Таиландтың Чиангмай қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының әйелдер арасындағы финалдық кездесулері өтті. Бұл біріншіліктің бір ерекшелігі – әйелдер алғаш рет дулығасыз жұдырықтасты. Бес бірдей боксшымыз финалға шығып, алтын медаль үшін бақ сынады. Нәтижесінде, бесеуі де жеңіске жетті. Сөйтіп, боксшы қыздарымыз дүбірлі додадан 5 алтын, 5 қола медаль олжалап, жалпы командалық есепте көш бастады.
Қоржынымызға алғашқы алтынды 60 салмақта Қытай боксшысы Гияндж Лиге қарсы сайысқа түскен Виктория Графеева салды. Қапталдағы бес төреші де жерлесіміздің үстем түскеніне шек келтірген жоқ. Ересектер дуына жаңа қосылғанына қарамастан қайсар мінез танытқан боксшы жанкүйерлеріне ризашылығын жеткізді.
«Мен үшін бұл дода асқар асу, үлкен сын іспетті. Ересектер сапына қосылғаныма көп бола қойған жоқ. Үнемі қолдау көрсеткен жанкүйерлерге, Бокс федерациясының басшылығына, ұлттық құраманың бас бапкері бастаған ұжымға алғысымды айтамын. Өзіме артылған сенімді зор жауапкершілік деп қабылдадым, еліміздің көк туын әрқашанда желбіреткім келеді», деді В.Графеева.
Еншімізге бұйырған екінші алтын медальды Аида Әбікеева иеленді. 63 кг салмақ дәрежесінде Вьетнам елінің өкілі Лин Ха Аиданың айбынына төтеп бере алмады. Париж жазғы Олимпиадасының дуын көрген тәжірибелі Ха үздіксіз шабуылдаймын деп жүріп маңдайын тасқа соқты. Жерлесіміз өзінен тәжірибелі қарсыласының екпінінен ыққан жоқ, керісінше шабуылын соққымен тойтарып, сәтті қорғана білді. Айқастан кейін пікір білдірген Аида вьетнамдық боксшының физикалық дайындығы әлсіз болғанын атап өтті.
70 кг салмақ дәрежесінде Наталья Богданова жергілікті спортшы Байсон Маниконнан басым түсіп, Азия чемпионы атанды. «Зал толы жанкүйерлердің кешенді жаңғыртқан қиқуы бапкерлердің нұсқауын көміп кетіп жатты. Дегенмен еш абыржымадым, айқас алдында құрған тактикалық жоспарды мүлтіксіз орындап шықтым. 2-раундта екінші тынысым ашылғандай күй кештім. Еліміздің әнұранын шырқатып, көк туымызды желбірететініме сенімді болдым, үмітім ақталды», деді Н.Богданова.
81 кг салмақтың финалдық жекпе-жегінде Гүлсая Ержан украиналық Карине Айрапетянды айқын жеңді. Тартыстан кейін жерлесіміз айқасты мерзімінен бұрын аяқтап, қарсыласын сұлатып түсіруді көздегенін айтты. «Айрапетян анау айтқандай тегеурінді боксшы емес, десе де қобалжыдым. Өйткені қалың жанкүйердің маған зор сенім артқанын, алтын медаль олжалайтыныма шүбәсіз сенгенін терең сезіндім», деді Г.Ержан.
Елдана Тәліпова (81 кг салмақтан жоғары) үшін де Азия чемпионаты сәтті аяқталды. Финалдық тартыста өзбекстандық Олтиной Сотимбоевадан басым түсті.
Жартылай финалда сүрінген Әйгерім Сәттібаева (48 кг), Жазира Орақбаева (52 кг), Ұлжан Сәрсенбек (57 кг), Милана Сафронова (66 кг), Диана Мағауияева (75 кг) қола жүлдегер атанды.
Әйелдер құрамасының бас бапкері лауазымына биыл сәуір айында тағайындалған Елдос Сайдалин бастаған ұжымның еңбегі ақталды. Ересектер құрамасына басшылық етудің жауапкершілігі де жоғары. Өзіне жүктелген міндетті, артылған сенімге селкеу түсірмеді. «Қыздардың қарымы қаншалықты екенін Таиланд корольдігінің төріне құрылған ринг айқындайды» деп еді бас бапкер елден аттанарда. Шәкірттері үмітті ақтайды. Бұрымды боксшыларымыз Азия чемпионатынан 5 алтын, 5 қола медаль еншілеп, құрлық аламанының үздігі атанды. Ерлер арасындағы финалдық айқас бүгін өтеді. Тоғыз оғланнан да орасан олжа күтеміз.