13 желтоқсан күні Астана мен Бурабайды байланыстыратын жаңа брендтік пойыз іске қосылады, деп жазады Egemen.kz.
Жаңа туристік пойыз - Астана, Ақмола облысы әкімдіктерінің және «Жолаушылар тасымалы» АҚ бірлескен жобасы.
Пойыз вагондары еліміздегі ЗИКСТО зауытында шығарылған. Вагондардың ішінде заманауи кондиционер жүйесі, лифт және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындар, сондай-ақ қоршаған ортаға аз әсер ететін экологиялық таза дәретхана бар.
Пойыз Нұрлы Жол (Астана) станциялары мен Бурабай курорты арасында тоқтаусыз жүретін болады. Жол жүру уақыты 2 сағат 26 минутты құрайды. Ал билет құны Нұрлы Жол станциясынан – 2770 теңге, Астана станциясынан - 2548 теңге.
«Пойызды іске қосу үшін вагондардың бірегей дизайны жасалды. Сыртқы безендіруге Бәйтерек, Қазақ елі монументі, Нұр-Әлем мұражайы және Щучье-Бурабай курорттық аймағының көркем пейзаждары сияқты Астана мен Бурабайдың көрнекті жерлерінің бейнелері кіреді. Сондай-ақ вагондарда Visit Astana және Visit Aqmola өңірлерінің туристік брендтері орналастырылған. Вагондардың ішкі безендірілуі Астана қаласының мәдени ерекшеліктерін және курорттың табиғи сұлулығын көрсетеді», делінген Астана қаласы әкімдігінің хабарламасында.
Пойыздың тағы бір ерекшелігі - эксклюзивті аудио тур. Сапар барысында жолаушылар Астана мен Бурабайдың тарихы, мәдениеті мен табиғи байлығы туралы қызық фактілерді біле алады.