Павлодар облысының өткен 10 айдағы өсу-даму қарқыны көңіл тоғайтарлық. Облыс шикізат өндірісіне ғана сүйенбей, әртараптандыру үдерістері арқылы қуатты өңдеу саласы бар және ауыл шаруашылығы дамып жатқан аймаққа айналып келеді.
Облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,8 трлн теңгеге немесе 3,6%-ға жетіп, ал өңдеу секторы 8,2%-ға өскен. Биыл өңірге 815 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылыпты. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 30% жоғары. Облыс жалпы инвестиция тарту жөнінен республикада 2-орында болғанымен, аграрлық секторға салынған инвестиция көлеміне көз салсақ, өңірлер арасында көш бастап тұр. Онда 88%-ы жеке компаниялардың инвестициясы. Бұл аймақта қолайлы инвестициялық климаттың қалыптасқанын көрсетеді. Жалпы, 2,8 трлн теңгеге 140 инвестициялық жобаның пулы бар. Ол 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Әйтсе де, өнеркәсіптің өсуі өңірдегі экологиялық жағдайға қысым жасап жатқаны мәлім. Сондықтан облыс басшылығы индустрияландыру серпінін сақтай отырып, шығарындыларды тежеу және кезең-кезеңімен азайту міндетін алға қойған. Жұмыс істеп тұрған барлық ірі өнеркәсіптік кәсіпорында кешенді экологиялық шешім енгізу арқылы салынып жатқан немесе жоспарланған зауыттарда соңғы ecofriendly технологияларын қолдануды қатаң талап етіп отыр.
Экологияны сақтаудағы маңызды бағыт – коммуналдық қалдықтарды басқару жұмысы. Бұл мақсатқа жетуге пластик, металл, қағаз және шыны шығаратын алғашқы заманауи қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы көмектеседі.
«Бүгінде біздің өңір аграрлық салаға тартылған инвестиция көлемі бойынша елімізде көш бастады. Қаңтар айынан бастап агробизнеске 190 млрд теңгеден аса инвестиция салынды. Бұл өткен жыл көрсеткішінен екі есеге жоғары», деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Биыл өңірде елді мекендердің көшелерін жөндеуді қоса алғанда, республикалық маңызы бар 46,5 шақырым және жергілікті маңызы бар 616 км жол жөнделді. Облыс орталығында Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы басталды. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Келесі жылы 16,5 млрд теңгеге 325 шақырым жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеу, оның қатарында топырақ жамылғысы бар 31 ауылдың кірме жолдарын салу міндеті тұр.
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Аймақ биылғы жиын-терім науқанында астықтың рекордтық көлемін жинады. Диқандар 1,1 млн тоннаға жуық астық бастырды, бұл өткен жылғы өнімнен 3 есе көп. Кешенді мемлекеттік қолдаудың арқасында суармалы егіс алқаптары 12,7 мың га ұлғайып, 179 мың га жеткен. Суармалы алқаптарға 100% ылғал үнемдейтін технологиялар, яғни дисперсиялық суару тәсілі немесе жаңбырлатып суару әдісі қолданылады.
Соңғы мәліметтерге зер салсақ, өңірдегі азық-түлік тауарларының бағасы 16 ұстанымда орташа республикалық мәннен төмен. Ал 8 ұстанымда облыс ең төмен бағамен ТОП-5 өңірдің қатарында тұр. Сондай-ақ облыс жұмыссыздықтың салыстырмалы төмен деңгейін, яғни 4,7%-дан аспайтын көрсеткішін ұстап тұра алды. Оған 26,2 мың жаңа жұмыс орнын құру ықпал етті. Оның 73,6%-ы тұрақты жұмыс орындары.
Президенттің денсаулықты сақтау мен әлеуметтік саланы қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау тапсырмасына сәйкес өңірде облыстық бюджеттің 52%-ы әлеуметтік салаға бағытталған.
«Өңірде балалардың қосымша білім алуына және олардың бос уақытын ұйымдастыруға көп көңіл бөлінеді. Жақында 2 жаңа балалар шығармашылық орталығы ашылды. Сондай-ақ тағы бір «Самғау» балалар шығармашылық орталығы Екібастұз қаласында ашылады. Жаңа әлеуметтік нысандарды сала отырып, жұмыс істеп тұрған мекемелердің жұмысқа қабілеттілігін сақтау мәселесін ұмытқан жоқпыз. 11,5 млрд теңгеге 73 әлеуметтік нысанды жөндеуден өткіздік және 4,9 млрд теңгеге 35 жаңа әлеуметтік нысан салынып жатыр», деді облыс әкімі.
Павлодарда оқушы орыны тапшылығын азайту үшін 1 200 және 600 орындық екі «Жайлы» мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың құрылысын келесі жылдың наурыз айында аяқтау жоспарланған.
Облыстағы инженерлік инфрақұрылымдар айтарлықтай тозғаны белгілі. Бұл мәселені шешу, желілерді жаңарту мен энергия көздерін дамыту жобалары сала мамандарының күнделікті жұмысы. Жылдағы жөндеу науқаны 3 қаланың тәуелсіз жылу-техникалық аудитінің қорытындысы және жүргізіліп жатқан гидравликалық сынақтардың негізінде ұйымдастырылады.
Биылғы жылу беру маусымына дайындық үшін 25 млрд теңгеге 31 шақырымнан астам жылу желілерін салу, қайта құру және жөндеу бойынша жұмыс жүргізілді. Ұзақтығы 9 км болатын 4 жаңа жылу магистралі салынды. Оған қоса 19,3 шақырым желі жөндеуден өтті.
«Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылысын белсенді жүргізіп жатырмыз. Бұл салада 16,4 млрд теңгеге 18 жоба іске асырылды. Ал біздегі қалалар жайлылығының негізгі факторының бірі – қоғамдық көлік жүйесінің дамуы. Қазірдің өзінде осы салада белгілі бір нәтижеге қол жетті. Оны қала тұрғындары оң бағалады. Таяуда Еуропалық қайта құру және даму банкімен 25 жаңа трамвай вагонын сатып алу туралы бас келісімге қол қойылды. Олардың алғашқы легі келесі жылдың бірінші жартыжылдығында келеді», деді А.Байханов.
Сонымен қатар ел Президентінің бастамасымен облыста жүзеге асырылып жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасының арқасында ауылдық инфрақұрылымды жаңарту бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. 18 мыңға жуық тұрғыны бар 15 ауыл жаңғыртылып 57 нысанды жаңартуға 9,2 млрд теңге бағытталды.
Осы жылдың 10 айында 296 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұны өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға артық. Алдағы желтоқсан айында халықтың әлеуметтік осал топтары санатында кезекте тұрғандар үшін 331 пәтерді жалға берілетін тұрғын үй түрінде сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ үш қалада 146, жалпы облыстың 10 ауданында 185 пәтердің кілті иесіне беріледі. Өзін-өзі жұмыспен қамтуды өрістету мақсатында халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан өкілдерге 653 млн теңге сомасына 442 грант берілді.
Өңір басшысы қоғамдық көлік жүйесінің дамуы туралы егжей-тегжейлі баяндады. Кейінгі екі жылда өңірде 218 автобус жаңарыпты. Бүгінде Павлодар, Екібастұз қалалары 75% заманауи жоғары класты автобустарға ие көрінеді. Жыл соңына дейін жаңа автобустардың саны 250-ге дейін жеткізіледі. Ал өткен қыркүйек айында Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмысы басталды. Ол құрылыс келесі жылдың қазан айында аяқталады. Демеушілік қаражат есебінен Павлодар теміржол вокзалы да жаңартылып жатыр. Ал Екібастұз вокзалын жаңғырту жұмысы алдағы көктемнің алғашқы айында аяқталады.