Астанада «Ғылым және өнеркәсіп: Тау-кен металлургия кешеніндегі ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың қайта іске қосылуы» атты форум өтті.
Қазір ғылым мен өндірісті қалай ұштастырамыз деген тақырып өзекті мәселеге айналып отыр. Осы бағытта өткен жиында ғылым, өнеркәсіп және мемлекеттік органдардың өкілдері ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (ҒЗТКЖ) тиімділігін арттыру және ғылыми қауымдастық пен тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарының өзара іс-қимылын жақсарту стратегиясын талқылап, құнды ой-пікірлерін ортаға салды.
Форумның ашылуында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым мен өндіріс арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастықтың маңызы өте зор екенін атап өтті.
«Өткізілетін хакатондардың негізгі мақсаты – өндірісті жаңа технологиялық деңгейге көтеру және қосылған құн тізбегін құру. Оның міндеті – ғылыми-техникалық қызметтің басым бағыттарын айқындаудың жаңа тәсілдерін әзірлеп, экономиканың сұраныстары мен қажеттіліктерін шешу, ғылым мен бизнес арасындағы кооперацияны жақсарту. Сондай-ақ экспортқа бағытталған жаңа өнім өндірісіне арналған коммерцияландыру жобаларын ілгерілету мақсатында ұйымдастырылады», деді министр.
Одан кейін сөз алған «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова ғылыми зерттеулер үдерісіне бизнесті белсенді тарту қажет екенін жеткізді. Әсіресе өнеркәсіптің қолданбалы міндеттерін шешуге мүмкіндік беретін ғылым мен кәсіпорындар кооперациясының мысалдарына тоқталды.
«Ғылым мен өндіріс – бұл біртұтас жүйеде тығыз жұмыс істейтін ажырамас екі буын. Бүгінгі форум – өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне жасалған қадам десек болады. Негізгі міндет – ғылым мен өнеркәсіптің өзара іс-қимылын стратегиялық қайта іске қосудың қажеттілігі. Басты мақсат – нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру. Сондай-ақ ҒЗТКЖ нәтижелілігін бағалаудағы ашықтықтың жеткіліксіздігі, жобалардың техникалық-экономикалық көрсеткіштеріне қолжетімділіктің шектелуі және ғылыми орта мен өндірістік қажеттіліктер арасындағы үйлестірудің жоқтығы да назар аудартады. Дегенмен бірлескен күш-жігермен айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін», деді ол.
Сондай-ақ Гүлнар Бижанова сөзін қорыта келіп, қатысушыларға ТМК кәсіпорындары, ғылыми ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы тұрақты диалог орнату үшін платформа құруды, салалық ғылыми хакатондар мен нысаналы бағдарламалар сияқты бастамаларды дамытуды ұсынды.
Келелі іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары да қатысты. Мәжіліс депутаты Арман Қалықов ғылым мен өндіріс нақты қолданбалы міндеттерді шешуде арбаның қос жетегіндей қатар жүруге тиіс екенін айтты.
«Qarmet» көмір департаментінде шахтаның директоры болып қызмет атқардым. Сол кезде газсыздандыру, әсіресе шахталарды бір шақырым қашықтықта не одан әрі тереңдеген сайын жүйелі проблемалар туындап отырды. Себебі көмір өндіру мүлдем басқа жағдайда жүргізілді. Газ тығыздығының өзгеруі үдерісті қиындатып, көптеген мәселені жергілікті ғылыми ресурстармен шешу мүмкін болмады. Осыған байланысты шешім шығару үшін шетелдік ғылыми ұйымдар мен инженерлік компанияларға жүгінуге тура келді», деген Арман Қобыландыұлы Парламент Мәжілісі ынтымақтастықтың жаңа, сапалы нысандарын қалыптастыра отырып, ғылым мен өндірістің өзара іс-қимылын «қайта іске қосуды» қолдауға дайын екенін жеткізді.
Форум барысында өндіріс өкілдері де сөз алды. Мәселен, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Тұрақты даму жөніндегі директоры Сәкен Шаяхметов компанияның инновациялық жобаларды іске асырудағы тәжірибесімен бөлісіп, өндірістің тиімділігін арттыру үшін ҒЗТКЖ жаңа тәсілдерді енгізудің маңызын тілге тиек етті.
«Корпорация соңғы бес жыл ішінде ірі ғылыми-технологиялық жобаларды іске асыруға қосқан қосымша үлесін ескермегенде, лицензиялық-келісімшарттық шарттар аясында ҒЗТКЖ-ға 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Сонымен қатар отандық және шетелдік ғылыми зерттеу ұйымдарымен тығыз байланыс орнатты. Бұдан бөлек, компания биыл еліміздегі алғашқы ғылыми-технологиялық хакатонға бастамашы болып, оны табысты өткізді. Форум қорытындысы бойынша тау-кен технологияларымен, экологиямен, байытумен және өнеркәсіптік цифрландырумен ұштасқан өндірістік мәселелерді шешуді көздейтін 4 негізгі жоба іріктелді», деді ол. Ал ERG бас директоры Серік Шахажанов инновациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында құрылған «ERG R&D» ғылыми зерттеу инжиниринг орталығының жұмысы туралы баяндады. Қазіргі уақытта орталық тарапынан экономикалық тиімділігі 150 млрд теңгеден асатын 48 жоба жүзеге асырылып отыр.
Жиын аясында стратегиялық сессиялар, дөңгелек үстел және брейнсторминг ұйымдастырылып, онда қатысушылар салық кодексіндегі өзгерістерді, халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды талқылады. Форум қорытындысында ғылым мен өнеркәсіп арасындағы үйлестіруді арттыру бойынша ұсыныстар әзірленді.