• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Экология Бүгін, 18:05

Арал тағдырына Орта Азия алаңдап отыр

26 рет
көрсетілді

Арал теңізінің ахуалы адамзатты алаңдатып отыр. Сондықтан Орталық Азия және Каспий маңы елдері Арал теңізін қорғау бағытында ортақ келісімдер мен шешімдер қабылдап келеді. Осы мақсаттағы жұмыстарды ширатуға көңіл бөлген «Байтақ» жасылдар партиясы Түркістанда «ARAL – 2024» жасылдар партияларының І халықаралық саммитін өткізіп жатыр.

Есте болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде де Арал теңізін құтқару үшін нақты шаралар қабылданып жатқанын атап өткен еді.  Климаттық өзгерістерге төтеп беру, апатқа ұшыраған Арал аумағын оңалту, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану – жүгі ауыр болғанымен маңызы зор жұмыс. Саммитте күн тәртібіндегі экологиялық мәселелердің шешу жолдары және солардың түйінін тарқатудағы жасылдар партияларының рөлі сараланып жатыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясының ықпалы да талқы тақырыбына айналды. 

Бүгінде «Байтақ» жасылдар партиясы Аралмен қоса басқа да өңірлерді көгалдандыру жобаларын іске асырады. Сондай-ақ ағынды және ластанған суларды тазарту мен қайта пайдалану бойынша жаңа технологияларды енгізуге жәрдемдеседі екен. Саммиттің ашылуында «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Орталық Азиядағы су қауіпсіздігіне қатысты ахуалды баяндады.

«БҰҰ деректері бойынша 2050 жылға қарай Орталық Азия халқының саны 90 миллион адамға таяғанда су тапшылығы 25-30 пайызға жетуі мүмкін. Сонымен қатар егіншілікке пайдаланатын су ресурстарына қажеттілік 2030 жылға дейін 30 пайызға артуы ықтимал. Бұл экономикалық көрсеткіштер мен азаматтардың табыс деңгейіне де кері әсерін тигізеді. Су тапшылығы мәселесі аймақта қақтығыстар мен тұрақсыздық қаупін, әсіресе сыртқы күштердің араласу қаупін туындатады. Қазір Орталық Азия елдері арасында су және климаттың өзгеруі мәселелері бойынша бірлескен ынтымақтастықты және өңірлік интеграцияны белсендіру қажеттілігі туындап отыр. Бұл ретте аймақтағы елдер серіктестік пен тату көршілік жолын ұстануы тиіс», деген Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» партиясының Қазақстан гидросферасын сақтауға қосқан үлесі туралы да хабарлады.      

Саммитте Қырғызстан Жасылдар партиясының төрағасы Еркін Бөлекбаев аймақ республикалары үшін экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде өзекті мәселе екенін айтты.

«Қырғызстан Жасылдар партиясы экологиялық мәселелердің салдары экожүйелер мен халық денсаулығына қазірдің өзінде әсер етіп жатқанына алаңдайды. Мемлекеттің экологияға жауапты органдары өздеріне жүктелген міндеттерді орындай алмай отыр. Табиғатты қорғау қызметінің жекелеген бағыттары мүлдем іске аспай жатқанын, олқылықтардың көп екенін сарапшылар айтудай-ақ айтып келеді. Қырғызстан су ресурстарын тұрақты басқару және климаттың өзгеруіне бейімделу үшін инновациялық технологиялар мен халықаралық ынтымақтастықты пайдалану мүмкіндіктеріне ие. Су мәселелері бойынша өзара әрекеттестік Орталық Азия елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін ерекше маңызды», деді Еркін Бөлекбаев.

Спикердің пікірінше, бүгінде Қырғызстанда қоршаған ортаны қорғау тек коммерциялық мүдделер мен баюды көздейтіндердің қысымына төтеп бере алмай отыр. Адам факторы мұздықтардың еруіне әкеліп, ерекше алаңдаушылық туғызуда. Болжамдарға сәйкес, 2025 жылға қарай Қырғызстандағы мұздықтардың ауданы орта есеппен 30-40%-ға қысқаруы мүмкін. Қазірдің өзінде шамамен 604 мың қырғызстандық ауыз су тапшылығын сезініп жатыр.

Ресейдің экологиялық «Жасылдар» партиясының тең төрайымы Александра Кудзагова табиғатта болып жатқан ауқымды үдерістер мен өзгерістерді халыққа жеткізуде «жасыл» партиялардың рөлі зор екенін атап өтті. Су тасқыны сияқты табиғи апаттар 50 жылға жетпей қайталанып отырады. Ал кейіннен бұл құбылыс қалыпты жағдайға айналуы мүмкін. Бұл ретте «Жасыл» партиялар – ғылыми білімдерді халыққа түсіндіретін, апаттардың алдын алуға көмектесетін маңызды күш-құрал болуға тиіс.

«Росгидрометтің деректері бойынша, Қазақстанмен шектесетін Ресей облыстарында жазда жауын-шашын мөлшері азаяды. Қалмақия, Астрахань және Волгоград облыстары мен Дағыстанда шөл және жартылай шөл аудандарының аумағы жыл сайын 500 шаршы километрге ұлғаюда. Біздің ойымызша, Орталық Азияда КСРО-дан мұраға қалған гидротехникалық жүйені кеңейту жұмыстарын дереу бастау қажет. Бұл жүйе қазіргі және болашақ климаттық жағдайларға бейімделмеген. Жаңа су қоймаларын және осы су қоймаларын байланыстыратын жаңа каналдар салу қажет», дейді Александра Кудзагова.

А.Кудзагова атом энергетикасын дамытуды қолдау және оның артықшылықтары туралы баяндады. Оның сөзінше, атом энергетикасы тек экономикаға ғана емес, су мәселелерін шешуге де ықпал ететін көрінеді. Ізін-ала

Моңғолияның «Азаматтық ерік» Жасыл партиясы төрағасының орынбасары Тогоочийн Бат-Эрдэнэ «Жасыл синергия: өңірлік экологиялық мәселелерді шешу және ынтымақтастық мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама оқыды. Ол Арал тағдыры ғаламдық мәселе екенін, салдары бірнеше елге әсер ететін айтты. Моңғолия аумағының 5 пайызы қазірдің өзінде шөлге айналып бара жатқанын білдік. 

Өзбекстан экологиялық партиясы атынан партияның Орталық кеңесі Атқарушы комитетінің бөлім жетекшісі Комилжон Жураев сөз сөйледі. Ол ауаның ластануын болдырмау, биологиялық әртүрліліктің қысқаруын азайту және климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша ауқымды жұмыстарға белсенді араласып отырғанын атап өтті.

«Бүгін I жасыл партиялар саммиті аясында біз барлық қатысушыларды  экологиялық апаттардың алдын алу үшін біріккен күш-жігерді қолдауға шақырамыз. Арал апаты, оның салдарын біз, Өзбекстан жақсы білеміз. Бұл –баршамызға сабақ болуы керек. Тек бірлескен әрекеттер арқылы біз климаттық өзгерістердің салдарын жеңілдетіп, биологиялық әртүрлілікті сақтай аламыз. Біздің ойымызша, Өзбекстан экологиялық партиясы болашақтың жасыл дамуға тиесілі екеніне сенеді. Жасыл даму бейбітшілікті нығайтады, үйлесімділікті қамтамасыз етеді және барлық халықтың гүлденуі үшін тұрақты негіз қалайды. Мақсатымыз ортақ болған соң, табиғат, бейбітшілік және болашақ үшін біріккеніміз абзал», деген Комилжон Жураев, Орта Азия халықтарын күш біріктіруге шақырды.

Саммиттің қорытындысында спикерлер «ARAL–2024» жасыл партиялардың I саммиті экологиялық мәселелердің ауқымын түсініп қана қоймай, бірлескен тиімді ынтымақтастық үшін платформа құруға арналғанын атап өтті. Спикерлер Орта Азия халықтары күш біріктірсе, климаттық сын-қатерлерді шешуге, экожүйелерді нығайтуға және табиғи байлықты сақтауға болатынын жақсы түсініп отыр. Сондықтан қонақтар Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтың жасылдар саммитін тұрақты негізде өткізу туралы ұсынысын бір ауыздан қолдады. Саммит барысында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Моңғолия жасыл партиялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар табиғатты қорғау бағытындағы іс-шараларды өткізумен қатар қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласында тәжірибе мен білім алмасу жөнінде келісімге келді.