзімге отырып шыққан. Бұл аз болғандай, жыл басынан бері шамамен 500-ге жуық адам бірнеше рет әкімшілік қамауға алынған. Мысалы, Жіті­қара қаласының тұрғыны биыл әзәзіл сусынның кесірінен 14 мәр­те әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 295 тәулігін, яғни бір­жылдық ғұмырының 80,8 пайы­зын әкімшілік қамауда өткізген. Биыл полицейлер аузы құрғамай ішуді әдет еткен 292 адамды мәжбүрлі емдеу мекемелеріне орналастырған.

Полиция спирт сусындарын сататын сауда орындарын да қа­таң бақылауға алуға мәжбүр болып отыр. Өңірде мұндай 5 мың­нан аса сауда нысаны бар. Биыл спирт өнімдерін сату кезінде заң ережелерін бұзған 260 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 153 кәсіпкердің лицензиясы тоқтатылған. 9 кәсіпкер ішімдік сату құқынан біржола айырылып отыр. Соған қарамастан, заңсыз алкоголь өнімдерін сату толастамай тұрғаны алаңдатады.

Өңірде алкоголизм мен соған байланысты құқық бұзушылыққа қарсы күрес шараларын күшейту мақсатында биылғы қыркүйек айын­да «Мәдени қоғам» атты жоба іске қосылған. Аталған жоба 2025 жылға дейін жалғасады. Жоба аясында алкоголь өнімдерін сатуға қойылатын талаптарды қатайту, сондай-ақ алкоголизм дертіне ұшыраған азаматтарға арнал­ған инфрақұрылымды кеңейту жос­парланып отыр. Мысалы, 25 төсек-орны бар Қостанайдағы «Уа­қытша бейімдеу және детоксикация орталығы» 100 орынға дейін кеңейтіледі.

Сонымен қатар аудан орталық­та­рында да осындай орталықтарды ашу көзделіп отыр. Мәселен, таяуда ғана Тобыл қаласында алкоголизм дертіне шалдыққандарды уақытша бейімдеу және оларға дәрігерлік көмек көрсететін 10 орындық орталық ашылды. Алдағы уақытта мұндай орталықтар Лисаков, Жітіқара, Қарабалық аудандарында ашылмақ. «Мәдени қоғам» жобасы аясында Қостанайда және облыстың 73 ауылдық округінде медициналық куәландыру пукт­тері іске қосылды.

Облыстық полиция департа­менті келешекте Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен фельд­шерлік акушерлік пункттері бар аудандар мен ауылдық округтерде сараптама жүргізуге рұқсат беретін сертификатқа ие медицина қызметкерлерінің санын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ішімдікке шектен тыс үйір боп алған адамдардың бетін бері бұрып, дұрыс жол­ға түсуіне ықпал ету ісіне әкімдік­тер жанынан құрылған қоғам­дық комиссияларға мүше, ауыл-аймаққа сыйлы, беделді ақсақал­дар да тартылмақ.

 

Қостанай облысы