Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Зерделі» мектептері мен орталықтарының «10 жылда жарық көрген 100 кітабы» таныстырылды. Оған Парламент депутаттары, Оқу-ағарту министрлігінің мамандары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Биыл «Зерделі» орталықтары мен мектептер желісінің құрылғанына 10 жыл толды. Осы аралықта Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарда 7 мектеп, 48 орталық ашылған. Оның негізін қалаушы, үздік педагог – Ырысбек Мәуіт. Оның айтуынша, қазір бұл мектептер мен орталықтарда 20 мыңнан аса оқушы білім алып, 1 200 мұғалім еңбек етеді.
«Менің мақсатым – балаларға математика мен IT және ағылшын тілін тереңдетіп оқытып, қазақ тілінде білім беріп, ұлттық тәрбиені бойға сіңіретін «үздік 50 мектеп ашу». Әсіресе Назарбаев зияткерлік мектебі сынды үздіктерге ашық бәсеке орнатып, білім саласының дамуына үлесімді қоссам деймін», деді ол.
Сондай-ақ «Зерделінің» негізгі қызметінің бірі – авторлық оқулықтар шығару. Осы бағытта «Зерделі» баспасы құрылған. Бүгінге дейін аталған баспадан жүзге жуық авторлық жинақ жарық көрді. Кітаптар мазмұны бойынша математика, жаратылыстану, тарих және қазақ, орыс, ағылшын тілі пәндеріне топтастырылған. Бұл еңбектер оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытып, оларды олимпиадаға әзірлеп, жоғары оқу орындарына түсуге дайындайды.
Іс-шара барысында қадірлі қонақтар «Зерделі» білім ұйымдарының он жыл ішінде қол жеткізген жетістіктері туралы жылы лебіздерін білдірді. «10 жылда жарық көрген 100 кітаптың» лентасын қиды. Сонымен бірге мазмұнды шара соңында «Зерделі» мектептерінде қызмет істейтін 35 педагогке Сингапурға тәжірибе алмасуға сертификат табыс етілді.