Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында геологиялық саланы дамыту мәселесі қаралды. Сондай-ақ ауылдық мектептерді дамыту жайы да күн тәртібіне шықты.
Президенттің 2026 жылдан бастап геологиялық зерттеу алаңын 1,5 млн-нан 2 млн 200 мың шаршы шақырымға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет инвестициялық ахуалды жақсарту, жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіру және деректерді өңдеу үшін ЖИ технологияларын енгізу мақсатында жұмыс жүргізіп жатыр.
Қазірдің өзінде жер қойнауының зерттелген аумағы 2 млн шаршы шақырымға жеткізілді. Шетелдердің геологиялық қызметтерімен халықаралық ынтымақтастық шеңберінде Шығыс Қазақстанда минералдық ресурстардың болашағы зор кен орындарын бірлесіп іздеу жалғасып отыр. Алынған ақпарат Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасына жүктеледі. Барлығы «minerals.e-qazyna.kz» 66 мыңнан астам геологиялық есеп орналасқан.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бастапқы геологиялық ақпаратты цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады. Бүгінде 2,5 млн дерек цифрлық форматқа көшірілді. Бұл жұмыс жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы күшейтілді. Келесі жылдың соңына дейін 1,5 млн деректі цифрландыру жоспарланып отыр. 2026 жылдың соңына дейін барлық жұмыс аяқталуға тиіс.
Көмірсутек шикізаты саласында Жақсартылған модельдік келісімшарт тетігі енгізілді. Ол бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, күрделі кен орындарына инвестициялар тартуға жағдай жасауға бағытталған. Бүгінде жерде сирек кездесетін металдарға сұраныс жоғары болып отыр. Бұл орайда 12 учаскеде мемлекет қаржысы есебінен жүргізіліп жатқан іздестіру жұмыстары аяқталуға жақын. Әсіресе литийге деген сұраныс ерекше. Оны іздестіру жұмыстары Баянкөл өңірінің, Арал-Каспий аумағының маңында жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар биыл шамамен 1 млн шаршы шақырым аумақта пайдалы қатты қазбаларды барлау алаңдары ашылды. Бұл «Riotinto», «Fortescue», «Arras Minerals» сияқты және басқа да ірі халықаралық компанияларды тартуға мүмкіндік берді. Бірақ соған қарамастан елімізде кен өндіру деңгейі кеміп барады. Себебі қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек қорын іздестіру жұмысының қарқыны төмен.
Премьер-министр аталған бағыттағы жұмыстарға тың тәсілдер қажет екенін атап өтті. Қолда бар минералды-шикізат базасын ұтымды әрі тиімді пайдалану және жаңа кен орындарын игеру жөніндегі мемлекеттік саясаттың нақты іске асырылуын әзірлеу мен қамтамасыз ету қажет. Бүгінде өндірілген қазбалардың сарқылуы мен жоғары қоспалардың болуы байқалады. Бұл айтарлықтай қаражат тартуды және өндіру мен тазартудың жаңа технологияларын әзірлеуді талап етеді. Оған инвестиция тартуға нақты шаралар мен жеңілдіктер әзірлеу қажет.
Бұған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Ұлттық геологиялық қызмет тиісті қолдау мен өкілеттіктерді, сондай-ақ ғылыми-технологиялық инфрақұрылымды алуға тиіс. Бұл бағытта «Самұрық-Қазына» қорымен бірлескен жұмысты үйлестірудің маңызы көрсетілген.
Сондай-ақ заманауи технологияларды, оның ішінде жерүсті зерттеулеріне қажетті шығындарды азайтатын аэрогеофизикалық түсірілімді пайдалануға назар аударылды. Осыған байланысты 30 немесе одан да көп жыл бұрын алынған және қағаз форматында немесе пленкаларда сақталған геологиялық ақпаратты цифрландыру қажет. Сонымен қатар халықаралық қаржы ұйымдарына сертификатталған зертханалық растама қажет болады.
«Үкімет геологиялық барлауды қолдауға, инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасауға, ынталандырудың жаңа тетіктерін әзірлеуге және заңнаманы одан әрі жетілдіруге ерекше назар аударады. Біз ең алдымен, жерасты байлығымызды мемлекеттік компанияларға тапсыруымыз керек. Әуелі барлау жүргізіп, оны дамытып, игеріп, содан кейін инвестор тарту қажет. Сонда ғана оның құны өседі және мемлекет пайда көреді. Осы тетікті кеңінен қолдану керек», деді О.Бектенов.
Сонымен қатар Үкімет отырысында ауылдық мектептерді дамыту мәселелері қаралды. Елдегі мектептің 67%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Онда мектеп жасындағы балалардың шамамен 40%-ы білім алады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2022 жылдан бастап білім сапасын арттыру мақсатында «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы жүзеге асырылып жатқанын айтты. Қазіргі уақытта 135 білім беру мекемесі желісі құрылып, 4 665 заманауи жабдықталған кабинет жасалды. 2025 жылы жобаға тағы 56 ұйым қосылып, 1 935 кабинет жаңартылады.
Премьер-министр ауылдық жердегі мектептерді дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығының бірі екенін атап өтті. Мектептердің жағдайы ауылдың тағдыры мен халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді.
«Мемлекет басшысы ауыл мектебін дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде 2027 жылға дейін 180-ге жуық мектеп салу жоспарланған. Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қоса алғанда, 42 ауыл мектебі пайдалануға берілді. Кейінгі үш жылда ауылдарда 2,5 мыңға жуық мектеп жаңғыртылды. Оқыту жағдайларын жақсарту және жайлы орта құру мақсатында 800-ден аса мектепті қайта жаңарту жүргізілуде. Сондай-ақ ауыл мектептері үшін 4 мыңнан астам пән кабинеті сатып алынды», деді О.Бектенов.
Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне жыл соңына дейін өңірлерге Мектептерді қайта жаңартудың бірыңғай талаптарын ұсынуды тапсырды.
Ауылға білікті педагогтерді тарту мақсатында Үкімет тарапынан бірқатар ынталандыру шарасы жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, лауазымдық жалақыға 25% мөлшерінде қосымша ақы көзделген. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен келген педагогтерге көтерме жәрдемақы төленеді, сондай-ақ тұрғын үй сатып алуға немесе салуға тиімді несиелер беріледі.
Білім беру саласында жеке сектордың және қоғамдық қорлардың қатысуымен сәтті іске асырылып жатқан жобаларға ерекше назар аударылды. Мысалы, «Білім-инновация» қоры Алматы облысының 42 ауылдық мектебінде нақты пәндер бойынша білім сапасын арттыру жобасын іске асырды. Премьер-министр Ақтөбе облысында тірек және шағын жинақталған мектептерді жарақтандыру нәтижелеріне назар аударды – бұл мақсатқа «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 1 млрд 800 млн теңге бөлген.
Педагогтердің біліктілігін арттыру және заманауи ресурстармен жарақтандыру есебінен тірек мектептердің тәжірибелі мұғалімдері шағын комплектілі мектептердің оқушыларына сабақ береді. Нәтижесінде, тірек мектептер шағын мектептердегі білім деңгейін көтергені атап өтілді. Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, 2025 жылдың соңына дейін өңір әкімдерімен бірге Ақтөбе облысының тәжірибесі негізінде кемінде 200 тірек мектептер желісін құруды және шағын комплектілі мектептердің әлеуетін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Бүгінде үш ауысымда оқытатын мектептердің 57%-ы ауылдық жерде – көпшілігі Алматы және Түркістан облыстарында орналасқан. Апатты жағдайдағы мектептердің 76%-ы да ауылда. Олар негізінен Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында. Үкімет басшысы ауыл мен қала мектептерінің арасындағы оқыту сапасының, әсіресе математика, физика және шет тілдері бойынша біліктілігі жоғары мамандардың тапшылығынан туындаған алшақтықты қысқартудың маңызына назар аударды.
Премьер-министр Оқу-ағарту министрлігіне әкімдермен бірлесіп, ауыл мектебі мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ 2025 жылғы 1 қыркүйекке қарай шалғай өңірлерді ерекше назарға ала отырып, ауыл мектебін жылдамдығы жоғары интернетке қосуды аяқтау қажет. Өңір әкімдеріне әртүрлі үйірмелер мен секциялардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін 2025 жылдың қыркүйегіне дейін мектептен тыс ұйымдардың комьюнити-орталықтарын немесе филиалдарын ашуды аяқтау міндеттелді.