• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Өндіріс 27 Қараша, 2024

Қуатты техникаға сұраныс жоғары

50 рет
көрсетілді

Қостанай облысында Қазақстан мен Ресейдің мыңға жуық бірлескен кәсіпорны жұмыс істеп жатыр. Соның бірі – Қостанай трактор зауыты. Санкт-Петербург трактор зауытымен әріптестік байланыс аясында іске қосылған кәсіпорын бес жылдың ішінде 1200 «Кировец» тракторын жасап шығарған.

Бұған дейін тракторды Ресейден бүтіндей бөлшек түрінде әкеліп, оны тек құрастырумен ғана шектеліп келген кәсіпорын кейінгі бір-екі жыл ішінде «Кировецке» қажет пластик бөлшек­терді түгелдей Қостанайда өндіре бас­тады. Зауыт қуатты тракторға қажет 90 мыңнан аса бөлшекті өзі шығарады.

«Санкт-Петербург трактор зауытымен бірлескен кәсіпорын 2019 жылы іске қосылды. Бүгінде біздің кәсіпорын отандық нарықта аса танымал, ең бастысы, ірі бөлшекті құрастырудан ұсақ торапты құрастыру өндірісіне көше бастадық. Өндіріске бұрын-соңды болмаған озық технологиялар мен құзыреттерді енгіздік, әлі де енгізіп жатырмыз. Пластиктен жасалатын компоненттер өндірісін іске қосу оңай болған жоқ. Зауыт маман­дары Санкт-Петербургте оқып келді. Нәтижесінде, қазір трактордың алдың­ғы және артқы доңғалақтарының жабын қанаттарын, аккуммулятор батарея­сының қаптамасын, кабинаның төбесін және капотты өзіміз жасаймыз. Әсіресе, капот жасау аса қиын. Ол үшін пішіні әртүрлі 19 қосымша деталь жасап шығару керек. Мәселен, бір ғана капот­ты жасап шығару үшін пішіні, кө­лемі әртүрлі қосымша 19 бөлшек шы­­ғарамыз. Жалпы, бір тракторды шы­­ғару үшін оған қажет шамамен 90 жиын­­тық шығарамыз. Оның жалпы сал­­мағы 1000 кг-дан асып кетеді. Бір ауы­сымда осындай 360, ал бір мау­сым­да 27 мың жиынтық жасаймыз. Сондай-ақ трактордың тепе-теңдігін сақтап тұратын қосалқы бөлшекті де ауыр металдан өзіміз үйлестіреміз. Өндіріс барысында біз өзімізден техника сатып алып жатқан шаруалардың да тілегін ескереміз. Осы маусымда шыққан тракторларға «Weichai» қозғалтқыштары орнатылғанын да айта кету керек», дейді зауыт басшысы Динара Шүкіжанова.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, Қостанай трактор зауыты бүгінге дейін өндірісті дамытуға серпін беретін біраз шаруа тындырған. Бүгінде өндірісті өрістетуге қажет заманауи құрылғылар, сенімді серіктестер бар. Қазір кәсіпорын қуаты 300 және 420 ат күшіне тең «Кировец» тракторларын шығарып жатыр. Тракторларды әлі де жаңарта түсу жоспарланып отыр. Мәселен, алдағы уақытта К-7М тракторларындағы жаңа гидрожүйені біріз­ден­діру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, қуатты техника қашықтан басқару жүйесі­мен жабдықталады. Бұл техника­ның тұрған жерін, оның жылдам­дығын, отын шығынын, қозғалт­қыштың жай-күйін онлайн ре­жімде бақылауға мүмкіндік береді.

Қостанай трактор зауы­тының дилерлері бүгінде Астана қаласы мен еліміздің 14 өңіріне қызмет көрсетеді. Кейінгі жылдары отан­дық на­рықта ең көп сатылып жат­қан ауылшаруашылық техни­ка­сы­ның бірі де осы «Кировец» тракторы. Қостанай зауыты іске қосылған соң, ауыл шаруа­­шылығына таптырмайтын қуат­ты техниканың сатылымы екі жарым есе өскен.

«Елімізде жер игеріп, дән егіп отырған ірі шаруашы­лық­тар өте көп. Сондықтан Қоста­най трактор зауыты секіл­ді ауылшаруашылық жұмыс­тарына пайдаланылатын қуаты жоғары техника шығаратын кәсіпорындардың болуы аса маңызды. Біз осыдан көп жыл бұрын шаруашылықта сынап көрейік деген мақсатпен бір «Кировец» тракторын сатып алғанбыз. Үмітіміз ақ­талды. Қазір алқаптағы негізгі жұмыстың бәрін осы трактор атқарады. Бүгінде біз­дің шаруашылықта 71 «Киро­вец» тракторы бар», дейді Қарасу ауданындағы «Макс» жауап­кер­шілігі шек­теулі серік­тес­тігінің басшысы Максим Артемук.

Қазір Қостанай трактор за­уыты қуаты 350-ден 460 ат күшіне тең «Кировец» трактор­ла­рының К-735, К-739, К-742, К-743, К-746 тәрізді үлгілерін шығарады.

Бүгінде сауда-экономика саласында жүзден астам елмен іскерлік ынтымақтастық орнатқан Қостанай облысының ең ірі әріптестерінің бірі – Ресей Федерациясы. Батыс-Сібір жазығын жарып өте­тін Тобыл өзенінің қос аңға­рында жатқан көршілес ай­мақ­тардың арасындағы тауар айналымының жылдық көле­мі 2 млрд долларды құ­райды.

 

Қостанай облысы