• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 06 Желтоқсан, 2024

Табысты жобаның ауқымы кеңейеді

106 рет
көрсетілді

Жуырда Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ауыл мектептерінде білім сапасын көтеру мақсатында қолға алынған іс-шараларға тоқталды. Бүгінде осы бағытта аймақтарда шағын жобаларды қамтитын «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы жүзеге асып отыр.

Былтыр Ақтөбе облысында Оқу-ағарту министрлігінің, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының және Білімді тұрақты дамыту қолдауымен цифрлық технологияларды пайдалана отырып, ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру жөніндегі жоба табысты іске асты. Жобаға 12 тірек, 134 шағын жинақты мектеппен бірге 11 мыңнан астам бі лім алушы мен 3,5 мыңға жуық педагог қатысты. Оған қатысқан мектеп басшылары мен мұғалімдер цифрлық құзыреттілік пен кәсіби дамуға бағытталған арнайы курстардан өтті. Шағын жинақты мектептердің техникалық мүмкіндігіне қарай оқытудың 4 үлгісі әзірленіп енгізілді.

«Жоба аясында тірек мектептерінің мате­риалдық-техникалық базасы толығымен жа­ңар­тылып, шағын жинақты мектептер пәндік және цифрлық кабинеттермен жабдықталды. Мектептер жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етілді», деді Ғ. Бейсембаев.

Айталық, жоба шеңберінде «Қазақстан хал­қына» қоғамдық қоры барлығы 134 ша­ғын жинақты мектепті заманауи құрал-жаб­дық­пен, соның ішінде онлайн-оқыту және ғылыми қызметке арналған кабинеттермен жарақ­­­тандыруға 1,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлген.

Бүгінде еліміздегі барлық мектептің 70 па­йыз­дан астамы (5 245) ауылдық жерде, оның жа­ры­мы шағын жинақты мектеп санатына жа­та­ды (2 564 мектеп). Бір жағынан шағын жинақ­ты мектептердегі білім сапасына білікті маман­дар­дың жетіспеушілігі ғана емес, бұған ескір­ген материалдық-техникалық базасы да әсер етеді.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бас­қарма төрағасы Болат Жәмішев қор құ­рыл­ғаннан бастап білім саласындағы қайы­рым­дылық жобаларды қолдауға ерекше мән берілгенін жеткізді.

«Уәкілетті органдармен жағдайды бір­лесіп зерделеу, серіктес қорларымызбен талқылау «Қазақ­стан халқына» қоры шешуге қатыса алатын өзекті мәселелердің бірі – ауылда білімді дамыту екенін көрсетті. Сондықтан біздің қайырымдылық жобамыз «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» ҚҚ, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ, өңірлік әкімдіктерімен және басқа серіктестермен іске асырған «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» елдік бастамасы болды. 2022 жылдан бергі екі кезеңде қор еліміздің 17 өңірінде 135 тірек мектепті жарақтандыруға 33.5 млрд теңге жұмсады. Келесі жылы біз тағы 56 мектепті қамти отырып, жобаны аяқтаймыз», деді ол.

Б.Жәмішевтің айтуынша, «Ақтөбе облы­сы­ның шағын жинақты ауыл мектептері­нің әле­уетін дамыту» жобасы «Ауылдық жердегі тірек мек­тептерінің әлеуетін дамыту» жобасының жал­ғасы болмақ. Сонымен қатар аталған қор осындай мектептер саны көп Қостанай, Ақмо­ла және Солтүстік Қазақстан облыстарына да ж­о­ба­ны енгізуге қолдау көрсетеді.

Мәселен, биыл жобаға Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 10 тірек және 30 шағын жинақты мектеп тартылып отыр. Ал 2025 жылдың қаңтарынан бастап бұл жобаға 17 өңірдің 192 тірек және 759 шағын жинақты мектебі қатысады. Ал үшінші кезеңде осы жобаға қалған шағын жинақты мектептердің барлығы қамтылады.