• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Парламент 04 Желтоқсан, 2024

Мәжілісте қыз алып қашу мәселесі көтерілді

63 рет
көрсетілді

Мәжіліс отырысында «Мәдениет туралы заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қарау барысында депутаттар қыз алып қашу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат Мұрат Әбенов елімізде  белең алып жатырған қыз алып қашу мәселесіне Мәдениет және ақпарат министрлігі назар аудармай отырғанын айтты.

«Астанадағы университеттің студенттері маған алып қашқан қызды  мәжбүрлеп қолхат жаздырып жатырған бейнероликті көрсетті. Ал мәдениет саласы  осындай құқықбұзушылықты насихаттап отыр.  Мысалы әншілер «Алып қашам мейлі олай қалама, келін қылам сені қалай да анама»,  «Көресің менің үйіме барасың, басыңа аппақ орамал тағасың! Көндірем, көнесің, қыз болып келесің — келін болып қаласың», деп ән шырқап жүр. Меніңше, мұндай дәріптеулерге заңмен тыйым салу керек. Мен қыз алып қашуға бөлек нормалар енгізуді ұсынамын», деді Мұрат Әбенов.

Депутаттар сонымен қатар  Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда еліміздегі қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндердің әрекетіне біржола тосқауыл керектігін айтқанын, алайда бұл тапсырманың  әлі күнге дейін орындалмағанын алға тартты. 

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қыздың тауар немесе  жеке зат емес екендігін, мәселенің өзегін тереңнен, тәрбие беруден бастау қажет екенін айтты.

«Бәріміз де қыз өсіріп отырмыз. Қаракөз  қыздарын қорғай алмаған мемлекеттің де болашағы болмайды. Сондықтан ұлдарға кішкене күнінен білім ордаларында, балабақшаларда, отбасында қызды құрметтеуді үйретуіміз керек», деді ол.

Екі депутат та мәселені күн тәртібіне енгізіп, заңнамалық тұрғыда қарастыруды ұсынды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл мәселе алдағы отырыстарда бөлек тақырып ретінде қарастырылатынын мәлімдеді.