«Тәуелсіз Қазақстан тарихында ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен азаматтар аз емес. Заманбек Қалабайұлы – осындай тұғырлы тұлғалардың бірі. Ол егемендіктің алғашқы кезеңінде көптеген жауапты қызметті абыроймен атқарды. Мемлекетімізді нығайтуға айрықша атсалысып, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосқаны даусыз», деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына орай туған жерінде тұғырлы ескерткіш орнатуды, Алматыдағы тұрған үйінде ескерткіш-тақта ашуды тапсырған еді.
Апта басында аудан орталығы Кеген ауылында ұлт қайраткерінің есімі ұлықталып, тау тұлғаның еңселі ескерткіш-бюсті тұғырға қонды. Биылғы оқу жылының басында осы аумақта орналасқан Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілген еді. Өңірдің өнерлі ұландарының қанатын қатайтып, буынын бекітетін сәулетті ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, есігін айқара ашса, енді, міне, жас ұрпақтың рухын асқақтатып, ел мүддесіне қызмет етер патриот болып қалыптасуына ықпал ететін алып тұлғаның тас мүсіні бой көтерді. Бұл жаңалыққа жиылған жұрттың қарасы қалың болды. Салтанатты іс-шараға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен отбасы мүшелері қатысып, тәуелсіз еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің ерен еңбегі мен дара болмысы туралы толғақты әңгімелердің тиегін ағытты.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов қайраткердің ел дамуына қосқан зор үлесін атап өтіп, оның еңбегінің ұлт тарихында мәңгі сақталатынын жеткізді.
«Бұл ескерткіш – халқымыздың қайраткерге деген шынайы құрметінің белгісі. Ұлт жанашыры ретінде Заманбек Нұрқаділов ел егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосты. Осындай тұлғалардың еңбегін ұрпаққа мұра ету – ортақ парызымыз. Сондай-ақ биіктігі 4,5 метр болатын бұл туындының авторлары Айдос Бүркітбаев пен Тимур Нұрмұхаметовке алғысымызды білдіреміз», деді облыс әкімінің орынбасары.
Өз кезегінде қоғам қайраткерлері Тоққожа Естенов пен Болат Нұрғазиев қиын-қыстау шақта елдің еңсе тіктеуіне күш салған саңлақ саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған шағында қала жағалаған қазақ баласының алып шаһарда шаңырақ көтеріп, баспаналы болуына жасаған қамқорлығы мен іскерлігін, ұлтқа жасаған жақсылығын жіпке тізгендей атап өтті.
Ал ұлы Қайрат Нұрқаділов болса, әкесінің есімін жаңғыртып, 80 жас мерейтойында еңселі ескерткіш-бюстің орнатылуын тікелей тапсырған Мемлекет басшысына, қолдау білдірген туыс-туғандары мен бұқараға ризашылығын білдірді.
«Қатал уақыт пендесін көзден жасырғанмен, оның қоғам игілігіне сіңірген еңбегін жасырып қала алмайды. Оның дәлелі бүгінгі бюстің ашылуы – Заманбек Қалабайұлының тарихтағы таусылмас ғұмыры, жығылмас тұғыры», деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Бекжан Тұрыс.
Заңғар тұлға ескерткішінің ашылу салтанатында жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова бастап, ауыл әжелері қостап шашу шашты. Өр мінезді ұлт перзентінің таудай тұлғасына бас иіп, тағзым еткен қонақтар мен аудан жұртшылығы алқызыл гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты іс-шараға қатысқан қауымға Заманбек Нұрқаділовтің өмірі мен қызметі туралы «Не только о себе» атты кітаптың 300 данасы таратылды. Сондай-ақ қоғам қайраткерінің рухына бағышталып Құран оқылып, ас берілді.
Алматы облысы,
Кеген ауданы