• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:45

Әділетті қоғам қайтсе орнайды?

18 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрыл­тайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында адалдықты бас­ты орынға қойған әділ қоғам­да жемқорлыққа жол беріл­мейтінін, әрдайым ел мүддесіне сай шешім қабылданатынын айтқаны белгілі. «Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрмет­ке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбек­пен мал іздемек – арлы адам­ның ісі» деген. Ал арлы адам әділет­сіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Президенттік өкілеттігіне кіріскелі бері елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі деп заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен аталған індеттің тамырына балта шабу керек екенін айтып келеді. Кейінгі жылдары бұл бағытта бірқатар маңызды қадам жасалып жатыр. Әсіресе Қаңтар оқиғасынан кейін ел ішіне іріткі салған жемқорлық жағдайларын түп-тамырымен жою­ға, сонымен қатар әлдекімдердің қал­тасында кеткен заңсыз активтердің мемлекетке қайтарылуына бағытталған ілкімді қадамдар қолға алынды. Со­ның бірі – Президенттің тапсырмасы бойынша қабылданған 2022–2026 жылдарға арналған Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы саясат тұжы­рым­дамасы. Оның түпкі мақсаты – сыбай­лас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру.

Бірақ алға қойған мақсатымызға жеттік деп айтуға әлі де ерте. Бұл үшін ең алдымен мемлекет мүлкін, ха­­лық қазынасын заңсыз түрде жеке­ше­лендіріп алуды ойламайтын адал азаматтарды тәрбиелеп алуы­мыз керек. Жемқорлықсыз қоғам қа­лып­тастыру үшін тағы не істеу керек? Мемлекет басшысы бір сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық бағытын түбегейлі қайта қарауға шақырып, уәкілетті органдардың алдына бірқатар міндет қойғаны белгілі. Оның пікірінше, кәсіпкерлер мен жұртшылықтың сыбайлас жемқорлық деректері бойынша берген өтініштері негізінде жүйелі жұмыс жүргізу қажет.

«Кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жем­­қорлықпен күресуге баса мән бе­ру керек. Құзырлы органдардағы бі­рін­ші басшылардың жұмысын жем­қорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалаймын», деген Қасым-Жомарт Тоқаев халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейтуге шақырды.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлының айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу бірнеше іс-шара, жиналыс өткізумен шешілетін мәселе емес, бұл үшін күндіз-түні тоқтаусыз жүргізілетін жүйелі түрдегі күрес шаралары қажет.

«Бұл – ұзақ жылдан бері қоғамға тереңнен тамырын жіберген індет. Сондықтан оған қарсы бағытталған шараларымыз науқандық сипаттағы іс-әрекет болмағаны дұрыс. Бұны індет қана емес, қоғам басына түскен қасірет десек те артық емес. Өйткені қазір біздің мемлекеттілігімізге, тәуелсіздігімізге төнген ең басты қауіп қандай десе, сыбайлас жемқорлық деп ойланбастан-ақ айтуға болады. Ақпарат құралдарынан түрлі бас­шы­лардың парамен ұсталып жат­қанын күнде еститін болдық. Балабақшадан бастап министрлікке дейінгі барлық деңгейдегі мекеменің басшылары құрықталып жатыр. Бұл жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге, жаңаша қарқынмен іске кірісуге итермелейтін себеп болса керек», дейді ол.

«Батпандап кірген ауру мыс­қылдап шығады» дейді қазақ. Сы­байлас жемқорлық сынды індетті де бір­ден емдеп жазу мүмкін емес. О.Әб­дікәрімұлының айтуынша, ең алдымен, адамдардың санасымен жұмыс жүргізу керек. Әрине, парақорлық қылмыстары үшін жазаны күшейтіп, жауапкершілікті арттырған орынды. Дегенмен ең бірінші бұл кеселге адамның ішкі қарсылығы маңыздырақ.

«Қазір ел көлемінде «Таза Қазақ­стан» акциясы жаппай жүріп жатыр. Оның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, көшені, ауланы, қоғамды, табиғатты таза ұстау. Дәл сол секілді енді адамдардың санасын да «пара беру арқылы мәселемді шешемін, жемқорлықпен байып кетемін» дейтін кесапат түсініктерден тазалау қажеттігі туындап тұр. Яғни сыбайлас жемқорлықпен күресте бізге ең алдымен адамдардың сана-сезімін өзгерту керек», дейді ол.

Мемлекет қайраткері көп жылдан бері жемқорлық тақырыбында айтыс өткізуді ұсынып келеді. Алайда әлі күнге бұл ұсыныс мемлекет тарапынан қолдау таба қойған жоқ. Оның айтуынша, парақорлар елдің көзінен жасырылмауы керек, бұл қылмысқа барғандар жөнінде бүкіл ел білгені дұрыс. Сонда заңсыз дүние-мүлік пен қаражатты қалтасына басудан тайсал­майтын кейбір «болашақ» парақор­лар жұрт алдында «атағы» шығып, қарабет болудан қаймығып, құқық бұзушылыққа бармайтын болады. Ал шын қылмыскерлердің есімдерін елге әйгілеудің тиімді бір жолы – айтыс.

«Қазақтың ұлттық өнері арқылы жемқорлардың атын әшкерелеп, елге танытып отырсақ, бұл басқаларға аяқ тарттыратын жақсы сабақ болар еді. Мәселен, алдымен аудан көлемінде, сосын облыстық деңгейде, сондай-ақ республикалық көлемдегі айтыстар ұйымдастырылуы қажет. Ол жерде халық қазынасына қол салған қылмыскерлердің аттары ашық айтылып, не ұрлағаны, нені жегені түгел жасырмай жаһанға жар салынса, бұл қоғамды жемқорлардан тазалауға септігін тигізеді деп ойлаймын. Біз бұл ұсынысымызды «Amanat» партия­сына да, Парламентке де бірнеше рет ұсындық. Әзірге бұған қолдау білдірген ешкім жоқ», дейді О.Әбдікәрімұлы.

«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс басшысы Мэлс Семғалиев елімізде жемқорлыққа қарсы күрес үшін заңнамалық тұрғыда қажетті шаралардың бәрі де жасалып жатқанын, алайда соның орындалуы барысында кездесетін кедергі көп екенін айтады.

«Ештеңе жасалмайды деп ауыз­ды қу шөппен сүртуге болмайды. Ат­қарылып жатқан шаруа аз емес. Мемлекет басшысы бекіткен Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы саясат тұжы­рымдамасы бар. Халықаралық кон­вен­цияларға қосылдық. Дегенмен әлі де алда тұрған міндеттер шаш етек­тен. Жақын арада Мәжілісте жем­қорлыққа қарсы күреске қатысты заң жобасы қаралады. Біз оған өз ұсыныс­тарымызды бердік», дейді ол.

Оның айтуынша, жаңа заң жобасында сыбайлас жемқорлық бабымен сотталғандардың тізімін жариялау туралы норма енгізілген. Алайда ол жерде тек ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың ғана есімдерін жариялау қарастырылған екен.

«Біздің ұсынысымыз – жемқорлық бабымен сотталған барлық адамның есімі халықтың көз алдында болуға тиіс. Мейлі үлкен не кіші қылмыс жасаған болсын, егер парақорлардың аты-жөндері халыққа қолжетімді болса, мұндай «жаза» түрінен бола­шақ қылмыскерлер қаймығады. Қоғам­да құдайдан қорықпаса да, адам­ның сөзінен қорқатындар көп. Бұл соларға жақсы тоқтам болмақ. Біз қазір «Жаңару» ұйымы тарапынан жем­қорлықпен сотталғандардың тізімін жасаймыз. Алайда бұл іс тек қоғамдық ұйым емес, мемлекет тарапынан қолға алынғаны жақсы», дейді М.Семғалиев.

Жаңа заң жобасы бойынша мем­лекеттік қызметте, сондай-ақ ква­зимемлекеттік секторда жұмыс істейтін адамдардың кәсіпкерлікпен шұғылдануына рұқсат берілмек екен. Бұл мүлдем жол беруге болмайтын іс екенін айтады ол.

«Біз бұған дейін мұндай жолдан өттік және оның зиянды жақтарын көргенбіз. Мектеп директорлары буфеттеріне «тек менің адамдарымнан азық-түлік аласыңдар» деп талап қойып, лауазымын пайдаланып өз бизнесін жүргізген кездері көп болған. Қолында билігі бар адамдардың бизнес­пен қатар шұғылдануына түбегейлі қарсымыз. Одан да біз мемлекеттік қызметкерлердің жағдайын жасайық. Еңбекақыларын көтерейік. Біз бұл ұсынысымызды да жоғары жаққа айтып келеміз. Қазір пәтер иелері кооперативтері мен меншік иелері бірлестіктері өздері қызмет ететін үйдің халқы алдында есеп бермейді. Тұрғындардан қанша қаражат түсті, олар қандай жұмысқа жұмсалды деген сауалдар төңірегінде есеп беруге тиіс. Осыны заң тұрғысынан реттейтін кез келді», дейді М.Семғалиев.

Иә, адал азаматтардан құралған әділ қоғам құру үшін әлі талай тер төгуге тура келеді. Жоғарыда айтыл­ғандай, ең алдымен халықтың сана-сезімін өзгерту керек. Бұл тұрғыда тек заңдық тетіктерді ғана пайдаланбай, рухани тұрғыда тәрбие-насихат жұмыстарын жүргізудің де пайдасы мол. Халықтың мүлкін заңсыз жолмен жемеу хақында ата-бабамыздан қалған өсиет көп. Мәселен, ақын Шортанбай Қанайұлының (1808–1881) мына бір өлең жолдары бір жарым ғасырға жуық уақыт өтсе де өзектілігін жоймағанын байқауға болады.

«Билер, пара жемеңдер,

Жанға бейнет кезбеңдер.

Кісі хақын алмаңдар,

Аузыңа пара салмаңдар.

Дүние жинап өткен жоқ,

Біздің бұрынғы Пайғамбар» деп жырлайды ол.

Мемлекет мүлкі мен халық қа­зы­насына қол салудың соңы заң алдындағы жауапкершілікпен қатар ар алдындағы жазаға алып келетінін өскелең ұрпақ санасына құя берсек, елдің гүлденуі мен түрленуіне тұсау салатын сыбайлас жемқорлық атты індеттен де құтылып, әділ қоғам орна­туға қолымыз жетері айдан анық. Ең бас­тысы, қолға алған істе табан­ды­лықтан таймаған абзал.