Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасының алдына «Үкілі домбыра» мүсіндік композициясы орнатылды.
Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының бас ғимараты алдына қойылған өнер туындысының авторы – Суретшілер одағының мүшесі Ерғали Бекешев.
Ескерткіш кешен тот баспайтын асыл металдан жасалған. Мүсіндік композицияға Орал қаласындағы «Алтын Алма» компаниялар тобының директоры Александр Елькин демеушілік етіпті.
Орал қаласының көркіне көрік қосқан жаңа туындының ашылу салтанатына филармония директоры Бауыржан Халиолла, күйші Ермек Қазиев, «Байтақ» жасылдар партиясының Батыс Қазақстан облысы филиалының төрағасы Бақытжан Мұштанов, композициялық мүсін авторы Ерғали Бекешев қатысып, сөз сөйледі.
– Бүгін ерекше сәт, айтулы күн болып тұр. Өйткені Қадыр ағамыздың нақылға айналған «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзі бәрімізге таныс қой. Ендеше, домбыраға қойылған ескерткіш – ұлтымызға, ұлт өнеріне көрсетілген құрмет! – деді Ақ Жайық өңірінде жүрген халық домбырашыларының бүгінгі көзі тірі қариясы Ермек Қазиев.
Батыс Қазақстан облысы