• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2015

Сұрқия саясаттан сағы сынбаған

430 рет
көрсетілді

АСТАНА. 17 маусым. Зымырап жатқан уақытты зерделі еткен әр кезеңнің өз зиялылары бар. Не болса да жұртыма болсын деген ниеттегі азаматтардың соңында ісі мен ізі қалатынын ұдайы көріп келеміз. Жақсылардың жүріп өткен жолы да – өнеге. Дегенмен, ақиқатын айту керек, елі үшін күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей өткен қаншама атпал азаматтар іздер-сұрары болмаса ұмыт қалады. Уақыт ұмыттырады. Қарбалас тіршіліктің тасасында небір тұлғалар қалып кетіп жатыр. Сондықтан да кейінгі ұрпақтың сауабы үшін Ермек Сауранбаев сынды кемел қазақты елі тағы еске алмақ. Алдымен туған жері тағзым еткелі отырған кейіпкеріміздің кім болғанын былай еске салуға болады. Кешегі Желтоқсан оқиғасында талай қазақтың ұл-қызы тақсірет тартты, жұмыстан қуылды, оқудан шықты. Қызмет атқарып отырған жандардың бірқатары қуғын-сүргін көрді. Солардың қатарында Ермек Сауранбаев та бар болатын. Сұрқия саясат сонау Мерке өңірін де айналып өтпепті. Меркеде «Кіші желтоқсан ұйымдастырды» деген жаламен қылмыстық іс қозғалып, Ерекеңе нар көтермес ауыр кінә тағылады. Ол кезде Ермек Сауранбаев Жамбыл облысы Мерке аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болатын. Орталық комитет ұсынған талай лауазымды қызметтен бас тартып, туған жерін өркендетемін деп келген жанға өз таныстарының, жағымпаз пенделердің тарапынан жабылған жала ол кісінің төрт жыл бойы сергелдеңге салды. Осылайша Сауранбай сопы мен «ақ періштелі апа» атанған Сейілбүбінің  тоғыз баланың ішінде жасы ұлғайғанда көрген ұлы бұл кезде  балаларымен Алматыдағы Горный Гигантта кәдімгі күрек саптап отырып, бақай есепті бұрынғы «жолдастары» мен шынайы  достары кімдер екеніне көз жеткізгені де, ойға шомғаны шындық. Әрине, бұл өмірдің бір сәті. Әйтпесе, жүрегі таза жаны ізгі, кісіге жаны ашығыш, ісі мен сөзі бір жердегі жауапкершілігі жоғары адам 5 жасында әкеден 7 жасында шешеден айырылғанда да жасымаған. Белі қатпай жатып ауыр еңбекке араласса да жұмыстан қашпаған. Қайта қарашаңырақтағы өзінен үлкенге көмекші, кішіге де қамқоршы болып, болар бала екенін титтей күнінен дәлелдеген адам ғой. Алайда, Ермек ағамыз ешқашан абыройсыз болып көрмеген. Бұл кісінің өмір жолы кеңес өкіметі тұсындағы өнегелі жандардың классикалық үлгісі. Мектепте тек беске оқып, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтының агрономия факультетін үздік аяқтаған ол қандай қызмет атқарса да білікті маман, саяси сауатты, зиялы, жұмысын жоспарлай алатын, ертеңін болжап отыратын ұйымдастырушы екенін көрсетті. Ермек Сауранбайұлы 1965 жылдан бастап Желтоқсан оқиғасының сергелдеңіне ұшырағанға дейін жоғары лауазымды қызметтер атқарады. Жамбыл облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Мойынқұм аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Қазақстан Орталық Партия Комитетінің ауылшаруашылық бөлімінің нұсқаушысы, Мерке аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Ал 1987-1993 жылдар Ермек ағамыз үшін қанша қиын болса да, Алматы облыстық штат басқармасының экономисі, Қазақстан Мемлекеттік ауылшаруашылық институтының аға ғылыми қызметкері, ҚР ауылшаруашылық кешені экономикалық ғылыми зерттеу институтының шығармашылық тобының жетекшісі болып, жұмыстан қалмаған, қол қусырып отырмаған. Өмірдің бір шындығы, адамның басына іс түскенде сол қиыншылықты жеңіп шығуға бірінші болып көмектесетін де, жігер беретін де, жақсы болса, алдымен – жары. Ерекеңнің өмірлік жолдасы Тұрсынкүл Әмірқұлқызы – Қазақстан халық ағарту ісінің озаты, екі қыз, үш ұлдың анасы. Ол кісі тумысынан мықты педагог екендігін дәлелдеген. Өнегені өз отбасынан бастаған Сауранбаевтардың барлық баласы мектепті Алтын медальге бітіріп қана қоймай, өмірде де жақсы тәрбие көрген абыройлы жандарға айналыпты. Осы арада бұл кісілерге жастайынан жолдас болған, бір отбасындай араласқан меркелік туысқан, достары Темірбек Қожакеев, Егізбай Қорғанбаев, Тоқтасын Таңатаров, Шайқы Ысқақбаев, Ақзат Бейсебаев, Қырғызбай Айнақұлов, Мұрат Тойбаев, Отжан Иманғожин сиякты азаматтар шынайы естеліктер қалдырған екен. «Ақиқат жолы» деп аталатын Ермек Сауранбаев жайлы кітапта Алматыда қырық жыл бойы ұстаздық еткен, химия пәнінен оқулықтар жазу ісіне араласқан білім беру ісінің үздігі Күлжахан Жексенбинаның жазған жолдары еріксіз назар аудартты: «Ерекеңді біз студент шағынан білетін едік. Адамдығы бір бөлек, мамандығы бойынша білімі өте жетік болды. Жұмыс десе жанын салатын. ЦК-да жүргенде Ерекеңе талай лауазымды қызметтер ұсынылғанын естіп жүрдік. Сонда сол қызметтердің ешқайсысына бармай, осы Меркеге келгендегі ойы еліме, туған жеріме қызмет етейін деген ғой. Желтоқсан оқиғасынын кейін Ерекеңнің де басына қара бұлт үйірілгенде ойладық: Апыр-ау, басқа жаққа барғанда мұндай көреалмаушылықа, жалаға кез келмес пе еді?!» деп. Бұл кісі уақытпен санасуды білмеуші еді, түн ортасына дейін жұмыс істейтін. Өзгелерді де солай жұмысқа жекті, тәртіп орнатамын деді. Соның бәрін естіп жаттық. Ерекеңді қызметінен ғана босатып қойған жоқ, орнынан кете салысымен үстінен қылмыстық іс қозғап, қудалаушылар темір тордың ар жағына тоғытқысы келді. Небір сорақы жалалар жабылды. Жары Тұрсынкүлді де жақсы білем ғой, төзіп бақты. Өмір бойы бала тәрбиесімен айналысқан, кісінің сабақты жібіне қызықпайтын, өзгенің ала жібін аттап көрмеген таза адамдар ғой. Сондай адамды ұры қылып көрсеткісі келген соң, не сорым?! Кезінде Ерекеңнің жары да осы жалаға қатты намыстанды. Жанына қатты батты. Бірақ, «Мен Ерекең үшін бәріне көнемін. Жаласына да, өсегіне де шыдаймын,  бірақ, азаматымның адал екеніне, ақталып шығатынына сенемін», деп ашуын ақылға жеңдіріп отырғанын көзіміз көрді. Ерекең де мойымай Алматыға келіп, Горный Гигантта қара жұмыс істей берді. Балалары да «ақсаусақ» болған жоқ. Үйдің де түздің де жұмысын істеуге үйретті. «Маңдай терлемей жеген нан тәтті болмайды» деп отыратын. Мен үшін де,  өзгелеріміз үшін де Ерекеңнің өмір жолы өнеге болды. Мақсатына жеткенше тоқтаған жоқ, жүрегі жұмсақ болса да жалаға шыдамай,  жігерленіп әділетсіздікпен күресті. Өзім мұғалім болған соң, барлық нәрсеге тәрбие тұрғысынан қарайтын адаммын. Кейін де мен өз оқушыларыма Ерекеңнің өмірін үлгі етіп айтып отырушы едім, – дейді республикаға танымал ұстаздарыдың бірі Күлжахан Жексембина. Міне, осылай елжанды азаматтар қаншама тауқымет тартып, тағдырдың түрлі сынына ұшыраса да адамгершілік қасиетімен қалады. Оларды жабылған жала, тағылған міннен құтқаратын да айналып келгенде сол адалдығы мен уақыт және сабыр. Ақиқатында да, Ермек Сауранбаев өзінің жақсы атын сақтап қалды. Қазір Мерке қаласындағы орталық көшелердің бірі Ермек Сауранбаевтың атымен аталады. Еңбекқорлыққа тәрбиелеудің, қиындықпен күресудің үлгісі, туған өлкесінің шежіресін жасаушы ретінде аты ұмытылмақ емес. Айнаш Есали. Дерек, сурет: egemen.kz.