Еңбекшіқазақ ауданында жылдам шахматтан Алматы облысы кубогінің финалдық кезеңі өтті. Жарысқа облыстың барлық аудандары, Қонаев, Алатау қалаларының ойыншылары қатысты. Шахматшылар 6 мен 70 жас аралығындағы 8 жас санаты бойынша бәсекеге түсті. Өткен жылғы кубок жеңімпаздары да жарыстан тыс қалмады.
Жарыс швейцариялық рапид жүйесінде 9 турдан тұрды. Ойын уақыты алғашқы жүрістен бастап 10 минут 5 секундқа жалғасады. Жеңімпаздар барлық турларда жинаған ұпайларының көрсеткішіне қарай анықталды. Жарыс мақсаты – облыстың барлық елді мекендеріндегі түрлі жастағы шахмат әуесқойларының қызығушылығын арттырып, ойыншылардың кәсіби деңгейін көтеру, біліктілік нормаларын орындау, облыс құрамасының сапына кіл мықтыны іріктеу.
«Шахмат ойыны баланың ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі. Өйткені бұл – логикалық ойын. Ойын барысында жаңа комбинацияға негізделген қадамдар ойлап табылады. Яғни интеллектуалдық қабілеттілікті арттыруда таптырмас спорт түрі. Ата-аналар да баласын ерте жастан дамытуға көңіл бөледі. Басты мақсатымыз – шахматты барлық елді мекендерде танымал ету. Сондықтан кезекті жарысты шалғай жақтағы ауылдарда өткізуге тырыстық. Облысымызда бұл спорт түрі жоғары деңгейде дамып келеді», – дейді Алматы облыстық шахмат федерациясының президенті Сәрсенғали Жанқуатов.
Жарыс барысында балалар келесі жылы еліміздің түрлі қалаларында өтетін жылдам шахматтан Қазақстан кубогіне қатысу үшін іріктеуден өту мүмкіндігіне ие болды. Жалпы, Алматы облысы кубогінің финалдық кезеңі тартысты өтті. Командалық есепте 1-орынды Талғар ауданы, 2-орынды Қарасай ауданы, 3-орынды Еңбекшіқазақ ауданы иеленді. Өз жас санаттарында Әсия Абдухамид, Дәулет Дәрменияр, Әмір Абдухамид, Нұрия Бұланбаева, Сұлтан Тойбол, Алтынай Алтынбек, Дінмұхамед Мелс, Кәмила Шәкенова, Диас Тойбол, Мәдина Қадыр, Заманбек Ермеков чемпион атанды.
Алматы облысы