1996 жылдың 30 қарашасында Қорғаныс министрлігі құрылымында заң қызметі құрылған еді. Сол кезден бері бұл күн жыл сайын Әскери заңгерлер күні ретінде атап өтіледі.
Кейін келе уақыт талабына сай әрі Қарулы күштердің дамуына орай әскери заң қызметі де өзгеріске ұшырап отырды. Ал 2004 жылы Заң департаменті құрылып, Қорғаныс министрлігінің дербес бөлінісіне айналды. Оның негізгі міндеті – Қарулы күштердегі заң қызметтері жұмысын үйлестіру.
Департамент заңгері, әділет майоры Алмат Смағұловтың айтуынша, кез келген заң қызметі секілді әскери саланың Заң департаменті де өз жұмысында ең алдымен, Ата заңды басшылыққа алады. Сонымен қатар заңдар, Президент пен Үкімет актілері, өзге де нормативтік-құқықтық актілерге сүйеніп қызметін жүргізеді.
«Әскери заң қызметі Қарулы күштердегі ұлттық заңнаманың сақталуына, сондай-ақ мемлекеттік саясатты іске асыруды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда ол Қарулы күштердегі өзіндік ішкі құрылымы бар біртұтас дербес орган ретінде жұмыс істейді, үйлестіру мен есеп беру қағидаларына негізделген», дейді ол.
Әскери заңгерлер қорғаныс және әскери қызмет саласындағы нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыруға, заңнамалық және заңға бағынышты актілер жобасын дайындауға белсенді атсалысады. Сонымен қатар әскери қызмет өткеру мен әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі құқықтық актілерді әзірлейді.
«Жалпы айтқанда, біз, заңгерлер, әскери саладағы құқықтық қатынастардың пайда болуынан бастап олардың сақталуы мен орындалуына дейінгі құқық нормаларын қалыптасырудың барлық кезеңіне тікелей араласамыз. Қарулы күштер қызметінің әр бағытында әрі басқару деңгейлерінің барлығында әскери заң қызметі мамандарының іс-әрекетін үйлестіреміз», дейді Алмат Ермекұлы.
Тарқатып айтар болсақ, Қорғаныс министрлігінің Заң департаменті саладағы заңнаманың сақталуын, әзірленіп жатқан құқықтық акті жобаларының қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін қамтамасыз ету, еліміздің заңдарындағы Қорғаныс министрлігінің құзыретіне кіретін мәселелерді түсіндіру, нормативтік-құқықтық актілерді, келісімшарттарды, процессуалдық құжаттар мен басқа да заңдық күші бар құжаттарды дайындау жұмысымен айналысады.
Сонымен қатар сот органдарында сала мүддесін қорғау да – әскери заңгердің басты міндетінің бірі. Күн сайын олар Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштер атынан сот отырыстарына қатысып, дауларды сотқа дейін реттеуге, ҚМ мекемелері мен әскери бөлімдері атынан талап-арыздарды енгізуге, тиісті негіз болған жағдайда қорғаныс саласы пайдасына шешілмеген сот актілеріне шағым түсіруге мұрындық болады.
Әділет майоры А.Смағұловтың айтуынша, 2015 жылдың қыркүйек айынан осы қызметке кіріскелі бері 9 жылдың ішінде түрлі жағдайды бастан өткерген. Әсіресе сот отырыстарында Қарулы күштердің мүддесін қорғау барысында әртүрлі жайттар орын алатынын айтады.
«Кейде сондай сәттерде қарсы тараптың уәжіне қарсы дәлел айтып, пікір таластырудан бөлек, өзіңнің ішкі эмоцияңмен де күресуге тура келеді. Кейбір отырыстар өте тартысты да қызу өтеді. Мұндайда артық ауыз сөз бен мінезді жиыстырып, барынша дәлелді әрі салмақты сөйлеуге тырысамыз», дейді ол.