Бүгін Астанада KAZENERGY қауымдастығының Төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің басшылығымен Қауымдастық Кеңесінің 41-ші отырысы өтті. Кеңес мүшелері 2024 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындыларын, негізгі жетістіктерді, құрылымдық өзгерістерді және алдағы жылға арналған жоспарларды талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кеңес отырысында Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген мұнай-газ және электр энергетикасы секторларын дамытуға бағытталған міндеттерге басты назар аударылды.
KAZENERGY Бас директоры Жандос Нұрмағанбетов Қауымдастықтың ағымдағы жыл ішінде атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарлар жайында айтып берді.
«2024 жылғы жетістіктер арасында ҚР Үкіметінің қолдауымен және ҚР Парламентінің жұмыс комитеттеріне белсенді қатысу арқылы бірқатар салалық мәселелер оңтайлы шешімін тапты. «ЭНЕРГИЯ» талдау орталығы құрылды, ол EXia платформасының көмегімен отын-энергетикалық кешен үшін талдамалық сараптама жасаудың негізгі көзіне айналды.Заңнамалық базаны жетілдіру жөніндегі жұмыс шеңберінде Қауымдастық сарапшылары ҚР Парламентінің жұмыс топтарының 30-дан астам отырысына қатысты. Бұл геологиялық барлауға салынатын инвестициялардың артуына ықпал етеді және инвестиция көлемі 15 млрд АҚШ долларынан асатын мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың Жол картасын бекітуге мүмкіндік берді. Мұның нәтижесінде 20 мың жұмыс орны ашылып, 2030 жылға қарай өндіріс көлемі екі есеге артатын болады», деді Жандос Нұрмағанбетов.
Халықаралық аренада KAZENERGY Астанада 2028 жылы Дүниежүзілік мұнай конгресін өткізу құқығына қол жеткізді. Келесі жылдан бастап энергетика мен мұнай-газ саласының әлемдік көшбасшыларының қатысуымен өтетін осынау жаһандық жиынға дайындық жұмыстары басталады.
Сонымен қатар отырыста ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз», «Теңізшевройл» және ExxonMobil Kazakhstan компанияларының өкілдері сөз сөйледі.
Іс-шара соңында Қауымдастықтың дәстүрлі Ұлттық энергетикалық баяндамасының жеңілдетілген KAZENERGY Outlook 2024 нұсқасының алғашқы шығарылымы таныстырылды.