Әдетте «жауырды жаба тоқитын» жұмсақтығымен танылған Статистика комитеті бұл жолы ащы шындықты мо-йындауға мәжбүр болған сыңайлы. Ресми цифрлардан анық белгілі болғанындай, елімізде өткен жылдың ақпан айы мен биылғы жылдың ақпан айының аралығында азық-түлік бағасы негізінен 10 пайызға, жекелеген азық-түлік түрлері бойынша 30 пайызға дейін қымбаттапты. Мәселен, өткен жылдың ақпан айынан бері кофе мен шайдың бағасы 29,3 пайызға өссе, жарма өнімдерінің бағасы 26,2 пайызға қымбаттаған. Ең өкініштісі, көп балалы отбасылардың тіршілік тірегі – нан бағасы 13,1 пайызға қымбаттап, кәдімгі бірінші сортты бидай ұнынан пісірілген бір бөлке нанның бағасы 125 теңгеден асып жығылыпты.
Жақында Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева еліміздегі азық-түлік және дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттауына тосқауыл қою қажеттігін атап көрсетті. Аграрлық секторға мемлекет тарапынан үнемі аса қомақты қаржылық қолдау көрсетіліп келе жатқанына қарамастан, ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы үсті-үстіне қымбаттауда. Құйылған қаржының ешбір қайтарымы жоқ. Фармацевтика саласындағы жағдай да осындай, деген өкінішін білдірді сенатор.
Иә, елімізде нарықтық қатынастардың жұмыс істей бастағанына ширек ғасырдан асса да, өркениетті экономикалық заңдылықтар жұмыс істемейді. Барлық деңгейдегі сауда орындары алыпсатар делдалдардың иелігіне берілген. Бәсекелестік ортаның қалыптасуына жасанды кедергілер жол бермейді. Тауар өндіруші тұтынушының сұранысынан да, өз тауарының базардағы нарқынан да бейхабар. Экономиканың тынысын тарылтатын «жабайы капитализмнің» осындай келеңсіздіктері үстемдік құрып тұрғанда, ешқашан баға арзандамайды. «Ашынғаннан шығады ащы дауысың» дегендей, мұндай үзілді-кесілді тұжырым жасауымызға еліміздің экономикасындағы барлық қатынастарды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап отырған лоббистердің жымысқылығы себеп болып отыр. Жақында газетімізде жарық көрген бір мақалада тежеусіз кеткен бағаны бағындырудың бір жолы ретінде «өнім өндірушілердің өз тауарларын тұтынушыға тікелей жеткізуі үшін жан-жақты жағдай жасалуы керектігі» туралы мәселе көтерілді. Әрине, ауыл шаруашылығындағы егіншілер, бағбандар, мал өсірушілер өз өнімдерін тұтынушыға тікелей сататын болса, баға да әділетті, сапа да жоғары болар еді. Әттең, оған әртүрлі деңгейдегі лауазымды қызметтерде отырған лоббистер жол бермейді. Бірер мысал…
Осыдан тура 10-15 жыл бұрын да нақ осы мәселе күн тәртібіне өткір қойылып, ауыл шаруашылығындағы тауар өндірушілердің өз өнімдерін қаладағы тұтынушыға ешбір делдалсыз тікелей өткізуі үшін жағдай жасау қолға алынды. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында барлық облыс орталықтарында, оның ішінде Астана қаласында «Шапағат», «Әсем» сияқты коммуналдық сауда орталықтары ашылды. Алғашқы кезеңде шындығында да, ауылдан келген қарапайым тауар өндірушілер осы коммуналдық орталықтардан сауда сөрелері мен орындарды арзан бағаға жалға алып, өз тауарларын өткізе бастады. Өздері белгілеген бағаға өнімдерін сатып, ауылдық тауар өндірушілер мәз болса, арзан әрі сапалы азық-түлік тауарларына қолы жеткен қалалық тұтынушылар да риза болды. Бірақ бұл «батпан құйрықтың» өмірі ұзаққа бармады. Бәсекелестік ортада бағаның уыстарынан шығып кететінін түсінген алыпсатарлар жергілікті биліктегі «крышаларына» шағымданды. Олар әртүрлі кедергілерді ойлап тауып, ауылдық тауар өндірушілердің өз өнімдерін тұтынушыға тікелей сататын мүмкіндіктерін шектеді. Қазір бұл коммуналдық сауда орталықтарының аты да, заты да өзгерген.
Екінші бір мысал. Осыдан біраз жыл бұрын ел Үкіметі «2009-2015 жылдары Қазақстан Республикасындағы мұнай өңдеу зауыттарын дамытудың кешенді жоспарын» қабылдаған болатын. Қыруар қаржы бөлініп, нақты зерттеулер нәтижесінде белгіленген бұл жоспар бойынша, 2015 жылы елімізде мұнай өңдеу көлемі 18 млн тоннаға жеткізіліп, «Еуро-4» және «Еуро-5» стандартына сәйкес келетін сапалы бензинмен еліміздің сұранысын толық қанағаттандыратын болған. Міне, қазір 2017 жылдың алғашқы тоқсаны да аяқталып қалды, «баяғы жартас – бір жартас». Еліміздегі жанар-жағармай тапшылығы да жойылар емес, шарықтаған бағасы да тоқтар емес. Осы ретте көптен бері талас тудырып келе жатқан төртінші мұнай өңдеу зауытын салмаған күннің өзінде, осы аталмыш жоспарды жүзеге асыруға не кедергі болды? Жауап – біреу. Елімізде «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай» қаптаған жанар-жағармай стансаларының мол табысынан «жонып жеп» отырған билік тармақтарындағы «көкелер» бұл жоспарды жүзеге асыруға мүдделі емес. Ендеше, қолдан жасалған қымбатшылықты ауыздықтаудың да ауылы алыстау сияқты…
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»