• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:50

«Богатырь»: аты – дардай, ісі қандай?

45 рет
көрсетілді

Екібастұздағы «Богатырь» көмір кеніші мен оның бұрынғы 70 қызметкері арасында әлеуметтік біржолғы төлемге қатысты дау туындап отыр. Кәсіпорында еңбек жағдайлары зиянды ортада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, Еңбек кодексінің 127-бабына сәйкес биыл 55 жастан зейнетке шыққан кеншілерге ұжымдық шартта көрсетілген кәсіптік төлем төленбеген.

Биыл бірінші қаңтардан елі­міздің кейбір заңна­ма­ларына енгізіл­ген бірқатар жаңашылдық кү­шіне енгені мәлім. Соған сәйкес зиянды өндірістерде жұ­мыс істейтін еңбеккерлер, атап айтқанда, Қазақстан азаматтары мен ел аума­­ғында тұрақты тұратын шетел­­діктер мен азаматтығы жоқ адам­­дар 55 жасқа толған кезде әлеу­мет­тік төлемдерге қол жеткізе алады.

Еңбек кодексінің 127-3-бабында: «Еңбек жағдайлары зиянды жұ­мыстарда істейтін жұмыс­кер­лер­ге елу бес жасқа толған және олар үшін жиынтығында кемінде сексен төрт ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген кезде олар еңбек жағдайлары зиянды жұмыстардағы еңбек қыз­ме­тін тоқтатқан немесе зиянды өнді­рістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысқан жағдайда жұмыс беру­ші­нің қаражаты есебінен кәсіптік төлем жүзеге асырылады», деп көрсетілген. Заңға сәйкес, ауыр еңбек жағдайында еңбек етіп жүр­гендер қаласа елу бес жастан құр­мет демалысына шығып кете алады.

Бұл мүмкіндікті пайдаланбақ ниетпен биыл Екібастұздағы «Богатырь Көмір» ЖШС-нен көп­теген азамат өз еркімен жұ­мыстан шыққан. Бұл қызмет­кер­лердің барлығы «Богатырьда» ұзақ жыл ауыр еңбек жағдайында, кәсіпорынның гүлденуі жолында жұмыс істеген, салалық түрлі ма­ра­паттарға ие болған, еңбектері адал жандар. Өкінішке қарай, олар жұмыстан босап шыққан сәтте серік­тестік басшысы құр есеп айырысумен ғана тынған. Ком­­панияның ұжымдық еңбек шар­тының 6.2.2-тармағында зейнетке шыққан жұмыскерге екі айлық тарифтік мөлшерлемеден кем емес көлемде сыйақы бері­ле­­тіні көрсетілген. Алайда «Богатырь» басшылығы тиесілі төлемнен бас тартқан. Ал заңның артықшылығын пайдаланып, 55 жастан зейнетке шыққан өзге кәсіпорындардың, атап айтқанда, Ақсу ферроқорытпа зауытының, Екібастұздағы «Шығыс» кенішінің, Павлодардағы алюминий зауы­ты­ның қызметкерлері әлгіндей төлем­ге қол жеткізіп, пайдаға кене­ліп қал­ған.

Сайып келгенде, жалпы саны 70 адам кәсіптік төлемнен қағы­лып отыр. Компаниядағы еңбекақы­ла­ры орташа алғанда 450 мың теңге бол­ғанын ескерсек, «Богатырь Кө­мір» оларға жалпы сомасы 31,5 млн теңге әлеуметтік төлемді бермей отыр.

– «Богатырьға» 59 жыл ғұмы­рым­­ның 29 жылын арнадым. Еңбе­гім адал, кәсіпорындағы теміржол саласының ең ауыр, күрделі тар­ма­­ғында жұмыс істедім, соңғы алты жылда бригадир болдым. Ден­саулығым нашарлай түскені себепті, биыл ақпан айынан зейнетке шықтым. «Богатырь Көмір» ЖШС әдетте жасы жетіп зейнетке шыққан жұмысшыларға екі айлық еңбекақы көлемінде жәрдемақы төлейтін. Алайда басшылық «сендер еңбек шартын өз беттеріңмен бұз­дыңдар, әрі нақты зейнет жасына жеткен жоқсыңдар» деген желеу­мен бізге ақы төлемей отыр. Біз, жалпы саны 70 адам «Богатырь Көмір» ЖШС-не өміріміздің көп жылын жұм­садық, күш-жігерімізді, ден­сау­лығымызды сарп еттік. Алған ведомстволық наградала­рымыз бар. Сұрайтынымыз – ұжым­дық еңбек шартына әлеу­меттік төлем ресімдеген аза­мат­тарға екі айлық жалақы мөл­шерлемесін төлеу туралы қосымша тармақ енгізіліп, тиесілі төлемдер бізге де берілсін. Мен өзім Ауған соғысының арда­герімін. Жыл сайын еңбек демалысына шыққанымда қосымша жеті күн берілетін. Зейнетке шыққанда кәсіпорынның кадрлар қызметі осы күндердің ақшасын есеп айырысу төлемінен кемітіп тастады. Бұл да әділетсіздік деп ойлаймын, – дейді серіктестіктің бұрынғы қыз­­меткері, зейнеткер Төлеген Қанышев.

Бұл мәселе жөнінде компа­нияның бас директоры Николай Кор­саковтың атына 26 адам ұжым­дық хат түсіріп, көмір өнер­кәсібіндегі салалық кәсіподақ­тар­ға талай мәрте жүгінген. Тіпті болмаған соң «Amanat» партия­­сы­ның жергілікті филиалына, Мем­лекеттік еңбек инспекциясы коми­тетінің Павлодар облысы бо­йынша департаментіне, прокуратура органдарына шағым түсірген. Алайда осы уақытқа дейін дұрыс жауап жоқ.

– Кеніштің теміржол саласында 30 жылдай еңбек еттім. Біз­дің өз құқығымызды қорғап жаз­ған хаттарымызға дені дұрыс жа­уап болмай тұр. Мемлекеттік органдар мен партия өкілдері бұл іске салғырт қарап отыр. Еңбекті  қорғау инспекциясына хабар­лас­қалы жарты жыл өтті, олар да әрекетсіз. Ұжымдық шарт деген 4-5 жылда өзгеріп отыратын дүние. Осыған басшылық рұқсат етсе, кәсіподақ бірден өзгеріс енгізетініне шүбәміз жоқ. Ауыр әрі зиянды еңбек жағдайындағы талай жылғы жұмысымыз ескерілуі керек. 70 адамның барлығының басында несиесі бар, олар зейнетке шығу туралы шешімдерін денсаулығы үшін өтемақы, яғни кәсіптік төлемақы аламыз деген үмітпен қабылдағандары анық. Өзім де 59 жасымда зейнетке шығып отырмын, –дейді Амангелді Ермекбаев.

Атап өтерлік жайт, арыз иелері жасы жеткен зейнеткерлерге, соның ішінде ведомстволық награ­да – «Шахтер даңқы» құрмет бел­гісін иеленген адамдарға бері­ле­тін арнаулы әлеуметтік пакетті қарастыруды да сұрап отыр. Хатқа қол қойған азаматтардың бірне­шеуі кен өндіру саласында тер төк­кен майталмандарға берілетін «Шахтер даңқы» төсбелгісінің иегерлері.

Анықтағанымыздай, бір «Бога­тырь­дың» өзінде төрт бірдей кәсіп­одақ ұйымы бар. Олар – «Богатырь Көмір» жергілікті кә­сіподағы» ҚБ, «Богатырь Көмір» ЖШС қызметкерлерінің «Бірыңғай кәсіподағы» БПҰ, «Қаз­көмір­­кәсіподақ» көмір өндіру­шілер салалық кәсіптік одағы­ның» «Жергілікті Екібастұз көмір кәсіптік одағы» ҚБ, Көмір өнер­кәсібі қыз­меткерлерінің салалық кәсіподағы Екібастұз аумақтық кеңе­сінің «Богатырь Көмір» БПҰ. Кәсіпорындағы 6 мыңнан астам қыз­­меткерді олар өзара бөлісіп алған.

Көмір өнеркәсібі қызметкер­ле­рінің салалық кәсіподағы Екі­бас­тұз аумақтық кеңесінің «Бога­тырь Көмір» БПҰ төрағасы Николай Поповтың ойынша, қауіпті, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге арналған жоғарыдағыдай төлем республика тарапынан бекітіліп, елдегі әлгіндей өндіріс орындарының барлығына бірдей қолданылуы қажет. Оған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің келісімі керек.

– Бұл мәселе жөнінде хабардармыз, еңбек ұйымының басшысы да жақсы біледі. Алайда кәсіпорынның ұжымдық шартында кәсіптік төлем туралы анығырақ жазылмағандықтан, олар тартынып отыр. Мәселені Көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы мен жауапты министрлік бірлесе шешуі керек. Жалпы, ауыр еңбек жағ­дайында 55 жастан зейнетке шық­қанда, екі айлық еңбекақы мөлшеріндегі кәсіптік төлем барлығына бірдей төленуге тиістігі туралы норма қажет. Бұл туралы ұсы­ныс­та­ры­мыз­ды Астанаға жеткіздік. Алдағы күн­дері мәселе шешіледі деп күтіп отырмыз, – дейді ол.

Ал Мемлекеттік еңбек инспек­циясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Абылай Сабыров азаматтардың талап-тілектері орынды екенін айтады.

– 55 жастан зейнетке шыққан адамдардың барлығына кәсіпорын нақты зейнет жасына жеткенше белгілі көлемде арнайы төлемдер жүргізіп отырады. Бұл төлем олар ауыр жұмыс орындарына тұрса тоқтатылуы мүмкін. Компанияның ұжымдық шартында арнайы төлеммен зейнетке шыққандарға біржолғы әлеуметтік төлем жүргізу туралы тармақ қарастырылмаған. Бұл – кәсіподақтың қатесі. Оны әу баста ескеріп, заңға өзгерістер енгізіліп жатқанда өз мүшелерінің құқығын қорғаса болар еді. Салдарынан осындай мәселе туындап отыр. Біздің департамент серіктестіктегі барлық төрт кәсіподақпен байланысып, оларға жұмыс берушіге ұсыныспен шығып, сөйлесу керектігін түсіндірдік. Әзірше нәтиже байқалмайды. Атқарушы орган болғандықтан, қалыптасып отырған жағдайға біздің мекеме араласа алмайды. Тоқетері, бұл түйт­кілді салалық кәсіподақтар ғана тар­қата алады», – дейді департамент басшысы.

Қазіргі уақытта наразы топ тиісті құжаттарын әзірлеп, еңбек инспекциясына қайта жүгінуге дайындалып жатыр. Дегенмен бізді кәсіпорынның үркердей топты осыншама сарсаңға салып, тіпті хаттарына жауап беруге немқұрайды қарап отырғаны таңғалдырады. Мемлекеттің өзі ден­саулыққа зияны бар өндіріс­ке еңбегі сіңгендерді зейнет жасын­да­ғыларға теңестіруге шешім қабыл­да­ғанда, алып кеніш өз зейнет­керлеріне лайықты құрмет көрсете алмай отыр.

Негізі «Богатырь Көмірдегі» жұмыс орындарының дені адам өмі­ріне қауіпті әрі ауыр еке­нін ескерген абзал. Биылғы шілде айын­да көмір кенішінде «БелАЗ» жүк көлігі биіктен құлап, жүргізу­ші­сі қаза тапты. Былтыр да осындай жазатайым оқиға болып, «К-701» тракторы аударылғанда рульде отырған адам көз жұмған. Статис­ти­калық деректерге сүйен­сек, 2022 жылы кеніш аумағында жазатайым бес оқиға тіркелсе, былтыр жұмыс берушінің кінәсінен үш адам зардап шегіп, екеуі қайтыс болған.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы