АСТАНА. Кезінде футболдан Грузия ұлттық құрама командасы мен Киевтің «Динамо» және Италияның «Милан» клубтарында өнер көрсеткен Грузия Премьер-Министрінің орынбасары және Энергетика министрі Кахабер Каладзе Астана қаласында 29 қыркүйек пен 1 қазан аралығында өтетін X KAZENERGY Еуразиялық форумына қатысады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Каха Каладзе «Милан» командасының құрамында УЕФА чемпиондар лигасын екі рет жеңіп алған. Грузияның бес мәрте чемпионы. Оның Премьер-Министрінің орынбасары және Энергетика министрі болғанына көп уақыт өткен жоқ. Мемлекеттік қызметкер ретінде Каладзе елінің энергетика саласын дамытуға зор үлес қосып келеді.
«Энергетиканың жаңа көкжиегі: әріптестік пен инвестициялардың тың мүмкіндіктері» X KAZENERGY Еуразиялық форумы 10 жыл ішінде барлық энергетикалық өнеркәсіптер мен мұнай-газ саласының кәсіпорындарын біріктіретін беделді әрі ықпалды диалог алаңы болып қалыптасты. KAZENERGY Еуразиялық форумы Қазақстанның аса ірі салалық халықаралық шарасы болып саналады.
Форум бағдарламасында Халықаралық энергетикалық агенттік (IEA), Халықаралық жаңармалы энергия агенттігі (IRENA), Энергетикалық Хартия Хатшылығы, Дүниежүзілік мұнай кеңесі (WPC), Инженер-мұнайшылар қоғамы (SPE) және басқа да ұйымдардың сарапшыларымен бірлескен шаралар өткізу жоспарланып отыр.
Дастан Кенжалин.
Дерек, сурет: egemen.kz