Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, онда Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді беру туралы заң қаралды. Сондай-ақ сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.
ЕАЭО ынтымақтастығын арттырады
Отырыс барысында палата депутаттары «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтелу қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Құжат нормалары қойма куәліктерінің тұрақты айналымын және қойма куәліктерін ұстаушылар үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған.
Аталған заңды ратификациялау аграрлық саланың кірістілігін арттыруға мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығы тауарларының электрондық саудасын дамытуға ықпал етеді деп болжанып отыр. Бұл ЕАЭО елдерінің шаруашылық субъектілерінің аумақтық қашықтығы жағдайында маңызды мәселе екені анық.
«Келісім Еуразиялық экономикалық одақ аясында ауыл шаруашылығы өнімінің саудасын және осы саладағы электрондық сауданы дамытуды көздейді. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған қойма куәліктерін пайдалану мен олардың айналымын реттеу үшін құқықтық негіз қалыптасады. Алдағы уақытта мақұлданған заң Экономикалық одаққа мүше елдер арасында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді заң жөнінде пікір білдірген М.Әшімбаев.
Зертханалар жағдайы сын көтермейді
Палата отырысында сенаторлар өзекті мәселелерді көтеріп, депутаттық сауалдарын жолдады. Әли Бектаев елдегі азық-түлік сапасын бақылау зертханаларының жағдайы сын көтермейтінін айтты. Осыған байланысты депутат қордаланған түйткілдерді шешу үшін зертханаларды жаңғыртуға арналған Жол картасын әзірлеуді ұсынды.
«Зертханалардың көпшілігі апатты немесе жалға алынған ғимараттарда орналасқан, ондағы көптеген зертханалық құрылғы ескіргенімен қатар өндірістен де шығарылған. 2016-2023 жылдар аралығында 15 ветеринарлық зертхана жабылған. Зертханалардың жетіспеуі, құрал-жабдықтардың тозуы, облыс, аудан көлемінде қатты байқалады. Біздегі үлкен мәселе – маман тапшылығы, түрлі қауіпті инфекциялармен жұмыс істейтін сала қызметкерлері жалақыларының төмендігі. Ветеринарлық қызметкерлер арасында ең төмен жалақыны лаборанттар алады. Осыған байланысты салаға жас мамандар келмейді, келсе де көп тұрақтамайды. Зертханалардағы құрал-жабдықтардың ескіруі – халықаралық сапа мен стандарттарға сәйкестендіруге көп кедергі келтіріп тұр», деді Ә.Бектаев.
Сенатор осыған байланысты Үкіметке зертханаларды жаңғырту бойынша Жол картасын әзірлеу, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жақсарту, мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын ұлғайту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мекемелер арасындағы үйлестіруді күшейту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Табиғи монополиялар заңнамасын жетілдіру қажет
Сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов Солтүстік Қазақстан облысында жылу энергетикасы саласынан білікті кадрлардың кетуіне алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты депутат қолданыстағы табиғи монополиялар туралы заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде бастама көтерді.
Оның айтуынша, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер мен тарифтік саясат жалақыны ұлғайту мүмкіндігін шектейді және кадрлардың саладан кетуіне ықпал етеді. Бұл өңірде рұқсат етілген норма 5% болса, қазіргі ахуал 16%-ды құрайтын болып шықты. Сонымен қатар СҚО-да саладағы жалақы еліміздегі орташа деңгейден едәуір төмен. Елімізде орташа еңбекақы деңгейі 380 мың теңге болса, мұнда 280 мың теңгені құрайды. Бұл – жылу энергетикасы саласындағы мамандарға аса тартымды емес.
Сенатор мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша сатып алудағы қалыптасқан тәжірибенің де проблема екенін айтты. Бұл мәселе Петропавл қаласының Киров зауыты үшін маңызды. Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілеріне сатып алу қағидаларына сәйкес сатып алу MITWORK электрондық алаңында жүргізілуге тиіс. Шетелдік жеткізушілер бұл порталда тіркелмеген және сатып алуға қатыспаған кезде де орын алады. Қолданыстағы ережелер делдалдарға конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді, бұл тауарлардың құнын 50%-ға арттырады және отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Сонымен қатар кәсіпорындар өнімнің өзіндік құнын қалыптастыру барысында жұмысшылардың жалақысына жұмсалатын шығындардың бір бөлігін есепке ала алмайды, сондықтан рентабельділік жоспарланған 20% орнына 5%-дан аспайды.
«Өңірде орташа номиналды айлық жалақы бойынша деректердің баламасы болмаған жағдайда жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін республика бойынша статистика деректерін қолдануда табиғи монополиялар туралы қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу туралы бастама жасауды сұраймыз. Мемлекеттік сектор базасына кіретін субъектілер үшін сатып алу қағидаларына мынадай жағдайларда: құны 3000 АЕК-тен аспайтын тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді сатып алуды, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында міндеттемелерді орындағанда бір көзден сатып алуды жүзеге асыру мүмкіндігін қосу ұсынылады», деді Ш.Бұқтұғұтов.
Елімізде дәрігер тапшы
Сенатор Айнұр Арғынбекова денсаулық сақтау саласындағы маңызды проблемаларға назар аударды. Оның ішінде білікті кадрлардың тапшылығы аса өзекті екенін алға тартып, осы бағытта қажетті заңнамалық шараларды ұсынды.
Медициналық кадрларды даярлау сапасы – денсаулық сақтау саласындағы негізгі мәселенің бірі. Сенатор ең бастысы, емделушілердің денсаулық сақтау жүйесіне сенімі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы биыл қыркүйектегі Жолдауында білікті медицина кадрларының тапшылығы өзекті болып қала беретінін атап өткен еді. Денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудағы қазіргі жағдай кадрмен қамтамасыз етуде проблемаға алып келеді. Тек ауылдық жерлер ғана емес, елорданың, облыс аудандарында да дәрігерлер жетіспеушілігі байқалады. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласына орасан зор қаржы бөлініп жатыр, бірақ әзірге халықтың толық сұранысына қол жеткізу мүмкін болмай тұр. Еліміздегі көптеген медициналық ұйымда материалдық-техникалық қамтамасыз ету жеткілікті болса да, «бәрін кадр шешеді» мәтелі маңызын жойған жоқ. Медициналық ұйымдар заманауи жабдықтармен қайта жабдықталған кездегі жобалар, ал іс жүзінде онда жұмыс істейтін маман жоқ болып шықты», деп атап өтті депутат.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың соңында 4 864 дәрігер маманы жетіспейтіні анықталды. Әсіресе Астана, Алматы және Шымкент қалаларында дәрігер маманына аса зәрулік, сондай-ақ бірқатар ауылда да маман жетіспеушілігі бар. Сұранысқа ие мамандықтардың қатарына терапевтер, анестезиологтер және акушер-гинекологтер жатады. Сенатор Денсаулық сақтау министрлігіне кәсіптік білім беруді үйлестіру функциясын заңнамалық тұрғыдан бекітуді және кадр саясатын жақсарту жөнінде Жол картасын енгізумен қоса мәселені шешу үшін бірқатар нақты шараны ұсынды.
«Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурсы мәселесі бойынша «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі заңнамалық актінің жобасын Парламенттің қарауына енгізу жөніндегі жұмысты жеделдетуі қажет. Денсаулық сақтаудың тиімді кадр саясатын қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын әзірлеу мен бекітуді қарастыру керек. Қолданыстағы заңнама бойынша көпсалалы университет клиникаларын құру мәселесі бойынша жұмысты аяқтау керек», деді депутат.
Заң бұзған мигрант саны артты
Сонымен қатар отырыс барысында депутат Бибігүл Жексенбай заңсыз көші-қонға қатысты сын-қатерлерге тоқталып, шетелдік азаматтардың қозғалысын бақылауды күшейту және еңбек мигранттарын заңдастыру жүйесін дамыту керек екенін жеткізді. Ол депутаттық сауалында Бас прокуратураның деректерін келтірді, онда еліміздің заңдарын бұзған шетелдік азаматтардың саны 2024 жылы едәуір өскен. Осы жылдың өзінде 82 мыңнан аса мигрант әкімшілік жауапкершілікке тартылған, ал 1,2 мыңға жуық жұмыс беруші шетелдік еңбек күшін заңсыз пайдаланған екен.
«Жалған еңбек шартын, медициналық анықтамаларды жасап, заңсыз есепке қойған халыққа қызмет көрсету орталықтары мен емдеу мекемелерінің қызметкерлері тұратын қылмыстық топ анықталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің дерегі бойынша, қазір 13,2 мың шетел азаматы ресми түрде жұмыс істейді. Еңбек мигранттарының көбінде жұмысқа шақыру рұқсат қағазы жоқ. Заңды және заңсыз мигранттардың жинақталуы әлеуметтік-экономикалық қана емес, қауіпсіздік мәселелерінің туындауына әкелуі мүмкін», деді депутат.
Сонымен қатар ол жаһандану және көші-қон ағындары күшейген жағдайда шетел азаматтарының қозғалысын бақылауды күшейту, еңбек мигранттарын заңдастыру жүйесін дамыту және заңсыз көші-қон мен еңбек ресурсын пайдалануды ұйымдастырушыларға жазаны қатаңдату қажет екенін айтты.
Отырыста Амангелді Нұғманов Үкіметті жеке қосалқы шаруашылықтарды экономикаға белсенді тарту арқылы ауылдық аумақтарды мемлекеттік қолдауды және олардың орнықты дамуын жақсартуды көздейтін шаралар қабылдауға шақырды. Ал сенатор Советбек Медебаев Ұлытау облысындағы түйткілдерге назар аударып, өңірде полиция департаменті мен полиция қызметкерлеріне арналған медициналық мекеме ғимараттарын салу қажет екенін айтты.