Кино – шынайы өміріміздің көрінісі емес пе? XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің үшінші күнінің қатысушыларымен өткен баспасөз конференциясы осыны дәлелдеді. Ең әсерлі фильмдер біздің жадымызда сақталып, адалдық пен үміт туралы сыр шертетінін көрсетті.
«Жер ана» фильмінің қоюшы-операторы Исмаэль Бланко Испанияның бос қалып, құрдымға кеткен ауылдары туралы сөз қозғады. Өмір бойы ауылының шаңын жұтып, дала төсінде емін-еркін жүрген тұрғындардың күнкөрісі қиындап кеткен. Бұл жерлерде өмір үшін күресуге тура келеді. Фильмде шөл дала мен мегаполистің тыныс-тіршілігі, артта қалған күндер мен жайлылыққа толы болашақ суреттеліп, қарама-қайшылықтар бейнеленген.«Бұл ауылдардың тұрғындары кəсіби актерлер емес. Олардың бет-əлпеті мен сөйлеу мəнері тарихтан сыр шертеді. Оны ойдан шығару мүмкін емес», дейді ол.Қырғыз режиссері Дастан Жапар Рыскелди шынайы оқиға негізінде түсірілген «Шекарадағы мəміле» фильмін ұсынды. Оның туындысы Орталық Азия жəне түркі елдері байқауына қатысуда.
«Менің ағам құлдықта болды. Бұл 2000 жылдары болған жағдай, бірақ осыған ұқсас оқиғалар əлі де қайталанып келеді. Біз өздерін қорғай алмайтын адамдар үшін осы туралы үн қатуымыз керек», дейді режиссер.
Осы фильм арқылы Дастан Жапар Рыскелди бүкіл Орталық Азия елдерінде өзектілігін жоғалтпаған құлдық мəселесіне қатысты жанайқайын жеткізбек.
Татар режиссері Салават Юзеевтің «Ғашықтар тауы» фильмі адам жанының асыл қасиеті махаббат пен əсемдігін жоғалтпайтын табиғаттың киелі екенін бейнелейді. Фильм кейіпкері махаббат сертімен байланысы бар тауды барынша қорғауға тырысады.
«Бұл тау тек табиғаттың көркем сыйы емес. Бұл кейіпкердің адалдығы мен рухани күшінің символы», деді Салават.Кинофестивальде ерекше əсер қалдырған фильмдердің бірі – Аруан Анартайдың «Жоқтау» картинасы. Аталмыш туынды Орталық Азия жəне түркі елдері байқауында бақ сынасуда. Отандық режиссердің фильмін тамашалау үшін көрермендер кезекке тұрып, залдың ішінде ине шаншар орын табылмады.
«Сценарий жазу барысында мен əлі де қайғыдан қан жұтып отырдым. Жоқтау игі адамдардың дүниеден өткеніне өкініп, оларды еске түсіру үшін айтылатын сөз ғана емес. Бұл біздің мəдениетіміз, мəңгі мекенге кеткендермен сырласудың жолы», деді режиссер.«Жоқтау» фильмі жеке қайғы мен дала дəстүрінің ұлылығын үйлестіре отырып, көрермендерді терең тебірентті.